"Аякс" атақ-даңққа қарамайды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2444

UEFA Чемпиондары лигасының жартылай финалына шыққан екі команда анықталды – айбынды "Барселона" және жанкешті "Аякс".

"Аякс" атақ-даңққа қарамайды Фото: uefa.com

Чемпиондар лигасының ширек финалындағы қарымта кездесулердің екеуі бүгін түнде аяқталды. Туринде өткен "Ювентус" пен "Аякс" арасындағы матч талай болжамшыны тақырға отырғызған болар. Өйткені, бұл ойында Италияның азулы командасы емес, Амстердамнан келген жанкешті жігіттер жеңіске жетті. 22 жылдан кейін жартылай финалға шығып, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі.

"Аякс" бұған дейін шежіресі мол, азуы алты қарыс "Реал" клубын Мадридте күйрете жеңген (4:1). Әрине, сол ойыннан кейін Нидерланд клубының бұл  жеңісіне таң қалып, таңдай қаққандар болды. Десек те, мұны көбісі іштей "Король клубының" биылғы маусымда кежегесі кейін тартып жүргендігімен ұштастырды...

Ал "Аякс" бұл жетістігінің кездейсоқтық емес екендігін дәлелдеп отыр. Туринде "Ювентусты" да шаң қаптырып, жартылай финалға шықты. Екінші таймда көсіле сілтеп, басымдық танытты. Бір қызығы, Голландия клубы алаң талғамайды. Түзде тіпті түлеп сала береді. Азулы қарсыласынан сескенуді білмейді. Тек алға!

"Альянц Стэдиум" стадионындағы ойын "Ювентус" үшін тәп-тәуір басталып еді. 28-минутта Италия клубының мегажұлдызы Криштиану Роналду есеп ашқан. Алайда бұл гол да "Аякс"-тың сағын сындыра алмады. Қонақтар алты минуттан кейін таразы басын теңестірді. Ал екінші таймның ортасында көп мүмкіндіктерінің бірін сәтті аяқтап, алға шықты. Содан ойын аяқталғанша, айылын жиған жоқ.

Сөйтіп, жартылай финалға "Аякс" шықты. Ал соңғы екі жылда "Реалдан" өте алмай (финалда және ширек финалда), пұшайман болған, содан соң осы клубтың ең үздік ойыншысы Криштиану Роналдуды сатып алған "Ювентус" биыл да асқақ арманына жете алмайтын болды. Нидерланд клубы оларға супержұлдызсыз да жеңіске жетуге болатындығын шұқып көрестті...

Бүгін түндегі екінші ойын Каталонияның бас қаласында өтіп, жасыл алаңда "Барселона" мен "Манчестер Юнайтед" додаға түскен. Матч басында қонақтар жеңісті қолдан бермейтіндіктерін паш етіп, тайталасып бақты-ақ. Алайда ұстараның жүзіндей лыпылдаған Лионель Мессидің төрт минуттың ішінде соққан екі голы матч тағдырын бірінші таймда-ақ шешті.

Биылғы Чемпиондар лигасының 1/8-финалында жұлдыздары көп ПСЖ клубын жолынан тайдырған "Манчестер Юнайтедке" жартылай финалға шығу бақыты бұйырмады. Өйткені, екі ойында да "Барсаның" шоғы биік, деңгейі жоғарылау екендігі сезіліп-ақ тұрды. Бірінші мачта Мессидің мұрнын бұзып, қабағын жарғандары бекер болған сияқты. Аргентина аңызы қарымта матчта соның сазайын тартқызды.  

Чемпиондар лигасы. Ширек финал. Қарымта матчтар

"Барселона" – "Манчестер Юнайтед" – 3:0 (бірінші ойын – 1:0)

"Ювентус" – "Аякс" – 1:2 (бірінші ойын – 1:1)

Бейсенбіге ауған түні өтетін ойындар:

"Манчестер Сити" –  "Тоттенхэм" – ? (бірінші ойын – 0:1)

"Порту" – "Ливерпуль" – ? (бірінші ойын – 0:2)

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу