Әзербайжан арқылы жеткізілетін мұнайдың жалпы экспорттағы үлесі 1,5%-дан аспайды

1879

Осы бағыт арқылы 6 айда 609 мың тонна қазақстандық мұнай жеткізілді.

Әзербайжан арқылы жеткізілетін мұнайдың жалпы экспорттағы үлесі 1,5%-дан аспайды Фото: inbusiness.kz

Алғашқы жеткізілім сәуір айынан бастап жүргізіле бастады, келесі жылдың сәйкес кезеңіне дейін эскпортталған қазақстандық мұнай көлемі 1,1 млн тоннаға жетуге тиіс. 

Дегенмен қазақстандық мұнай үшін КҚК басым бағыт болып қала бермек, себебі жыл соңына дейін Әзербайжан арқылы өтетітін альтернативті бағыт бойынша бар болғаны 1,1 млн тонна мұнай жөнелтіледі,  алты айда 609 мыңы жіберіліп үлгерді, оның 400 мыңы Джейхан порты арқылы шет елдерге шықты, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Жалпы қазақстандық мұнайдың экспортына келер болсақ, өнделетін қара алтынның 80%-ы негізге екі бағыт бойынша шет елдерге шығарылады: 

  • Каспий құбыр консорциумының магистральді мұнай құбыры (ММҚ) бойынша Новороссийск портына дейін (2022 жылы айдау көлемі - 52,2 млн т қазақстандық мұнайды жалпы көлемі 58,7 млн т);
  • Атырау - Самара ММҚ бойынша және одан әрі Транснефть ММҚ жүйесі бойынша Усть-Луга портына (2022 жылы айдау – 8,4 млн тонна, қазір бұл көлемдер Польша мен Германияға мұнай жеткізу үшін Достық ММҚ-ға ішінара ауысты).

Алайда 2022 жылы Каспий құбыр консорциумы бірнеше рет жөндеу жұмыстарына байланысты жеткізілімді тоқтатты. Осы және басқа да саяси себептерді бағдарға ала отырып, 2022 жылы Қазақстан алтернативті жолдар іздеп, Әзербайжанға жүгінген болатын. Сол жылы ҚазМұнайГаз бен SOCAR Ақтау-Баку-Джейхан бағыты бойынша жылына 1,5 млн тонна көлемінде және одан әрі жылына 5 млн тоннаға дейін ұлғайтуды көздейтін мұнай транзиті туралы 5 жылдық келісім жасасты.

Бүгінгі Еуразиялық KAZENERGY форумында Әзербайжан Энергетика министрі Парвиз Шахбазов осы бағытта атқарылған жұмыстың нәтижесімен бөлісті. 

"Қазақстанмен  мұнай жеткізілімінің көлемін ұлғайту бойынша Жол картасына қол қою екі ел үшін де өте маңызды қадам. Биылғы жылдың сәуір-қыркүйек айлары аралығында 609 мың тонна қазақстандық мұнай Баку-Тблиси-Джейхан құбыры бойынша жеткізілді, бұл Әзербайжан мен Түркия ынтымақтастығының арқасы. 400 мыңнан астамы Джейхан порты арқылы шет елдерге жөнелтілді. Жылдың соңына қарай осы тізбе бойынша жеткізілетін мұнай көлемі 1,1 млн тоннаға жетуге тиіс. Сонымен қатар осы көлемді ұлғайту жоспарда бар" - деді Әзербайжан Энергетика министрі. 

Алайда мұнай саласындағы сарапшылар жоспардың іске асатынына күмәнмен қарайды. Олардың айтуынша, болашақта осы бағыт бойынша жеткізу көлемі жылына 3 млн тонна мұнайдан асуы екіталай. 

Себебі екі ел арасындағы келісім бойынша мұнайдың 50%-ы Қазтеңізкөлікфлоты танкерлерімен жеткізілуі тиіс, ал оның саны шектеулі, сонымен қатар Ақтау портының қуаттылығы жылына 5,2 млн тоннадан аспайды, оған қоса қазақстандық мұнайдың сапасы әзербайжандық қара алтыннан төмен. 

"ҚазМұнайГаз" басшысы Мағзұм Мырзағалиев Bloomberg, CNN журналисі, бүгінгі форумның модераторы – Райан Чилкоттың сұрағына жауап беру барысында да әзірге Қазақстан үшін тек Каспий құбыр консорциумы басым бағытқа ие екенін атап өтті. 

"Бүгінгі таңда бізде бар үш бағыттың ішіндегі негізгісіне Каспий құбыр консорциумы жатады. Еліміздің шикі мұнайының 80%-дан астамы осы бағыт арқылы тасымалданады. Біз Қытайдың батысына мұнай жеткізілетін қазақстандық-қытайлық бағыт бойынша CNPC компаниясымен ынтымақтастық орнаттық. Биыл Баку-Тбилиси-Джейхан жаңа бағытын іске қостық. Десек те, әзірге тасымалдау көлемі жылына небары 1,5 миллион тоннаны құрап отыр. Бұл шикі мұнайды Жерорта теңізіне жеткізу бағыттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді", - деп атап өтті Мағзұм Мырзағалиев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу