Азат Мақсұм Лас-Вегаста (Невада, АҚШ) өткен UFC Fight Night турнирінде тәжірибелі америкалық Тайсон Нэммен (21-14-1) сынға түсті. Жеңіл салмақтағы жекпе-жек төрешілер шешімімен 29:28, 28:29, 29:28 есебімен қазақстандық спортшының жеңісімен аяқталды. 28 жастағы Азат спорттық мансабында 17 жекпе-жек өткізіп, барлығында да жеңіске жетті. Ал UFC-дегі сегізінші жекпе-жегін (3-5) өткізген 39 жастағы Намға келсек, бұл мансабындағы 14-ші жеңілісі. Сондай-ақ ол тағы бір қазақстандық Жалғас Жұмағұловтан бес жыл бұрын жеңілген болатын.
Азат Мақсұм өзін қауіпті қарсылас ретінде көрсетті. Мұндай баға қазақстандыққа UFC-дегі жеңісті дебютінен кейін берілді.
"Жеңіл салмақ дәрежесіне қауіпті жаңа жекпе-жек шебері келді!" - деп жазды Instagram желісіндегі UFC аккаунты.
Осылайша Лас-Вегастағы (АҚШ) UFC Apex аренасында UFC Fight Night on ESPN 49 турнирі аяқталды. Негізгі жекпе-жекте бұрынғы UFC чемпионы америкалық Холли Холм мен Бразилия өкілі Майра Буэно Силва кездесті. Жекпе-жек бразилиялықтың жеңісімен аяқталды. Ол алғашқы раундта-ақ Холмды берілуге мәжбүр етті. Ал кештің үздік жекпе-жегі аустралиялық Джек Делла Маддалена мен америкалық Бассил Хафес арасында өтті. Екі спортшы да 50 000 доллардан сыйақы алады.
Сондай-ақ әйелдер арасында кеште үздік өнер көрсеткені үшін 50 мың долларды бірінші раундта америкалық Холли Холмды тұншықтырып жеңген бразилиялық Майра Буэно Силва мен неміс Оттман Азайтарды техникалық нокаутпен жеңген аргентиналық Франсиско Прада алады.
Естеріңізге сала кетейік, үш аптадан кейін тағы бір қазақстандық, 29 жастағы Асу Алмабаев (17-2) UFC-де дебют жасайды.