Адамдар жаппай жұмысынан айырылып қалуы мүмкін

1489

Қандай салалардың жұмысшылары жұмысынан қуылуы мүмкін?  

Адамдар жаппай жұмысынан айырылып қалуы мүмкін Фото: Delfi RUS

"Twenty Minute VC" таяудағы подкастінде шетелдік инвесторлар жасанды интеллектке (ЖИ) бола, жұмысшыларды жаппай қысқартуға тура келетінін жасырмады. Бұдан былай қандай да бір жаңа, тіпті ірі жоба ашылса, ол көп жаңа жұмыс орнын ашады деп күтпеген жөн.

Мысалы, көрші Қытайда "қараңғы кәсіпорындар" кең қанат жая бастады. Бұл – тура мағынасында қараңғы зауыттар: оның ішінде бірде бір адам жұмыс істемейді, ал, жасанды интеллект пен оның басқаруындағы роботтарға көру үшін ешқандай жарық қажет емес.

Сондықтан алып зауыттың ішінде төбеде шамдар жағылмайды. Мұндай "қараңғы кәсіпорындардың" бір жағынан қажетті шикізаттар кіреді, екінші жағынан дап-дайын өнімдер конвейерден шығады. Тағы қайталап айталық, ішінде бірде бір жұмысшы жоқ.

Қытайлық мамандар егер ондай зауыт ішінде әлдебір құрал істен шыға қалса, оны роботтардың өздері жөндейтінін көрсеткен. Тек шетін жағдайда ғана өндіріс тоқтатылып, ішіне тірі мамандар жіберіледі.   

"Беделді компаниялар бүгінде өз командасын ЖИ-дің келуіне дайындауға тырысады. Қолдағы кадрларын қайта оқытады, біліктілігін арттырады. Жаңа жұмыскерді алғанда, оның позициясын біраз уақыттан кейін ЖИ ауыстыруы мүмкін екенін де жасырмайды. Бірақ компаниялардың үлкен бөлігі персоналы ереуілге шықпауы, негатив тудырмауы үшін ақырына дейін үнсіздік сақтайды. Бұл ретте қазіргі штаттағылардың 30–40%-ы алда қажет болмай қалатынын басшылар біледі", – дейді инвестор Джейсон Лемкин.

Scale Venture Partners серіктес басшысы Рори О’Дрисколлдың мәліметінше, жұмыс берушілер жұмысшыларын ЖИ ауыстырғанын әдетте жасырады, әлемдегі, елдегі, экономикадағы, саладағы, компаниядағы күрделі жағдайды желеу етеді.

Өйткені ЖИ-дің мұндай зұлмат тудырып жатқанын білсе, жұмысшылар сыртында жұрт шошынып, әлеуметтік кернеу туындауы, қоғамда наразылық акциялары басталуы мүмкін. Содан баспасөз релиздері арқылы ашық дереккөздерге бұрыннан айтылып жауыр болған себептер, "стандартты корпоративтік түсініктемелер" таратылады.

О’Дрисколлдың болжамынша, әлемде жұмысшыларды жұмысқа алу қарқыны бірте-бірте, жыл сайын 2–3%-ға кеми береді.

СЕО-басшылар ЖИ бақылауындағы автоматтандырылған кәсіпорындардың еңбек өнімділігі өзгесінен әлдеқайда жоғары екеніне назар аудартты. Адам жұмысшылар жұмыс берушіге көп салмақ салады: ауру-сырқауы, кешігу не ерте кету үшін түрлі сылтауы бар. Жалақы көтеруді талап етуі, немесе жұмыстан жалығып, басқа компанияға кетіп қалуы мүмкін. Онда оны оқыту, біліктілігін жетілдіру үшін жұмсаған қыруар шығын заяға кетеді.

Қазақстанда өндіріс орындарының автоматтандырылуы әзірге төмен деңгейде. Сол себепті, қазақстандықтарға бұл әлдебір алыс болашақтай, немесе әлі күнге фантастикадай көрінеді. Бірақ бұл ЖИ Қазақстанда да тез дәуірлемейді деген сөз емес. Еңбек ресурстарын дамыту орталығының бағалауынша, алдыңғы жылы Қазақстанда өндірістердің автоматтандырылуының орташа деңгейі 24,9%-дан асты.

Соның ішінде ақпараттандыру және байланыс саласында – 53,3%-ға, қаржы және сақтандыру секторында – 52,1%-ға, кәсіби және ғылыми қызметте – 46%-ға, жылжымайтын мүлік операциялары саласында – 37,9%-ға жеткен. Осы көшбасшылар ИИ және автоматтандырудың кең етек ала алатынын паш етеді.

"Өндірістік секторлардың көпшілігі кейінгі жылдары 30 пайыздық межеге тез таяп қалды. Тек білім беру (20,8%), қоғамдық тамақтандыру (16,8%) сияқты салаларда автоматтандыру деңгейі төмен. Қазақстанда әзірге робот даяшылар мен аспаздар жоқ. Ел Үкіметі осыдан он жыл бұрын робот мұғалімдердің пайда болатынын жариялаған еді. Алайда олар пайда бола қойған жоқ. Бірақ балалар бүгінде мұғаліміне қарағанда, ChatGPT-ден көбірек мағлұмат, білім алатын болды. Ауыл шаруашылығында автоматтандыру – 14,7%. Ірі агрокешендерді, алып бордақылау алаңдарын айтпағанда, қаптаған орта және шағын фермер және шаруа қожалықтары сиырды машиналық сауу, малды автоматтандырылған түрде қоректендіру кешендерін сатып ала алмайды", – дейді Finprom сарапшылары.

"Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ вице-президенті, Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган (КБҰО) басшысы Ерасыл Жұманбаевтың дерегінше, автоматтандыруға қарамастан, онжылдық мерзімде агроөнеркәсіптік кешен саласында 2035 жылға дейін 220 мыңнан астам жаңа маман қажет болады. Бұлар – тракторист, малшы, агроинформатик және басқа сұранысқа ие мамандықтар.

Бүгінде Skills.enbek.kz цифрлық платформасында аграрлық бағыттағы 33 курс бар екен. Одан 70 мыңнан астам азамат оқудан өтті, оның жартысы – ауыл тұрғындары.

Қазақстанда алғаш рет тәуелсіз сертификаттау жүйесі іске қосылды. Енді қойшы, сауыншы, механизатор болу үшін қандай да бір оқу, мысалы, колледж бітіру керек емес. Егер адам қазіргі кезде осы жұмыстарды дипломсыз-ақ абыроймен атқарып жүрсе, орталықта өз құзыреттерін дәлелдеп, емтихан тапсырып, ресми құжат ала алады. Сол сертификаты дипломмен теңеседі.

Дегенмен, қазірден-ақ жұмыспен қамту саласында алаңдатарлық жағдай қалыптасуда. Еңбекминіне қарасты осы Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (ЕРДО) мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанда жұмысқа қабілетті жастағы 11 миллионнан астам ересек бар.

Алайда оларға бұлшық етінде бұла күші бұлқынған, тепсе темір үзе алатын миллиондаған жас қосылып жатыр. Бұлар – мектеп түлектері (соның ішінде 9 сыныптан кейін оқуын жалғастырмағандар), ЖОО бітіргендер, әскерден қайтқандар, басқасы.

ЕРДО мәліметінше, елде "белсенді еңбек келісімшарттарының" жалпы саны – небары 5 647 235 қана. Enbek.kz порталындағы белсенді вакансиялардың саны – бар-жоғы 45 216. Еңбек саласындағы ахуалдың күрделі екенін осы сандардан ұғынуға болады.

Енді осыған ЖИ қосылып отыр. The Guardian бүгінде жасанды интеллектінің енгізілуінен зардап шеккен адамдарға сөз берді.

Матеуш Демски, журналист, Польша:

31 жасар журналист-фрилансер 2024 жылғы тамызда ондаған басқа әріптесімен бірге Radio Kraków радиосынан босатылды. Қаржылық қиындыққа тап болған радиотолқын адамның – әр жастағы әйел мен еркектің даусын айна-қатесіз келтіретін, сөзге жүйрік, әзілдің де түбін түсіретін ЖИ-радиожүргізушілердің бағдарламасын іске қосты.

Олардың бәріне адамға тән есімдер, ойдан құрастырылған өмірбаян телінген. Тыңдарман көп айырмашылық байқамапты. Қызметкерлер ашынып, білгенінше қарсыласты. Демски әріптестерімен бірге петиция жариялады, оған мыңдаған адам қол қойған.

Қоғамдық резонанстан кейін басшылық ИИ-бағдарламаны студенттермен ауыстырыпты. Демскидің байламынша, ЖИ қанша тырысса да адами дүниетанымды немесе эмоционалдық тереңдікті паш ете алмайды.

Лина Мейлина, иллюстратор, Индонезия:

30 жасар суретші аниме стилінде кескіндеме туындыларын жасап келді. Енді оның жұмыстарына сұраныс күрт кеміген. Бұрын айына орта есеппен 15 тапсырыс түссе, бүгінде 5-тен аспайтын болған.

Себебі, Midjourney және басқа генеративті ЖИ-құралдар тапсырысты лезде орындайды, кезек күттіріп қоймайды, авторлық құқығын сақтауды талап етпейді, шығыны да төмен. Дамушы елдердегі сияқты Индонезияда да авторлық құқық жиі аяқасты болады. Осыны пайдаланған ЖИ тірі авторлардың еңбегін сәл өзгертіп, ұрлап пайдалануға әуестенген.

Мейлинаның да жұмыстары рұқсатсыз пайдаланылыпты. ЖИ оның персонаждарын бұрмалап, бет-жүзін дөрекілеу еткен. Бұл әрине, суретшінің жанына батады, қылар қайраны жоқ. Клиенттерін жоғалтқан Лина кәсібін өзгертіп, косплейге арналған реквизиттер жасауға ауысты.

Аннабель Билс, копирайтер, Ұлыбритания: 

49 жасар Аннабель 2023 жылы ұзақ күткен жұмысына орналасып, бақша шаруашылығы орталығы үшін контент әзірлеумен айналысады. Бірақ 2024 жылғы Рождество қарсаңында жұмыстан босатылды. Компанияның блогын чат-боттар генерациялап, жүргізуге кіріскен.

Ол амалсыз, қатерлі ісік туралы зерттеу жобасында кеңесші болып істейді. Шығармашылық жұмысынан қол үзгеніне өкінеді.

"Бұл нағыз апат! Жас ұрпаққа қауіп төнді. ЖИ барлық шығармашылық кәсіптерді де тартып алуда", – деп тұнжырайды Билс.

Ричи Таваке, дыбыстаушы актер, АҚШ:

31 жасар актер бірде продюсердің оның келісімін алмай, оның дауысын ЖИ арқылы жасап, пайдалана бастағанын әшкереледі. Жасанды интеллект оның қоңыр үнімен аудиодраманы дыбыстапты. Трек басқа продюсерлер отырған ортақ тұғырнамаға жүктеледі.

Тавакенің пікірінше, ЖИ кез келген адамның дауысын дәл беруі мүмкін, бірақ мәдени аутенттілікке бәрібір қол жеткізе алмайды. Бәлкім, болашақта кемеліне келер, әзірге ЖИ-дің күлгені, жылағаны, айғайлағаны, дауыс ырғағын құбылтуға тырысқаны тым жасанды-ақ.

Голливуд мысалы, тек дыбыстаушы емес, ойнаушы актерларды да ЖИ-мен өзгертіп жатыр. Кез келген актердің ЖИ-клоны ол орындай алмайтын трюктерді жасауға қабілетті және бұл үшін дублер мен каскадерді қажет етпейді, жоғары қаламақысы мен райдерін де тықпаламайды.

Джадун Сайкс, графикалық дизайнер, Ұлыбритания:

28 жасар Джадун алты жыл бойы еңбек сіңірген компаниясынан тосыннан жұмыстан шығарылды. Жұмыс берушісі хат жазу, суреттерді генерациялау міндеттерін толыққанды атқаратын ЖИ-ді енгізді.

Сайкстің ЖИ-ге қарсы видеосы YouTube-те вирустық сипат алып, бүкіл әлемдегі көптеген дизайнердің қолдауына ие болды. Бірақ бұл оған тек психологиялық демеу ғана болды. Енді Джадун да кәсібін ауыстырып, дербес компьютер өндіретін компанияда істейді. Компания генеративті контенттен толығымен бас тартуымен белгілі.  

Сайкс өз әріптестеріне уақыт жоғалтпай, мейлінше көп дағды-машық игеруге кеңес берді. Бұл тоқтаусыз лектермен толығып жатқан жұмыссыздардың армиясын толтырмау үшін қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу