Аязды күні тар аяқ киімді тастаңыз

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
11250

Сақылдаған сары аязда темекі шекпеңіз, алкогольді ішімдік ішпеңіз, алқа-сырға тақпаңыз.  

Аязды күні тар аяқ киімді тастаңыз Фото: express-k.kz

Еліміздің солтүстік, орталық, шығыс өңірлерінде дәл қазір қыс қаһарына мініп тұр. Аталған аумақтардағы ауа температурасы 35 градусқа дейін төмендеді. Алдағы уақытта кей өңірлерде ауа температурасы -45 градусқа дейін жетеді деп күтілуде. Осыған орай abctv.kz аязды күндері тұрғындар мен жолаушылар қандай сақтық шараларын қолдану керектігін еске салғанды жөн көрді.

Төтенше жағдайлар қызметінің өкілдері аязды күндері автокөлікпен алыс жолға шықпау керектігін жиі ескертетінін жақсы білеміз. Себебі, мұндай ауа райында техникадан бәрін де күтуге болады. Сенімді деген "темір тұлпардың" өзі иесін далада қалдыруы мүмкін. Сондықтан қысқы уақытта көліктің "бес қаруын" сайлап алып, жолға шыққан абзал.

Сапарлайтын адам елеусіз деген ұсақ-түйектің өзіне жіті мән беруі керек. Әйтпесе, салғырттық сан соқтыруы ықтимал.

Сонымен, аяз кәріне мініп тұрған уақытта көлікте міндетті түрде дәнекерлейтін шам, сым немесе кендір арқан, дөңгелекке арналған шыңжыр болуға тиіс.

Сондай-ақ, мұндай күндері ұзақ жолға шыққан автокөліктердің бірлесіп, қатарласып жүргені абзал. Егер көліктің біреуі қиындыққа тап болса, қалғандары көмекке ұмтылады. Сондықтан көлік жүргізушілерінен мұндай ауа райында ерекше мейірімділік қажет.

Үйден шығарда азық-түлік, сіріңке, қосымша киімдер ала шыққанның да артықтығы жоқ. Аязды күні жолға шығарда тойып тамақ ішіп алған да пайдалы. Өйткені, тамақ адам қосымша энергия береді.

Егер көлік аязда жол бойында тоқтап қалып, күннің салқындығынан от алмаса, жолаушылар қай маңға тоқтағанын білмесе, әбігерлікке салынудың қажеті жоқ. Мұндай кезде жақын маңдағы елдімекенге жетіп аламын деген ойдан да арылыңыз. Дұрысы – телефон арқылы көмекке адам шақырту немесе жол бойынан өтетін өзге бір көлікті күту.

"Түу" деген түкірігің жерге түскенше қатып үлгеретін аязда спирттік өнімдерді тұтынбаған жөн. Себебі, алкоголь өнімдері денедегі жылылықтың көп бөлігін жоғалтады.

Аязды күні темекі шегудің де зардабы көп. Шылым шегу перифериялық қан айналымын азайтады. Оның салдарынан адамның аяқ-қолдары әлсірейді.

Денеге жабыспай еркін тұратын, бостау киім киген дұрыс. Осылай киінгенде ғана қан айналымы қалыпты жүреді. Қырыққабат секілді қабат-қабат киім киюдің де пайдасы мол. Әр киім жылылықты өзінше сақтайды. Сыртқы киімнің міндетті түрде су өткізбейтін болғаны жақсы.

Тар аяқ киім, ұлтарақтың жоқтығы, кептірілмеген шұлық аязды күндері аяқтың үсуіне алып келетін бірден-бір факторлар. Етікке жылы ұлтарақ салған дұрыс. Сондай-ақ жүнді шұлық киген абзал. Мұндай шұлық ылғалды өзінде сақтайды да, аяқ құрғақ болады.

Аязда қолғапсыз, бас киімсіз және мойынорағышсыз дала шықпау керек. Ең дұрысы – ылғалға төзімді, іші тері, жел өтпейтін матадан жасалған қолғап кию. Таза материалдардан жасалған қолғаптар адамға ыңғайлы болғанымен, аяздан сақтай алмайды. Бет пен иекті сақтау үшін мойынорағышты ұмытпаған жөн. Егер аязбен қатар, жел тұрса, дененің ашық жерлеріне арнайы крем жағып шыққан дұрыс.

Аязда алқа, сырға, жүзік секілді алтын, күміс әшекейлерді тақпау керек. Біріншіден, төмен температурада металл тез салқындап, денені қариды. Екіншіден, жүзік аязды күні қалыпты қан айналымына қиындық тудырады. Жалпы, аязда дененің ашық жерін металға жақындатпаған дұрыс.

Егер қасыңызда тұрған адамның бетінің, құлағының және мұрнының түсі өзгере бастаса, оған міндетті түрде ескерту қажет. Өз жағдайыңызды анықтап, білу отыру үшін қасыңызда тұрған адамның көмегіне жүгінуді де ұмытпаңыз.

Аязда аяқты үсік шалса да, етікті шешпеу керек. Егер шешсеңіз аяқ ісініп, етікті екінші мәрте кие алмай қалуыңыз мүмкін. Мұндай жағдайда жылы орынға жетуге асыққан абзал. Егер қол тоңса, қолтық астына салып жылыту керек.

Аязда далада көп жүріп қалып, үйге кіргенде міндетті түрде денеде үсіген жерлердің бар-жоқтығын тексерген жөн. Себебі үсік шалған жерді байқамай, елемей жүре берудің зардабы көп. Асқынып кетсе, тіпті жаман.

Аязды күні желден сақтану керек. Өйткені, аязға жел қосылса, үсік шалу қаупі де арта бермек.

Балаларға сақ болу керек. Себебі, бала организміндегі жылуды реттеу қызметі дұрыс дамымаған. Сондай-ақ кәрі адамдарда бұл функция бұзылған болуы да мүмкін. Сондықтан, аязда баланы да, кәрі адамды да далаға көп шығармаған жөн. Бұл санаттағы адамдар үсікке бейім келеді.

Аязды күндері қаперде жүруге тиіс негізгі сақтық шаралары міне, осындай. Абай болыңыз!

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу