Адамзат келешек ұрпағы арқылы ғана алға қадам басатынын ескерсек, әлем халықтары үшін бұл мерекенің маңызы орасан. Дегенмен біз атаулы мерекелік шерулеріне емес, мән-маңызына зер салғымыз келеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Тарихы терең түйткіл
Бекітілгеніне биыл 76 жыл толатын мерекені әлемнің 60-тан астам елі тойлайды. Дегенмен бұл күннің астарына үңілсеңіз, балалардың бақытты өмірі, қауіпсіздігі, құқықтарының қорғалуы басты орында тұр.
Енді осы тұста заңды сауал туындайды: Қазақстан тәуелсіз ел ретінде өз болашағы саналатын балалардың құқықтарын қалай қорғап жатыр? Ол үшін алдымен Ата заңға қараймыз, балалар құқығы Конституциямен, "ҚР бала құқықтары туралы" заңмен, сондай-ақ "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" кодексімен, "Білім туралы" актілермен қорғалады. Бастысы – Ата заңда отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені нақты көрсетілген.
Сонау 1994 жылы еліміз БҰҰ-ның бала құқықтары туралы конвенциясына қол қойып, әрбір баланың тең құқықтарын қамтамасыз ету бойынша жаһандық міндеттемелерді жауапкершілігіне алды. Ал 2016 жылы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл институты құрылса, 2022 жылы бала құқықтары жөніндегі уәкілдер Қазақстанның барлық өңірінде тағайындалды. Арада бір жыл өткенде Қазақстанда Әлеуметтік кодекс қабылданып, мемлекеттік жәрдемақылар мен бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдердің көлемі артып, мерзімі ұзарды.
Қоғамға ұнаған ең жақсы бастамалардың бірі – 2024 жылы "Ұлттық қор – балаларға" жобасының енгізілгені. Осы арқылы әр бала өз елінің байлығынан еншісін алып отыратын болды. Қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық баланың есепшотына аударылып келеді. Кейін қаржыны бала есейген соң оқуына, баспаналы болуына жұмсай алады.
Биыл "Әйелдердің құқықтарын қорғау және балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету" туралы заң аясында балалар тарапына жасалған қатыгездіктің кез келген түріне жауапкершілік күшейтілді әрі буллинг үшін әкімшілік жауапкершілік сынды арнайы нормалар шықты.
Президент тапсырмасымен биыл тұңғыш рет 2026-2030 жылдарға арналған "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы әзірленді. Құжат балалық шақ мәселелеріне бірыңғай көзқарас қалыптастырып, қолданыстағы шаралар мен бағдарламаларды тұтас жүйеге біріктірген. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың сөзінше, "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы балалар саясатын жүйелі дамытуға және әрбір бала үшін тең мүмкіндіктер беруді сөздейді.
– Тұжырымдаманың негізгі мақсаты – әрбір баланың білім алу, денсаулығын сақтау, әлеуметтік қорғалу және отбасында тәрбиелену құқықтарын қамтамасыз ететін жүйелі әрі үйлестірілген тәсілді қалыптастыру. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін құжат балалардың қауіпсіздігін күшейтуге, психологиялық және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіруге, сондай-ақ ведомствоаралық үйлестіруді нығайтуға бағытталған. Қазақстан – балалардың құқықтарын қорғауға арналған мақсатты ұлттық стратегиясы бар санаулы мемлекеттердің бірі, – дейді министр Жұлдыз Сүлейменова.
Балалар көбейіп келеді
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, қазір елімізде 0-17 жас аралығындағы балалар саны 6,9 миллионға жетті. Осылайша бүлдіршіндер жалпы халықтың 33,6 пайызын құрап отыр. Яғни, үштен бір бөлігі. Кейінгі 10 жылда балалардың саны 1,5 миллионға артқан. Бұндай кезеңде оларға көңіл бөлінуі – орынды қадам.
Жоғарыда айтқан "Қазақстан балалары" тұжырымдамасы аясында 2030 жылға дейін негізгі мемлекеттік шараларды бірыңғай басқарылатын жүйеге біріктіріп, ведомствоаралық жауапкершілік пен бүкіл ел бойынша бірыңғай тәсілдерге сүйенетін балалық шақты қорғаудың жаңа архитектурасын қалыптастыру маңызды. Бұл мақсаттың кіріспе шаралары атқарылып та жатыр.
Оқу-ағарту министрлігі барлық мемлекеттік балабақша, мектептер мен колледждерді заманауи бейнебақылау жүйелерімен қамтуға көңіл бөлді. Буллингке қарсы KiVa финдік бағдарламасы және "ДОСБОЛLiKe" буллингке қарсы пилоттық жоба ұйымдастырылып, былтырдан бастап жоба еліміздің барлық мектеп пен колледждеріне енгізілді. 2024 жылдан бастап білім беру ұйымдарында оқушылардан QR-кодтар арқылы мәтіндік өтініштер беру жүйесі енгізілді.
Соның арқасында балалар күні бойы өздерін мазалаған кез келген сұрақ бойынша жауапты мамандарға жүгіне алады. 111 бірыңғай мемлекеттік байланыс орталығы балаларды зорлық-зомбылықтан арашалауға арналған тиімді тәсіл ісвпетті. Алдыңғы жылы балалар үйлеріне балама ұсынатын кәсіби отбасы қабылдау институты енгізілді. Бір айта кетер жайт, кейінгі 10 жылда балалар үйіндегі бүлдіршіндердің саны екі еседен астам қысқарып, 4 мыңға азайды.
Әлеуметтік желі – бала кездің бүлікшісі
Дегенмен атқарылуға тиіс жұмыстар бұнымен шектелмейді. Қазір елімізде балаларды әлеуметтік желілерге тәуелділіктен шектеу де өзекті болып тұр. Мәселен, "Kazakhstan Kids Online. Қазақстандағы балалардың цифрлық өмірі" зерттеуінде елімізде әлеуметтік желілерге қосылуға 13 жастан асқан балаларға рұқсат етілгеніне қарамастан, 9-10 жастағы балалардың 60%-ында және 11-12 жастағы балалардың 66%-ында аккаунттары бары көрсетілген.
Биыл күзде енді құралатын Құрылтайдың қарауына осы мәселеге қатысты заң жобасы түсетінін алдын ала естігеніміз бар. Цифрлық орта дамыған сайын ғаламтордағы қауіп те артып келеді. Әсіресе, әлеуметтік желіні әлдеқайда ерте қолдана бастауының салдарынан балалар зиянды контентке, цифрлық тәуелділікке және алгоритмдердің ықпалына жиі ұшырайды. Сол себепті бұны тыйым салудан гөрі, қауіпсіздік жолындағы қадам ретінде бағалау керек. Өйткені әлемнің дамыған елдерінің өзі мектеп жасындағы балалардың әлеуметтік желілерге кіруін шектейтін заң жобаларын қабылдап үлгерді.
Балалық шағында мейірім мен қауіпсіздікті сезініп өскен адам өмірде де өзі мен өмір сүретін қоғамына пайдалы әрекет етпек. Сондықтан балаларға осынша көңіл бөлініп отырғаны себепсіз емес.