Әдетте, маусымның алғашқы күндерінен бастап елдегі саяси өмір баяулап, енжар күйде қалғи бастайтын. Парламенттің бірлескен отырыс залында сессияның шымылдырығы түсірілісімен, қалаулылар алдымен өңірлерге аттанатын. Екі аптадан соң шабадандарын буып-түйіп, отандық және шетелдік курорттарға тартып отыратын.
Осы кезде атқарушы билік дәліздерінде ызыңдап ұшқан маса естен танып құлардай тылсым тыныштық орнайтын: депутаттардың өткір сынынсыз, ерекше түртпектеуінсіз және сұсты сауалдарынсыз шенеуніктер жеңіл күрсініп, еркін тыныстап, арқаны кеңге салатын. Қазақстандықтарға да бұл шақта үлкен саясат қызық болмай қалатын.
Бірақ 2026 жылдың жазы үйреншікті "маужыраған" сценарийдің тас-талқанын шығарды. 1 шілдеде күшіне енген жаңа Ата заңның арқасында әдеттегі тыныштықтың орнына отандық саяси сахнада тектоникалық сілкіністер басталып, нағыз саяси серпіліс өрбуде.
Тамыз айында көрігі қызатын парламенттік сайлау қарсаңында партиялық кеңселерді қауырт тірліктің ыстық жалыны шарпыды. Бүкіл ел бойынша тарихта бұрын-соңды болмаған бетбұрыстар – "ауыр салмақтағы" саясаткерлердің партиялар басшылығынан өз еркімен жаппай кетуі және осы саяси ұйымдардың көшбасшылығын заман талабына сай жаңғырту процесі қарқынды серпінмен жүріп жатыр.
Қазақстан Халық партиясы (ҚХП)
Қазақстан Халық партиясының басшылық құрамы толығымен жаңарды. Соңғы 3 жыл бойы партияны өзінше өрге сүйреуге тырысқан Ермұхамет Ертісбаев қызметінен кетті. 27 маусымда Астанада өткен кезектен тыс съезде делегаттар бірауыздан Нұрсұлтан Шоқановты ҚХП-ның жаңа төрағасы етіп сайлады.
Лидерлік лауазымдағы жұмысын қорытындылаған Ертісбаев өткен сындарлы кезеңде партия өз позициясын барынша нығайта алғанын және азаматтар нақты мәселелерді шешу үшін зор сеніммен жүгінетін тиімді институтқа айналғанын мәлімдеді: "Бүгінде біздің партия – халық көмек сұрап келетін, сенім артатын орын. Бұл біздің бірлескен жұмысымыздың ең басты нәтижесі!" – деді экс-төраға.
Ол өз қызметінен кетуіне қатысты пікір білдіріп, басшылықтың ротациясын прогреске бастар заңды да жарқын бағдар деп бағалады: "Дамудың кез келген кезеңі уақыт талабына сай жаңаруды қалайды. Бұл – табиғи әрі жасампаз процесс, онсыз алға жылжу мүмкін емес".
Ертісбаев өз ізбасарын таныстыра келе, оның қомақты партиялық және заманауи басқарушылық тәжірибесіне екпін түсірді. Еске сала кетейік, Ермұхамет Ертісбаевтың өзі 2022 жылғы 28 наурызда XIX кезектен тыс съезде осы партияның төрағасы болып сайланған еді.
ҚХП-ның тізгінін жаңадан ұстаған Нұрсұлтан Шоқанов небәрі 40 жаста. Алматы қаласында дүниеге келген. Ол КИМЭП (ҚМЭБИ) университетін қаржыгер мамандығы бойынша бітіріп, кейін Швейцарияда Executive MBA дәрежесін алған. Ernst&Young халықаралық аудиторлық компаниясында және "Сандриллинг" мұнай сервистік құрылымында жауапты қызметтер атқарып, бизнеспен айналысқан. 2021 жылдан Шоқанов ҚХП атынан Алматы мәслихатының депутаты болды. 2022 жылдың желтоқсанынан бастап алдымен партияның қалалық, содан соң облыстық филиалдарын басқарды. Кейінірек "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары болды.
Қазақстан Халық партиясын 2004 жылы Қазақстан Коммунистік партиясынан бөлінген бір топ белсенді мүшесі құрған еді. Бұған 2004 жылғы 13 сәуірде Компартия ішіндегі тарихи "ажырау" себеп болды. Жаңа саяси ұйымның жетекшісі – ҚХП ОК хатшысы Владислав Косарев болды. Дегенмен, алғашқы уақытта сайлаудағы жетістіктері мардымсыз еді. 2004 жылғы Мәжіліс сайлауында партия халық дауысының тек 1,98%-ын, ал, 2007 жылы небәрі 1,29%-ын ғана жинап, екі ретте де Парламентке өту "табалдырығынан" аса алмады.
2020 жылғы 11 қарашада Қазақстан Коммунистік Халық партиясының XV кезектен тыс съезінде саяси бағдарламасын заман ағымына сай жаңартып, оны "Қазақстан Халық партиясы" деп қайта атау туралы шешім қабылданды. Бұл қадам 2021 жылғы 10 қаңтарда өткен Мәжіліс сайлауы қарсаңында электоралдық базаны барынша кеңейту қажеттілігімен түсіндірілді.
Партияның парламенттік сайлаулардағы жетістіктеріне тоқталсақ, ҚХП V-ші (2012 жыл) және VI-шы (2016 жыл) шақырылымдарда 7 депутаттық орынды еншілесе, VII шақырылымда (2021 жыл) өз ықпалын 10 мандатқа дейін арттырды. Соңғы, VIII шақырылымда (2023 жылдан бастап) 5 креслоға ие болып отыр.
"Ақ жол" Қазақстанның Демократиялық партиясы
Осы айда ауқымды әрі тарихи өзгерістер толқыны "Ақ жол" партиясын да қамтып, елді елең еткізді. 2026 жылғы 13 маусымда өткен партия съезінде ұйымды 15 жыл бойы үзіліссіз, асқан шеберлікпен басқарып келген Азат Перуашев өз өкілеттігін тоқтататынын мәлімдеп, қоғамды таң-тамаша етті. Саясаткер бұл батыл шешімін тек саяси элитаны жаңартуға, жастарға жол ашуға деген қамқорлықпен және партия ішіндегі монополизммен күресу қажеттілігімен дәйектеді.
"Бүгінде біз өмір шындығын түбегейлі өзгертетін ұлы оқиғалар ағынында тұрмыз. Бірақ монополия жаңаруға кедергі келтіруі мүмкін. Ал, монополияға қарсы ең тиімді шара – басшылықтың мерзімді түрде ауысып тұруы! Сондықтан, өз ішімізде тұйықталып қалмау және жаңа идеялар мен жасампаз серпінді тежемеу үшін мен партия төрағасы өкілеттігін кері тапсыруға шешім қабылдадым", – деді Перуашев.
Жоғары саяси мәдениет үлгісін көрсетіп, көшбасшылық тізгінінен бейбіт бас тартқан ол делегаттарға төрағалық лауазымына Мәжіліс вице-спикері Дания Еспаеваның кандидатурасын ұсынды.
"Дания ханым – қазіргі саясат пен экономикадағы Қазақстанның жаңа үрдістері мен тамаша дәстүрлерінің көшбасшысы, шынайы пионері! Оның айрықша таланты, терең интеллектуалдығы, күрделі сәтте дұрыс шешім таба білуі, алға ұмтылу батылдығы және бұрын мүмкін емес деп есептелген нәрсені бірінші болып жасаудан қорықпауы партиямызға жаңа серпін, оң өзгеріс әкелеріне күмәнім жоқ!" – деді ол.
Кейінірек Парламент кулуарында бұрынғы төраға журналистерге бұл маңызды кадрлық ауыс-түйістің жарты жылдан бері мұқият дайындалғанын ашық мойындады. Бірақ ол өзгерістерге кімнің бастамашы болғанын нақтыламады.
"Бәріміз де тірі адамбыз, бәріміздің де өз эмоцияымыз бар. Сондықтан иә, әрине, белгілі бір сәтте бұл көңіл-күйге әсер етті. Мен сіздерге кішкене бір құпияны аша аламын. Біз Дания Мәдиқызын осы жылдың қаңтарынан бері дайындадық... Партиямыздағы оның беделі өте жоғары екенін байқадым, сондықтан осындай шешім қабылдадық", – деп бөлісті Перуашев журналистермен.
Ол сондай-ақ Еспаеваның өзі бұл ұсынысты сақтықпен қабылдап, қатты толқығанын, бірақ партиядағы ер-азамат әріптестері оған жан-жақты қолдау көрсетуге уәде бергенін нықтады. Осылайша, "Ақ жол" еліміздегі әйел адам басқаратын жалғыз партияға айналып отыр.
"Ақ жолдың" жаңа жетекшісі Дания Еспаева 65 жаста. Ол КСРО Мемлекеттік банкінің Алматы есеп-несие техникумын және Қазақ мемлекеттік басқару академиясын бітірген. 2016 жылға дейін Еспаева қаржы секторында мансап сатысында жоғарылап, түрлі банктер мен жеке компанияларда экономист, қаржыгер және бас бухгалтер болып жұмыс істеп үлгерді. Оның саяси өрлеуі 2016 жылы, алғаш рет Мәжіліс депутаты болып сайланған кезден басталды. Нәтижесінде, тұрақтап, қатарынан екі шақырылымда қалаулы мандатын иеленді.
Ескі Конституцияға сәйкес, "Ақ жол" ресми түрде "парламенттік оппозиция" мәртебесіне ие еді. Сонымен қатар, құрылу бастауында ол "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы негізінде қалыптасқан нақты оппозициялық күш болды. 2002 жылғы қаңтарда ДВК лидерлерімен ішкі келіспеушіліктерге орай саяси кеңес мүшелерінің бір тобы "Ақ жол" Демократиялық партиясының құрылғанын жариялады. Партия Әділет министрлігінде ресми тіркеуден өте тез, 2002 жылғы 3 сәуірде өтті. Оның теңтөрағалары Әлихан Бәймен, Людмила Жуланова, Болат Әбілов, Ораз Жандосов және Алтынбек Сәрсенбаев секілді танымал тұлғалар болды.
Партияның сайлау додасында бақ сынау тарихы шыңдалу мен күреске толы. 2004 жылғы Мәжіліс сайлауында "Ақ жол" небәрі екі мандат иеленді. 2007 жылғы шілдеде ұйым іріленіп, саясаткер Мақсұт Нәрікбаевтың "Әділет" партиясымен бірікті. Алайда сол жылғы парламенттік сайлауда "Ақ жол" 3,09% дауыс жинап, парламентке өтпеді. 20 қазанда "Әділет" ДП съезінде альянс таратылды: делегаттар "Ақ жолмен" бірігу туралы шешімнің күшін жойды.
Ұйым тарихындағы жаңа белес 2011 жылғы 2 шілдеде басталды: съезде "Ақ жол" төрағасы болып Азат Перуашев сайланды. Ол сонда "Атамекен" палатасын басқарып отырған және бірнеше күн бұрын ғана "Нұр Отан" қатарынан шыққан еді. Перуашевтың білікті басшылығымен партия саясат сахнасындағы тұрақты, ықпалды ойыншыға айналды. Парламентке жүйелі түрде өтіп тұрды: 2012 жылғы сайлауда "Ақ жол" 8, 2016 жылы – 7, 2021 жылы – 12, ал, 2023 жылғы науқан қорытындысында 6 депутаттық орынға ие болды.
"Ауыл" партиясы
Ауқымды, тарихи отставкалар легін 2026 жылғы 23 маусымда өткен "Ауыл" партиясының кезектен тыс съезі жалғастырды. Онда да партия лидерінің ауысқаны салтанатты түрде жарияланды. Ұйымды үш жылдай басқарған Серік Егізбаев бұл қадамды бірлестіктің одан әрі серпінді дамуы мен жарқын болашағы мүддесі үшін жасап отырғанын баса айтып, өз еркімен өкілеттігін тапсырды.
"Қазіргі тарихи саяси шақ барлық прогрессивті күштерден конституциялық реформа барысында нақты белгіленген жаңғыруға деген қоғамның үлкен сұранысына лайықты әрі жоғары деңгейде жауап беруді талап етеді. "Ауыл" бұл жасампаз процестерден тыс қала алмайды, қалмайды да! Керісінше, партия олардың ең белсенді қатысушысы болуға міндетті. Бұл үшін жаңартылған саяси жүйеде тиімді жұмыс істеуді үйреніп, аграрлық және әлеуметтік күн тәртібіне мүлдем жаңа, соны тәсілдер енгізу қажет", – деді Егізбаев.
Ол сондай-ақ өзінің кетуі – партияның "кемелді ішкі динамикасын және оның жаңа жағдайда алдағы сайлауда толыққанды жеңіске жету жолындағы таза ниетін" көрсететін заңды әрі өнегелі қадам екенін қосты. Бұл ретте Егізбаев ұйым қатарында қалып, жаңа басшылыққа жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.
Төраға лауазымына ол өз орынбасары Қайрат Айтуғановтың кандидатурасын ұсынды, оны съезд делегаттары бірауыздан қолдады. Қайрат Айтуғанов – аграрлық секторда, мемлекеттік басқару саласында және отандық ғылымда 40 жылдан астам үлкен жұмыс тәжірибесі бар, елге танымал кәсіби сарапшы. Оның еңбек жолында – Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары лауазымдары, "ҚазАгро" ұлттық холдингі құрылымдарындағы, ҚР Кәсіподақтар федерациясындағы жауапты басқарушылық қызметтер, сондай-ақ Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін табысты басқаруы бар.
Тарихқа жүгінсек, "Ауыл" шаруа социал-демократиялық партиясы" ҚР Әділет министрлігінде 2000 жылғы 29 наурызда тіркелген. Оның негізін қалаушы Ғани Қалиев болды. 2015 жылғы тамыздағы X кезектен тыс съезде Қалиев басшылық орынды сенатор Әли Бектаевқа беріп, қызметінен кетті. Серік Егізбаев болса, "Ауыл" ХДПП-ны 2023 жылдың қазан айынан бері басқарып келді.
Партия қазіргі атауын 2015 жылғы қыркүйекте, XI кезектен тыс съезде Қазақстан Патриоттары партиясымен бірігу туралы тарихи шешім қабылданғанда иеленді. Осыдан кейін бірлестік "Ауыл" халықтық-демократиялық патриоттық партиясы" деген жаңа атау алды. Айта кетерлігі, партия парламенттік аренадағы үлкен сайлау жетістіктеріне 2023 жылы қол жеткізіп, Мәжілісте алғаш рет 8 бірдей орынды жеңіп алды. Өз тарихында тұңғыш рет "парламенттік партия" атанды.
AMANAT – "Әділет" партиясымен бірге Әділетті Қазақстанға
Биылғы жылдың ең сенсациялық, әрі тарихи жаңалығы биліктегі партияның кезекті съезінде қабылданған шешім болғалы тұр. 2026 жылғы 12 маусымда өткен съезде AMANAT партиясы өзін-өзі таратып, "Әділет" партиясына қосылатынын жариялады.
"Бұл тарихи шешім Мемлекет басшысының ел дамуының жаңа жасампаз кезеңінде барлық прогрессивті қоғамдық-саяси күштерді жалпыұлттық құндылықтар мен ұлы мақсаттар төңірегінде біріктіру, топтастыру туралы үндеуін толық қолдау мақсатында қабылданды", – деп хабарлады партияның баспасөз қызметі.
Делегаттар алдында сөз сөйлеген Мәжіліс спикері және енді AMANAT-тың соңғы төрағасы ретінде тарихқа енген Ерлан Қошановтың пікірінше, Қасым-Жомарт Тоқаевтың табысты жүзеге асырылып жатқан реформалары жаңа қоғамның іргетасы мен мемлекеттің жаңа келбетін қалыптастыруда. Қошанов Президенттің саяси ерік-жігерінің арқасында елде билік институттары толығымен қайта жүктелгенін, саяси бәсекелестіктің артқанын, ал, қарапайым азаматтардың үні мен таңдауы саяси салмаққа ие болғанын жеткізді.
"Біз уақыт талабына, мемлекет мүддесіне және қоғам сұранысына сай келетін қадам жасауымыз керек. Бүгінде еліміз бөлінуге емес, бірігуге ұмтылуы қажет. Сондықтан осы жауапты кезеңде өз ресурстарымызды жаңа саяси күш – "Әділет" партиясына қосуымыз керек. Біртұтас президенттік бағыттағы саяси күш құрамында Әділетті әрі Прогрессивті Қазақстанды бірге құруды жалғастырамыз. Біз өз қағидаттарымыздан, ұстанымдарымыздан және идеяларымыздан бас тартпаймыз. Керісінше, оларды одан әрі күшейтіп, мүмкіндіктерін кеңейтіп, жаңа даму деңгейіне көтереміз" – деп түйіндеді Қошанов.
Жаңа "Әділет" партиясы AMANAT-пен біріккеннен кейін саяси жүйеде басты, басым жағдайға ие болуды көздеп отыр. Жаңа партияның саяси кеңесінің мүшесі Марат Шибұтов мәлімдегендей, "Әділет" болашақ Құрылтайдағы 145 мандаттың шамамен 70-80%-ын, яғни, 100-ден 120-ға дейінгі орынды иеленуді көздеп отыр.
Осы ірі оқиғаның ауқымын түсіну үшін AMANAT партиясының тарихын еске сала кеткен жөн. Ол 1999 жылғы 1 наурыздағы I құрылтай съезінде Қазақстанның Халық бірлігі партиясын, Демократиялық партияны, Либералдық қозғалысты және "Қазақстан – 2030 үшін" қозғалысын өзіне қосып алған "Отан" партиясы ретінде құрылды. Сол жылдың 10 қазанында ұйым алғаш рет парламенттік сайлауға қатысты.
2006 жылғы 22 желтоқсанда өткен кезектен тыс X съезінде "Отанға" Азаматтық және Аграрлық партиялар қосылып, ауқымы кеңейді. Содан кейін елдің басты саяси күшінің атауы "Нұр Отан" Халықтық-демократиялық партиясы болып өзгертілді. Партия өзінің соңғы атауын – AMANAT-ты 2022 жылғы 1 наурыздағы XXII кезектен тыс съезде алды. Ерлан Қошанов оны 2022 жылдың 26 сәуірінен бері үлкен шеберлікпен басқарды. Оған дейін осы жоғары лауазымды әр жылдары Н.Назарбаев пен Қ.Тоқаев атқарып келген еді.
Осылайша, бүгінде Қазақстанның партиялық жүйесінде ресми түрде 7 саяси партия тіркелген: бұлар – "Әділет", "Ақ жол", ҚХП, "Ауыл", ЖСДП, Respublica және "Байтақ" жасылдар партиясы.