Финалда ерлер арасындағы элиталық топтық жарыста қазақстандық Глеб Брусенский алтыннан алқа тағынса, Евгений Гидич мәреге екінші болып жетті. Топтық жарыс жолының ұзақтығы 156 шақырымды құрады. Қазақстан құрамасы барлығы 15 медаль – 8 алтын, 4 күміс және 3 қола иеленіп, жалпы есепте ең мықты команда атанды.
"Біз алға қойған барлық мақсаттарға қол жеткіздік. Олимпиадалық лицензиялар үшін қажетті рейтингтік ұпайлар жинадық. Сәтті өнер көрсетудің арқасында Парижге бір лицензияға ие болдық. Бапкерлер мен спортшылардың жұмысы жоғары деңгейде. Жарыс қиынға соқты. Аптап ыстық болды. Бұл тек қарсыластармен ғана емес, ауа райымен де, өзімізбен де күрес болды. Жігіттер нағыз кәсіпқойлар" - деді өз сөзінде Қазақстан велоспорт федерациясының президенті Нұрлан Смағұлов.
Алғашқы "алтынды" аралас командалық эстафетада элиталық санаттағы спортшылар - Евгений Федоров, Дмитрий Груздев, Игорь Жанг, Махаббат Үмітжанова, Рината Сұлтанова және Марина Кузьмина иеленді. Олардың жетістігін жасөспірімдер құрамасы қайталап, аралас командалық эстафетада да жеңіске жетті. Жасөспірімдер құрамасының құрамында Алик Батырхан, Мансур Бейсембай, Михаил Подлужный, Виктория Марчук, Екатерина Удовыкина және Евгения Заам жарыс жолына шықты.
Таңдаулы ерлер арасында топтық жарыста Брусенский мен Гидич жеңіп алған екі медальмен қоса, Евгений Федоров жекелей жарыста "алтынға" ие болды.
Таңдаулы әйелдер арасында Рината Сұлтанова жекелей жарыста үшінші орынға ие болды. Ер-азаматтардан Андрей Ремхе ең жылдам болса, Руслан Әлиев топтық жарыста үздік болды.
Жасөспірімдер арасында "алтынды" жекелей сында Михаил Подлужный жеңіп алды. Жасөспірім Евгения Заам топтық жарыста күміс медаль иеленді.
Ал паравелоспорттан Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында екі қола медаль жеңіп алды. Әйелдер арасындағы жекелей сында Жұлдыз Қайнарова мен Әйгерім Нұрғали үшінші орынды иеленді. Ерлер арасында С4 тобында жекелей жарыста Павел Бабенко қола жүлдегер атанды.
Сонымен қатар "Мастерс" санатындағы спортшылар үш медаль жеңді. Олимпиада чемпионы Александр Винокуров 50 жастан асқан шабандоздар арасында алтын медаль жеңіп алса, сол жас санатында Алексей Абраменко екінші орын алды. 45 пен 49 жас аралығындағы шабандоздар арасында Вадим Ежаковтың еншісінде тағы бір "күміс" медаль бар. Осылайша қазақстандық шабандоздар Азия чемпионатында үздік нәтиже көрсетті.