Аяқкиімді таңбалау неліктен кейінге шегерілді

2499

Оның мерзімі осы жылдың 1 шілдесінен 1 қарашаға ауыстырылды. 

Аяқкиімді таңбалау неліктен кейінге шегерілді

Аяқкиімді міндетті цифрлық таңбалау 2021 жылдың шілдесінде енгізіледі деп жоспарланған болатын. Алайда импорттаушылардың көбі күз-қыс маусымына арналған тауарларға шетелдік өндірушілерден алдын ала жарты жылға ертерек тапсырыс береді. Сондықтан көктемде тапсырыс берілген таңбаланбаған аяқкиімдер 1 шілдеге дейін Қазақстан шекарасынан өтпей қалу мүмкін деген қауіп туындаған, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

"Енді нарықта жаңа нормаларға мұқият дайындалу үшін тағы бес ай және таңбаланбаған тауарлардың қалдықтарын сату үшін бір жылдан астам уақыт бар. Бизнес үшін тәулік бойы цифрлық таңбалау бойынша жедел желі жұмыс істейді. Цифрлық экономиканы дамыту орталығы үнемі мамандандырылған вебинарлар өткізеді, сала өкілдеріне жеке кеңестер береді. Аяқкиімді цифрлық таңбалау туралы пайдалы ақпарат markirovka.kz порталында бар. Сондықтан әрбір кәсіпкердің нарықтағы жұмыстың жаңа ережелеріне мұқият дайындалу мүмкіндігі мен уақыты жеткілікті", – дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева.

Мұндай шешім сала өкілдерімен болған кеңестің қорытындысы бойынша қабылданған.

Осылайша, 2021 жылғы 1 қарашадан бастап таңбаланбаған аяқкиімді өндіруге және ел аумағына әкелуге тыйым салынады. Ал бөлшек сауда өкілдері таңбаланбаған тауар қалдықтарын 2022 жылдың 1 қарашасына дейін сатып үлгеруі керек.

Тауарларды цифрлық таңбалау – ЕАЭО деңгейінде жүзеге асырылатын ұлтаралық жоба. Аяқ­киім саласы елімізде міндетті цифрлық таңбалау енгізілетін алғашқы салалардың бірі. Мұндай шешім нарықтағы контрафакті деңгейін ескере отырып қабылданды. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, аяқкиімнің "көлеңкелі" нарығы жалпы көлемнің шамамен 48,5 пайызына тең. Аяқкиімнің цифрлық таңбалануы нарықты "ағартуға" және оны контрафактіден тазартуға ықпал етеді. Сонымен қатар аталған шара қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді. Naqty Onim мобильді қосымшасы арқылы тұтынушылар таңбаланған тауардың түпнұсқалығын оңай тексере алады.

Бүгінгі таңда елімізде сүт өнімдерін цифрлы таңбалауды енгізудің қанатқақты жобасы жүзеге асырылуда. Оған отандық 7 өндіруші қатысып жатыр. Яғни кәсіпорындарда өнімді таңбалау процесі сынақтан өткізілуде. Жоба шеңберінде жабдыққа арналған шығындарға есептеу жүргізілген екен. Атап айтқанда, бір желі үшін таңбалау жабдықтарының құны кәсіпорын мен өнімнің көлеміне байланысты 0,5 млн теңгеден 9,2 млн теңгеге дейін өзгеріп отырады.

"Мұндағы негізгі әңгіме кез келген жағдайда мерзімді түрде жүргізіліп отыратын өндірістік желілерді жаңғырту жайында болып отыр. Бұл жағдайда компаниялар қаптамаға цифрлы таңбалау кодын қолдануға мүмкіндік беретін жабдықты сатып алуы қажет. Яғни қосымша жабдықты сатып алу өнімнің түпкілікті құнының қымбаттауына әкелетіні шарт емес. Өнімнің түпкілікті бағасындағы жабдық шығындарының үлесі әдетте 0,06-0,15 пайызды ғана құрайды. Бөлшек сауда бағасына әсер ететін факторлар көп. Соңғы 5 жылда сүт өнімдері құнының орташа жылдық өсу қарқыны таңбалаусыз-ақ 6 пайыздан 13 пайызға дейін өзгерді. Бұл бағаның тұрақты өсу тенденциясын айқындайды. Сондықтан тауарларды таңбалау мен қадағалауды енгізу өнімнің түпкілікті құнына айтарлықтай әсер етпейді. Керісінше, бұл жерде тұтынушы тарапынан өнімнің шығарылуына және жарамдылық мерзіміне қатысты сенімділік пайда болады. Осының өзі үлкен табыс", – дейді Цифрлы экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры Олжас Бектұров.

Сондай-ақ сүт өнімдерін өндірушілер үшін таңбалау жабдықтарына және кодтарға тапсырыс беруге жұмсалатын шығындардың 50 пайызына дейін өтемақыны қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шаралары көзделген. Шағын өндіріске арналған тағы бір жол бар. Ол – өндірістік желіге таңбалау кодтарын енгізетін жабдықтарды орнатпай, кодты баспахана арқылы орнатуға тапсырыс беру. Бұл жағдайда таңбалау шығындары тағы 2,5-4 есе азаяды.

Бөлшек сауда нүктелері Data Matrix кодымен белгіленген өнімдерді сканерлеу үшін 2D сканерлерімен жабдықталған. Өткен жылы темекі өнімдеріне міндетті цифрлы таңбалау енгізіліп, олар таңбаланған өнімдермен жұмыс істеуде. Бұл ретте таңбалауды енгізудің бастапқы кезеңіндегі бизнес шығындарына қарамастан, орта және ұзақ мерзімді келешекте таңбалау жүйесі елеулі пайда әкелмек.

"Біріншіден, цифрлы таңбалау арқылы біз жосықсыз бәсекелестіктің алдын алып, тұтынушыға тауардың түпнұсқалығын растауға мүмкіндік береміз. Сонымен қатар тауарлардың қозғалысын есепке алу рәсімдері стандартталып, біріздендіріледі. Таңбалау арқылы біз сүт өнімдерінің өндірушіден бөлшек сауда дүкеніне жетуіне дейінгі аралықта қадағалауды қамтамасыз етеміз. Бұл өз кезегінде өндірушілерге де, мемлекетке де белгілі өңірде нақты өнімге сұранысты және өндірісті жоспарлауды қамтамасыз етеді", – дейді О.Бектұров.

Еске сала кетейік, Қазақстанда темекі мен тері өнімдерін міндетті цифрлы таңбалау енгізілді. Биыл аяқкиімнің міндетті цифрлы таңбалануы енгізілетін болады. Сондай-ақ қазіргі уақытта дәрілік препараттарды, алкоголь өнімдерін, жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау бойынша қанатқақты жобалар іске асырылуда.

Ғалия Әділ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу