Қазақстан тәуелсіздігіне – 32 жыл. Маңызды оқиғалар хроникасы

2728

16 желтоқсан – ел тарихындағы айшықты күн.   

Қазақстан тәуелсіздігіне – 32 жыл. Маңызды оқиғалар хроникасы Фото: canva.com

Биыл Қазақстанның Тәуелсіздік алғанына 32 жыл толды. Осы уақыт аралығында еліміз түрлі белестерден өтіп, бірқатар қиындықты артқа тастады. inbusiness.kz сайты Тәуелсіздік жылнамасындағы маңызды оқиғаларға шолуды ұсынады.

Егемендік декларациясы

Тәуелсіздік туралы айтқан кезде Желтоқсан оқиғасын айтпай кетуге болмайды. 1986 жылы бостандықты аңсаған қазақ жастары Кеңес одағы билігінің отаршылдық шешімдеріне қарсы шықты. Халықтың ғасырлар бойғы мұң-мұқтажы жастар үні арқылы жетті. Ел тарихындағы бұл маңызды оқиға Тәуелсіздіктің бастауы болды.

1990 жылдың 25 қазанында Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің қаулысымен мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылданды. Тарихи құжат арқылы Қазақстанның дербес ел ретінде дамуының негізі қаланып, оның саяси-құқықтық негіздері айқындалды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасы бойынша 2022 жылдан бастап 25 қазан ұлттық мереке ретінде аталып өтеді. Атаулы күнге қатысты елімізде тиісті заң да қабылданған.

1991 жыл

Бұл жылы әлемнің саяси картасында Қазақстан Республикасы пайда болды. 1 желтоқсанда республикада жалпыхалықтық президент сайлауы өтіп, жалғыз үміткер болған Нұрсұлтан Назарбаев жеңіске жетті.

16 желтоқсан күні еліміздің мемлекеттiк тәуелсiздiгi туралы Конституциялық заңы қабылданды. Бұл құжаттың 1-бабында "Қазақстан Республикасы – тәуелсіз, демократиялық және құқықтық мемлекет. Ол өз территориясында өкімет билігін толық иеленедi, өзiнiң iшкi және сыртқы саясатын дербес белгілеп, жүргiзедi" деп жазылған.

Бұдан бөлек 29 тамыз күні Семей ядролық полигоны жабылды. Ашық дереккөздегі ақпаратқа сенсек, 1949-1989 жылдар ішінде полигонда жалпы саны 456 ядролық жарылыс болған.

2 қазан күні қазақтан шыққан тұңғыш космонавт ғарышты бағындырды. Тоқтар Әубәкіров ғарышта 7 күн 22 сағат 12 минут болды.

БҰҰ-ға мүшелігіне өту, мемлекеттік рәміздер, теңге

1992 жылы 2 наурызында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі болып қабылданды. 22 мамыр күні ЮНЕСКО-ның (БҰҰ білім, мәдениет және коммуникация мәселелері жөніндегі ұйымы) мүшесі болды. 4 маусым күні мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба, Әнұран қабылданды. 19 тамыз күні Қазақстан тағы бір маңызды ұйымның – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына мүше елдер қатарынан табылды. 28 қыркүйектен 4 қазанға дейінгі аралықта Алматыда әлемнің түкпір түкпірінен келген жүздеген қазақ бас қосты. Нәтижесінде, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылды.

1993 жылы 15 қарашадан бастап ұлттық валюта – теңге айналымға енді. Алғаш басылған қағаз ақшаның дизайнында Әбу Насыр әл-Фараби, Сүйінбай Аронұлы, Құрманғазы, Шоқан Уәлиханов, Абай Құнанбайұлы, Әбілхайыр хан, Абылай хан бейнеленді. 1994-2003 жылдары қағаз ақшаларда Әбу Насыр әл-Фарабидің бейнесі басып шығарылды.

1994 жылы 1 шілде күні ғарышқа Талғат Мұсабаевтың табаны тиді. Сол жылдың 6 шілдесінде астананы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешім қабылданды.

Жаңа Конституция, алғашқы 20 жылдық

1995 жылы 30 тамыздағы референдум нәтижесінде жаңа Ата Заң қабылданды. Қолданыстағы Конституция сол жылдың 5 қыркүйегінен бастап күшіне енді. Бұдан басқа 1995 жыл Абай жылы болды.

1997 жылы Ақмола жаңа елорда болып жарияланды. Ал 1998 жылы бас шаһардың атауы Астана болып өзгерді.

2004 жылы қазақ теміржолына 100 жыл толды. Сол жылы Астанадан Алматыға жүретін Тұлпар жолаушылар пойызы алғаш рет жолға шықты. Елордада Президент резиденциясы – Ақорда бой көтерді. Жалпыға орта білім беру саласында Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілді. Бұдан бөлек Қазақстанның 15 миллионыншы тұрғыны да сол жылы дүниеге келді.

2007 жылғы жаһандық қаржы-несие дағдарысы Қазақстан экономикасына да әсер етпей қоймады. Республикадағы жұмыссыздық деңгейі 7,3 пайызды құрады (2023 жылдың үшінші тоқсанындағы деректер бойынша бұл көрсеткіш 4,7%).

2011 жылы Алматы және Астана қалаларында VII қысқы Азия ойындары өтті. 2017 жылы Қазақстанда EXPO-2017 дүниежүзілік көрмесі ұйымдастырылды. Астанадағы "Болашақ энергиясы" көрмесін 4 миллионға жуық адам тамашалады.

Назарбаев өкілеттігінің тоқтауы, пандемия

2019 жылы наурызда Қазақстанды 30 жылға жуық уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. 23 наурызда Астана атауы Нұр-Сұлтан болып өзгерді. Сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Егемен Қазақстан", "Айқын" газеттеріне берген сұхбатында билік транзиті туралы пікір білдірді. Президент елімізде билікті өткізу процесі заң аясында өткенін айтты. Сол жылы 9 маусым күні елде кезектен тыс президент сайлауы өтті, Қасым-Жомарт Тоқаев сайлаушылардың басым дауысына ие болды.

2020 жылғы Covid-19 пандемиясы. Төтенше жағдай кезінде табысын жоғалтқандарға 42,5 мың теңге жәрдемақы беру туралы шешім қабылданды.

2021 жылы коронавирус инфекциясына қарсы жаппай вакцинациялау басталды. Бұдан бөлек бұл уақытта халық санағы жүргізіліп, қазақстандықтар саны 19 млн-нан асқаны белгілі болды. Сол жылы қазақстандықтарға зейнетақы жинағының белгілі бір бөлігін мерзімінен бұрын алып, өз қажетіне жұмсау мүмкіндігі берілді.

2022 жылы қаңтарда елдің бірнеше қаласында бейберекетсіздік болды. Билік бұл оқиғаларға "жаппай тәртіпсіздік" деп баға берді. Сонымен қатар Екібастұз, Риддер қалаларының жылу орталықтары мен жылу желілерінде апат болды.

Жаңа облыстар, шетелден қайтарылған активтер

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың билікке келуімен Қазақстанда жаңа саяси кезең басталды. Елді басқару жүйесі "Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет" тұжырымдамасына негізделді. Бұдан былай Президент еш партияның мүшесі болмайтыны айтылды.

2022 жылы республиканың әкімшілік-аумақтық құрылымында өзгеріс болды. Атап айтқанда, жаңадан Абай, Ұлытау, Жетісу облыстары құрылды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы ел халқына Жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың жинақтаушы есепшотына аудару туралы бастама көтерді. 2024 жылдан бастап "Ұлттық қор – балаларға" қоры ресми іске қосылады деп күтіліп отыр.

28 қазан күні Қарағанды облысында орналасқан Костенко шахтасында апат болды. 29 қазан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Оқиғадан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "АрселорМиттал Теміртау" компаниясына қатысты шаралар қабылданатынын, кәсіпорынның инвестициялық міндеттемелерін өрескел бұзғаны туралы мәлімдеді.

Жақында ел Үкіметі мен ArcelorMittal корпорациясы арасындағы келіссөздер сәтті аяқталғаны хабарланды. "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының жаңа инвесторы отандық бизнесмен Андрей Лавреньтев болды. Компанияның атауы ресми түрде Qarmet болып өзгерді.

Бұдан бөлек биыл Қазақстан 20 миллиондық межені бағындырды. Миллионыншы тұрғындар Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола, Түркістан облыстарында дүниеге келді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары" атты Қазақстан халқына Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы басым бағыттарды атап көрсеткен болатын. Президент саяси реформалармен шектеліп қалмау қажеттігін, дамыған ел болу үшін әлеуметтік-экономикалық реформаны да ұштастыру керек екенін баса айтты. Сондай-ақ жаңа экономикалық үлгінің қажеттілігі туралы да мәселе көтерді.

"Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аударған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек", – деді Президент.

Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша ел экономикасы 4,9 пайызға өсті. Ең жоғары өсім құрылыс, сауда, ақпарат және байланыс, сондай-ақ көлік және қоймалау салаларында тіркелді. Сонымен қатар негізгі капиталға салынған инвестициялар да 14,6%-ға ұлғайған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу