"Азаматтарға 42 500 теңгені шартсыз негізгі табыс ретінде беру керек"

13276

Бизнес үшін ең бастысы – ашықтық пен әділдік. 

"Азаматтарға 42 500 теңгені шартсыз негізгі табыс ретінде беру керек"

"EL TIREGI" өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының іскерлік кеңесінің мүшесі Жазира Дүйсенбекова AntikorLive алаңында сыбайлас жемқорлықтың бизнеске тигізетін кері әсері жайлы сөз қозғады.

"Қазір бизнесмендер үшін басты мәселе – нарықтың азаюы. Өйткені олардың көбі күнделікті табысына қарап отыр. Пандемия кезіндегі дағдарысқа дейін де кәсіпкерлерлердің маржасы көп болған емес.

Көктемдегі алғашқы локдаунның өзі шағын және орта бизнесті ойсыратып тастады. Екінші мәселе, еліміздегі салықтық жүктеме ауыр болып тұр. Белгілі экономистер, сарапшылар бізді дамыған елдермен салыстырып, "салықтық жүктеме аз" деп жатады. Алайда бұнымен келіспеймін. Мәселен кәсіпкер жұмыс істеп келе жатады да, қосымша құн салығын төлей бастағанда, бизнесінің тиімділігі күрт төмендеп кетеді", – дейді Жазира Дүйсенбекова.

Іскерлік кеңесі мүшесінің сөзінше, еліміздегі бизнесті өркендету үшін қоғамда әрдайым ашықтық пен әділдік үстемдік орнатуы тиіс.

"Дегенмен кәсіпкер салық көп болса да төлейді. Алайда бизнес үшін ең бастысы – ашықтық пен әділдік. Егер нарықтағы ойын тәртібі адал болса, жеке кәсіппен айналысушылар қатары да көбейеді. Өйткені, сыбайлас жемқорлық болмаса, әркім тек өз күшіне сене алады. Бұл өте маңызды. Бизнесмен кез келген қиын жағдайға бейімделіп, жұмыс істей береді. Ал сыбайлас жемқорлық – вирус. Ол барлығын жегідей жейді, кәсіпкерлердің ниетін бұзады. Жалпы қазіргі кезде шағын және орта бизнес, стартаптар деңгейінде сыбайлас жемқорлық аса белең ала қойған жоқ. Бұл мәселе негізінен тендерлер, мемлекеттік тапсырыстар тәрізді мемлекеттік ақшаның төңірегінде болып жатыр деп ойлаймын", – деді "EL TIREGI" өкілі.

Сонымен қатар Жазира Дүйсенбекова ел азаматтарына 42 500 теңге ақшаны шартсыз негізгі табыс ретінде беру керек екенін айтты. 

"EL TIREGI" одағы – "Жаһандық бақыт" коалициясының жобалық офисі. Бұл коалицияға кіретін елдердің мемлекеттік саясаты халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартуға басымдық береді. Біздің де мақсатымыз – елдегі әр азаматтың әл-ауқатын көтеру мәселесіне тиісті органдардың назарын аудару. Адамдар тек қана күнкөріс қамымен жүрмей, өміріне қанағаттануы тиіс. Біз – елдегі шартсыз негізгі табыс көзін енгізу жөніндегі бастама көтерушілердің біріміз. Шартсыз негізгі табыс дегеніміз – төленетін 42 500 теңге. Алайда бұл қаражат азаматтардың жұмыссыз қалуы, қалмауына қарамастан берілуі керек. Қазіргі кезде шартсыз негізгі табыс әлемдегі үлкен қозғалысқа айналып отыр. Біріншіден, бұл қаражат байып кететіндей көп ақша емес.

Екіншіден, зерттеулер мен тәжірибеге сүйенсек, шартсыз негізгі табыс көп мәселенің алдын алады. Бұл аса қиын жағдайға душар болған азаматтарға қолдау көрсетуге және халықтың тегін әрі жақсы медицина мен білімге қол жеткізуіне мүмкіндік береді", – деп түсіндірді ол. 

Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағының іскерлік кеңесі мүшесінің сөзінше, біршама азаматқа шартсыз негізгі табыс төлеуге еліміздің қауқары жеткілікті.

Нұржан Көшкін
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу