"Аяқтан шалды": Демеу Жадыраевтың жеке бапкерін федерация жұмыстан қуып жіберген

6878

Бапкер финалға шыққан шәкіртіне нұсқаулықты телефон арқылы беріп отырды. 

"Аяқтан шалды": Демеу Жадыраевтың жеке бапкерін федерация жұмыстан қуып жіберген Фото: видео скриншот

Грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының финалына шыққан Демеу Жадыраевтың жеке бапкері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Боранбек Қоңыратов шәкіртінің қасында емес, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Өйткені ол биыл Алматы облысында өткен жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатында тәртіп бұзғаны үшін жазаға тартылған. Сол үшін жыл соңына дейін бапкерліктен шеттетіліп, Парижге де бара алмады. Финалға шыққан шәкіртіне нұсқаулықты тек телефон арқылы беріп отырды.

"Спортта жүргеніме қанша жыл болды. Мұндай жағдайларға үйреніп қалғам. Аяқтан шалу деген біз үшін үйреншікті жайт. Сол күнгі жағдайға оралар болсам, мен кілемге жүгіріп шығып, төрешіні ұрғаным жоқ. Бірақ төреші шешіміне риза еместігімді айтып, қастарына барғаным рас. Даусым қатты шығып, дөрекі сөйлегенімді де жасырмаймын. Өйткені, спорт – үлкен эмоция. Қаның қызып тұрғанда неше түрлі нәрсе айтуың да мүмкін. Оның үстіне, сенің шәкіртіңе қатысты әділетсіздік көрсетіп жатса, тіпті, ашуланасың.Менің балуаным күресіп жатқанда, қарсылас тарап челлендж сұрады. Сол кезде Игорь Лигай бастаған төрешілер қарсылас жақ сұраған сол сәттегі эпизодты қарамай, бір минут бұрын болған күресті көрсете бастады. Осы кезде мен мұның дұрыс еместігін айттым, қастарына бардым, эмоциямды жасыра алмадым. Содан соң, осындай шешім шықты", - дейді Боранбек Қоңыратов.

Боранбек Қоңыратов (грек-рим күресі, Алматы облысы) 2024 жылдың 31 желтоқсанына дейін республикалық және халықаралық жарыстардан, сондай-ақ, жас ерекшелігінен тыс ұлттық құрама командалардың оқу-жаттығу жиындарынан шеттетілген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу