"Азаматтар қорға қанша қаржы түскенін білуі керек": Аймағамбетов МӘМС жүйесін сынға алды

10357

Медициналық сақтандыру енгізілгеніне бірнеше жыл өтсе де, проблемалар шаш етектен.  

"Азаматтар қорға қанша қаржы түскенін білуі керек": Аймағамбетов МӘМС жүйесін сынға алды Фото: mazhilis_kz

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолданған депутаттық сауалында мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz

Халық қалаулысы мамандармен бірге жүргізілген талқылау мен зерттеу нәтижелері бойынша бірқатар ұсыныс айтты. 

"Біріншісі – медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету. Қазір азаматтар ауруханаға барып, тексерістен тегін өтемін десе, онда бір немесе үш ай күту керек. Ал, егер ол адамдар бұл тексерістен ақылы түрде өтемін десе, онда дәл сол уақытта немесе үш минутта өтуіне болады. Сондықтан еріксізден ақылы қызметті алуына мәжбүр болып, онда "біз не үшін ай сайын жалақымыздан жарнаны төлейміз" дейді. Бұл негізінен жасанды проблема. Өйткені енгізілген қаржыландыру жүйесіне де байланысты болып тұр. Мысалы, емханалар іс жүзінде ай сайын квота арқылы қаржы алады. Мәселен, бір айға КТ жасауға 10 квота, МРТ жасауға 5 квота беріледі. Ал, егер КТ-ға сұраныс одан көп болса, онда пациентті дәрігер келесі айларға жазуға мәжбүр. Осыны ескере отырып, ай сайынғы қаржыландырудан бас тарту керек. Көрсетілген қызметтер фактісі бойынша төленуге тиіс", – деді ол.

Мәжілісмен пациенттерге медициналық ұйымды таңдау еркін беріп, ТМККК мен медсақтандыру пакеттерін нақтылауды ұсынып отыр. Екінші мәселе  ақпараттық жүйелердің арасындағы алшақтық пен дәрігерлердің артық жүктемесіне арналды. 

"Бүгінде дәрігерлер пациенттерді тексерудің орнына компьютерлерге телміріп, деректерді түрлі ақпараттық жүйелерге енгізуге, формулярды толтыруға мәжбүр болғандықтан, науқастарды қарауға тіпті уақыты да жоқ. Бір пациентті тексерудің стандартпен шектелген уақыты толығымен компьютерде жұмыс істеуге кетіп отыр. Сондықтан барлық құжаттаманы толтыруды медбикелерге тапсыру, штат санын көбейту арқылы дәрігерлердің жүктемесін азайту қажет. Бірыңғай ақпараттық жүйені іске қосу бойынша жұмысты шұғыл аяқтау керек", – деп атап өтті депутат.

Бұдан бөлек ол айыппұлдар мен жалған тексерулер мәселесіне де тоқталды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының деректеріне сәйкес, ақшаны төлеген, бірақ көрсетілмеген медициналық қызметтер өте көп, деп атап өтті депутат.

"Қор көлемі шамамен тек қана 10 пайызын тексерген күннің өзінде көрсетілмеген 52 мың медициналық қызмет анықталды. Ал, егер 100 пайызын тексеретін болсақ, онда 500 мыңнан аса ма, қалай болады? Оның себептері қандай деген сұрақ заңды. Біріншіден, бұл қордың айыппұл жүйесіне байланысты. Айыппұл жүйесінің өзі жалған тіркеулерді ауруханаға пайдалы қылып отыр. Сондықтан осы жүйені қайта қарау керек. Екінші себеп – тарифтер. Жалақыны өсірген кезде медициналық қызметтер тарифінің пропорционалды өсуі болмады. Сондықтан тарифтің көп бөлігі жалақы төлеуге жұмсалады да, ал дәрі-дәрмектерге, медициналық құрал-жабдықтарға, тексеру жүргізуге, анализдерге тіпті ақша да қалмайды. Нәтижесінде сапа төмендейді, науқастар зардап шегеді. Осы тарифтің кесірінен медициналық ұйымдардың кредиторлық берешегі қазір күрт өскен", – деді халық қалаулысы. 

Асхат Аймағамбетов тарифті шұғыл қайта қарап, медтарифтерден коммуналдық қызметтерді алып тастауды ұсынды. Өйткені әр өңірде инфрақұрылым, күн райы және коммуналдық қызметтердің құны әртүрлі, деді ол. 

"Төртіншіден, заңның 26-бабы толық орындалмай мемлекеттің жарналары заңда көрсетілгендей орташа айлық жалақы емес, айлық жалақының медианасына негізделіп есептеледі. Осыған орай жүйеде дефицит артып, медициналық қызметтердің сапасы нашарлайды. Керек болғанда біз экономика бойынша орташа айлық жалақыны есептейміз де, ал денсаулық сақтау саласын қаржыландырғанда медиана бойынша есептей қаламыз. Бұл мәселені қарастыру керек. Бесінші – үш ай төлем проблемасы. Азаматтар тұрақты жарнасын төлеп жүрсе де, егер үш ай төлемей қалса, онда автоматты түрде МӘМС-тен шығып қалады. Бұл мәселені де қайта қарау керек. Кез келген 12 ай үшін жарна аударылса, сақтандырушының мәртебесі қалдыру ұсынылады",– деді ол.

Мәжіліс депутатының айтуынша, медициналық қызметтердің көп бөлігін басқа ұйымдарға беру проблемасы да өзекті. Себебі бүгінде кей ұйымдарда бір жалпы тәжірибе дәрігері ғана қабылдайды. 

"Ал, басқа талдаулар жүргізу үшін азаматтарымыз қаланың барлық шеттеріне барып, салпаңдап жүруге мәжбүр. Осындай мәселені болдырмау үшін басқа ұйымдарға берілетін медициналық қызметтердің шекті көлемін нақты белгілеу ұсынылады. Жетінші – қор қызметінің ашықтығы. Азаматтар қанша қаражат түскенін, қайда және қандай мақсатқа бағытталғанын білуі керек", – деп түйіндеді депутат.

Еске салайық, осыған дейін мәжілісмендер қазақстандық армияны бірыңғай келісімшарт бойынша әскери қызметкерлерден жинақталатындай етіп, кәсіби негізге толығымен ауыстыруды ұсынып отырғанын жазған боалтынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу