Әзербайжан аумағына Қазақстан әскері кірді

20518

Қарабақтың бүкіл территориясы қатаң бақылауға алынған

Әзербайжан аумағына Қазақстан әскері кірді Фото: ҚР Қорғаныс министрлігі

Баку Қарабақтың бүкіл территориясын толығымен өз бақылауына алғанын жариялады.
Әзербайжан аумағына Қазақстанның әскерилері мен әскери кемелері кірді. Бұл туралы жергілікті Trend агенттігі хабарлады. Түркітілдес екі елдің әскерилері "Хазри-2023" жаттығуларын өткізеді. 

Бұдан бұрын Қазақстан мен Әзербайжанның қорғаныс министрліктері бірлескен іс-қимылдар жоспарына қол қойған болатын. Құжатқа сәйкес, Бакуде "Хазри-2023" қазақ-әзербайжан бірлескен тактикалық жаттығулары басталды. Оның аясында көршілес екі ел бірігіп, Каспийдегі стратегиялық нысандарды жаудан қорғау тәсілдерін пысықтайды деп күтілуде. Сондықтан әскери жаттығуларға қос тараптың кемелері мен әскери теңіз күштерінің әскерилері қатысуда. 

"Әзербайжанның астанасы Бакуге Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы контр-адмирал Сәкен Бекжановтың басшылығымен "Сарыарқа", "Орал" зымыранды-артиллериялық кораблдерімен және "Жайық" гидрографиялық кемесімен Қазақстан Қарулы күштерінің әскери қызметшілері келді. "Хазри-2023" бірлескен оқу-жаттығу жоспарына брифинг, теңіз арнайы күштері мен теңіз жаяу әскерлерінің жаттығулары, кораблдерді ұрысқа үйлестіру, оқу-жаттығу шеңберінде жауынгерлік іс-қимылды жоспарлау және ұйымдастыру кіреді. Қазақстан мен Әзербайжанның әскери теңізшілері қауіп төнген жағдайда террористік топтарды бейтараптандыру, әуе және құрлық нысандарын жою, азаматтық кемелер мен оның экипажын азат ету, зардап шеккен кемеге көмек көрсету бойынша сценарийлер мен эпизодтарды пысықтайды", – деп хабарлады Қазақстанның Қорғаныс министрлігі. 

Бұл шаралар бірлескен операцияларды жоспарлау және іске асыру дағдыларын жетілдіруге, бөлімшелердің тиімді және келісімді әрекет ету қабілетін арттыруға бағытталған.

Әзербайжанның Қорғаныс министрлігі контр-адмирал Сәкен Бекжанов бастаған бауырлас елдің делегациясын Әзербайжанның әскери теңіз күштерінің қолбасшысы, вице-адмирал Субхан Бекиров құшақ жая қарсы алғанын мәлім етті. Ол 8 қазанға дейін жалғасатын бірлескен тактикалық жаттығулар екі республиканың әскерилерінің тәжірибе алмасуына, кәсібилік пен дайындық деңгейін бірлесе арттыруына сүбелі үлес қосатынына сенім білдірді. Жаттығулар барысында "әртүрлі эпизодтар бойынша әскери іс-қимылдар орындалатынын" қосты. 

Халықаралық сарапшылар тәуелсіздіктің отыз жылын босқа өткізбей, түркиялық және батыстық заманауи озық қарулармен жарақтанған, білікті сардарларын даярлаған Әзербайжанның Кавказдағы ең қуатты армияны құра алғанын айтуда. Ендеше кеңестік қалыптан толыққанды құтыла алмаған, Ресейдің ықпалынан шықпаған, яғни әлі күнге ескі оқулықтардағы көнерген әскери өнермен "сусындап" жүрген біздің әскерилердің олардан үйренері көп.

Оның үстіне қазақстандықтан айырмашылығы, әзербайжандық жауынгерлер майдан даласында соғыс жүргізудің нақты тәжірибесіне ие. 

Осы орайда Әзербайжанның Ішкі істер министрлігі антитеррористік шараларды армия табысты аяқтағаннан кейін құқық қорғау органдары Қарабақтың бүкіл территориясын қатаң бақылауға алғанын жариялады. Онда енді адам құқықтарының, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздіктің сақталатыны мәлімделді. 

"Территорияны декриминализациялауға, яғни қылмыстан арылтуға, сепаратистік режимнің жұртында қалған криминалды хунтадан, армян қарулы құрылымдарының қалдықтарынан тазалауға, миналар мен оқ-дәрілерден, есірткілерден адалауға баса көңіл бөлінуде. Бұл бағытта тиісті мемлекеттік құрылымдар бірлесе жұмыс жүргізіп жатыр. Территория қауіпсіз күйге келтіріледі. Бүгінде Әзербайжанның ішкі істер органдарының қызметкерлері өздеріне жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде орындауда деп айтуға толық негіз бар", – деді ӘР ІІМ баспасөз қызметінің бастығы Эльшад Гаджиев.

Ол есірткі туралы бекер айтып отырған жоқ. Баку мысалы, азат етілген Таулы Қарабаққа пресс-турлар ұйымдастырып, соның бірінде шетелдік журналистерді жайқала өсіп тұрған есірткі плантациясына апарды. Осыдан-ақ бұл аумақта оккупация кезінде заңсыздықтың жаппай белең алғанын байқауға болады. 

Мысалы, отыз жылдан астам уақыт үстемдік еткен, әлем мойындамаған Таулы Қарабақ (Арцах) республикасында денсаулық сақтау жүйесі жолға қойылмады: сырқат тұрғындар Арменияға барып емделген. Аумақ азат етілген соң, әзербайжандық дәрігерлер Арменияға кетпей, қалып қойған жергілікті армян жұртшылығының алғашқы өкілдерін қабылдауға кірісіпті. 

Қарабақ экономикалық аймағын оралту Әзербайжан еліне де оңайға түспеді. Тоқсаныншы жылдарда Қарабақтың тұрғылықты әзербайжан жұрты қиянат пен қысым көріп, қырғынға ұшырады, мыңдаған адам іс-түзсіз жоғалды, босқынға айналды. Тіпті 2020 жылғы 44 күндік соғысты айтпағанда, биылғы 19-20 қыркүйектегі антитеррористік шаралар барысында көптеген әзербайжандық әскери қаза тапты. Кеше олардың тағы бесеуінің кім екені белгілі болып, Әзербайжан Қорғаныс министрлігі шаһидтердің тізімін өзектілендірді. 

Әзербайжанның егемендігін және территориялық тұтастығын толығымен қалпына келтірген әскери іс-қимылдар барысында әзербайжандық 192 жауынгер қаза тапты. Оның ішінде 180 адам – Қорғаныс министрлігінің, 12 адам – ІІМ қызметкерлері болып шықты. Бір бейбіт тұрғын шейіт болды. 511 әскери қызметші және 1 бейбіт тұрғын жараланды. 

Армения басшылығы мен ақпарат құралдары Таулы Қарабақтағы антитеррористік шараларды "этникалық тазарту" ретінде көрсетуге күш салды, әлемдік ақпарат айдынында байбалам салды. Бірақ дегеніне жетпегенге ұқсайды. 

АҚШ Мемлекеттік департаменті Қарабақтағы 120 мыңдай армянның жүз мыңының Әзербайжан азаматы атанғысы келмей, Арменияға көшуін "этникалық тазарту" деп атаудан бас тартты. Мемдепартаменттің баспасөз хатшысы Мэтью Миллер Американың "этникалық тазарту", "геноцид" сияқты ауыр айыптауларға босқа ұрынбай, бұл іске салмақты қарайтынын еске салды. 

"Геноцид" немесе "этникалық тазарту" туралы шешім нысаналы, нақты фактілерге ғана сүйенеді. Нақты фактілер келтірілмей, сенімді түрде солай айтқан орынды емес", – деп қысқа қайырған Мэтью Миллер АҚШ БҰҰ миссиясының өңірге сапарын қоштайтынын мәлімдеді. 

БҰҰ миссиясы азат етілген Қарабаққа отыз жылдан астам уақыт ішінде алғаш рет барып отыр. Бұған дейін халықаралық ұйымдарды ол аумаққа басқыншылар жолатпай келіпті. 

БҰҰ миссиясы Таулы Қарабаққа 1 қазанда жетті. Құрамына жаһандық ұйымның әртүрлі ведомстволарының өкілдері кірген миссияның мақсаты – жергілікті жердегі жағдаймен танысу, тұрғындардың гуманитарлық мұқтаждықтарын анықтау болды. 

Өз кезегінде БҰҰ миссиясы да армян тарапы таратып жатқан Қарабақтағы "этникалық тазалау" туралы қауесетті жоққа шығарды. Өңірді аралаған ұйым өкілдері тегі армян азаматтық тұрғындарға қатысты зорлық-зомбылық оқиғаларына ешқандай дәлел таппапты. Бұл туралы миссияның қорытынды мәлімдемесіне сілтеме жасап, Әзербайжан ақпарат құралдары жазды.

Әрине, Баку де халықаралық санкциялар мен блокадада қалғысы келмейді. Сондықтан Әзербайжан өз бақылауына өткен Қарабақта қалуды қалаған армяндарға жағдай жасайтынын паш етуге тырысуда. 

Мәселен, ӘР Президентінің тапсырмасымен Қарабақ өңіріндегі әлеуметтік, гуманитарлық, экономикалық және инфрақұрылымдық мәселелерді шешу жөніндегі арнайы жұмыс тобы құрылып, іске қызу кірісті. Ол жергілікті армян тұрғындарын әзербайжан қоғамына орнықты кіріктірумен айналысады. 

Мемлекеттік көші-қон қызметінің қызметкерлері Әзербайжан азаматтығын алуы үшін тұрғындарды бастапқы тіркеуді ұйымдастырды. Осы мақсатта ашылған Ханкенді қаласындағы қабылдау бөліміне алғашқы тұрғындардың келіп жатқанын телеарналар көрсетті. Олардың көбі не Арменияның, не Ресейдің азаматтығына ие. Негізі, әлемде Әзербайжан паспорты бұларға қарағанда, жоғары бағаланады. Әзербайжандықтар дүниежүзіндегі 68 мемлекетте визасыз тұра алады.

Миграциялық қызмет бастапқы тіркеуді өңірде көшпелі қабылдаулар ұйымдастырып та жүзеге асыруда.  Қарабақ экономикалық өңірінде тұрғысы келетін армяндарға бастапқы тіркеуден өтіп, Әзербайжан азаматтығын алуға тура келеді. Қос азаматтыққа тыйым салынған. 

ӘР Президентінің әкімшілігі тіркеуден өткен  Қарабақ тұрғындарына әлеуметтік жәрдемақылар, зейнетақы, жалақы төленетінін жариялады. 

Сонымен қатар билік қарабақтық армян тұрғындарымен байланысқа жауапты тұлғаны тағайындады. Бұл лауазымды иеленген Рамин Мамедов 21, 25 және 29 қыркүйекте Евлах және Ходжалы қалаларының армян тұрғындарымен кездесті, талаптарын, тілектерін тыңдады. Әзербайжанның өңірді дамыту жоспарларын таныстырып, оған жұртшылықтың ескертпе, ұсыныстарын жинады. 

Баку  Қарабақ өңіріндегі барлық қалалардың жаңа Бас жоспарлары жобасын әзірледі. 
Өркениеттен артта қалған  Қарабақ пен Шығыс Зангезур өңірлерін үдемелі экономикалық дамыту үшін Баку бұл аумақтарда ерекше экономикалық режим жариялады. Соның аясында жергілікті жұртшылыққа салықтық, кедендік жеңілдіктер беріледі. Басқа ынталандырушы шараларды қамтитын топтама дайындалды. Мысалы, кәсіпкерлікпен айналысқысы келетін армяндардың бизнес бастамалары қолдау таппақ. 

"Қарабақтың армян тұрғындарының тұрғылықты жердегі кәсіпкерлік қызметін қолдау шаралары қолға алынады. Бұл өңірде жеңілдікті кредиттер, несие пайыздарын субсидиялау, кредиттер бойынша кепілдік беру, басқа да қаржылық құралдар ұсынылады", – делінген ӘР Президент әкімшілігінің жаңа мәлімдемесінде.

Өңірге сенімді, тұрақты ұялы байланыс келді. Армян тұрғындар әзербайжандық ASAN, DOST мобилді қызметтерін пайдалана алады. 

Ең бастысы, Әзербайжан  Қарабақ өңірінде армян тілін пайдалануға мүмкіндік жасалатынын жария етті. Бұл  Қарабақтың армян тұрғындарын реинтеграциялау жөніндегі жоспарларда белгіленді. 

Бұған қоса, ӘР Президент әкімшілігі өңірде тұрып жатқан армян диаспорасының өз дінін еркін ұстануына кедергі жасалмайтынына, олардың мәдени, діни ескерткіштері мемлекеттік қорғауға алынатынына, жергілікті халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге уәде берді. 

Яғни, Таулы Қарабақты мекендеуін жалғастырған армян тұрғындарын Әзербайжанға реинтеграциялаудың практикалық шаралары белсенді, қызу іске асырылып жатыр. 

ӘР Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов заңсыз армян қарулы құрылымдарын қарусыздандыру процесі аяқталуға таяғанын мәлімдеді. Ал заңсыз армян қарулы құрылымдары өңірден шығарылып жатыр. 

ӘР Қорғаныс министрлігінің 2023 жылғы 2 қазан кешіндегі есебі бойынша антитеррористік шаралар басталғалы бері, жалпы саны 2 608 автомат және басқа атыс қаруы, 235 гранатомет, 60 зеңбірек пен гаубица, 64 миномет, 58 танкке қарсы қару, 165 әуе қорғанысы қарулары тәркіленген.

Заңсыз қарулы топтар тастап кеткен әскери техника да қарақұрым: 31 бронетехника, 265 автокөлік техникасы, 23 тіркеме, 9 қосалқы техника.

Бұдан бөлек, 1 700 зымыран, зеңбірек пен гаубицаларға арналған 5 177 снаряд, 31 771 зениттік-артиллериялық снаряд, 12 806 минометтік снаряд, 8 948 граната, 2 009 970 оқ, 5778 өзге де оқ-дәрілер тәркіленді. 

Осылайша, бұдан былай Таулы Қарабақ "даулы аумақ" емес. Баку посткеңестік кеңістіктегі "жазылмас жарадай" көрінген тұтас жанжал ошағын сөндірді. Мәңгілікке ме? Ол енді  Қарабақ аймағын Әзербайжанға реинтеграциялау бойынша Бакудің іс-шараларының қаншалықты табысты, толымды жүзеге асырылатынына тікелей байланысты болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу