Әзербайжан да, Армения да соғыс жағдайын жариялады

20646

Екі ел ерлерін сапқа қайтарып жатқанда, Оңтүстік Кавказ тұрақтылығына төнген қауіп күшейіп келеді. 

Әзербайжан да, Армения да соғыс жағдайын жариялады

Жексенбі күні Әзербайжан мен Армения арасындағы қақтығыстан 16 әскери қызметкер мен бірнеше бейбіт тұрғын қаза тапты. Бұл – осы аймақтағы 2016 жылдан бергі ең үлкен қарулы жанжал. Оның кесірінен Оңтүстік Кавказда тұрақтылық теңселіп, әлем нарығына мұнай мен газ жеткізетін құбырларға қатер төнуі мүмкін.

Екі постсоветтік республика Әзербайжан аумағында жатқан, бірақ этникалық армяндар басқаратын Таулы Қарабақ үшін 1990-шы жылдары соғысқаны белгілі.

Таулы Қарабақ басшылығы мәлімдегендей, жексенбі күні таңертең Әзербайжан армиясы әскери авиациямен, артиллериямен соққы бергенде, 16 жауынгер мерт болып, 100-ден астам бейбіт тұрғын опат болды. Содан кейін Армения мен Таулы Қарабақ соғыс жағдайын жариялап, ер адамдарды жаппай әскер қатарына шақырып отыр.

Әзербайжан тарапы да соғыс жағдайын жариялап, Армения снаряд жаудырғанда, бір отбасында бес адамның жер жастанғанын хабарлады.

Сонымен қатар, Әзербайжан қарулы күштері Таулы Қарабақта жеті ауылды басып алғанын жеткізді. Қарсы жақ бұл мәліметті алғашында жоққа шығарғанымен, кейіннен "кейбір позицияларынан" айрылып қалғанын мойындап, бейбіт халық арасынан бірталай адамның зардап шеккенін мәлімдеді.  

Армения мен Әзербайжан арасындағы өзара жауластық ондаған жылдар бойы жалғасып келеді. Ресей оларды дереу атысты тоқтатуға шақырса, Түркия Әзербайжанды қолдайтынын ашық ескертіп отыр.

АҚШ президенті Дональд Трамп та жексенбі күні мәлімдеме жасап, жанжалдасушы тараптарды зорлық-зомбылықты тоқтатуға шақыратынын атап өтті.

"Біз бұл аймақта өте жақсы қатынастар орнаттық. Сондықтан ондағы жанжалды тоқтатудың жолын іздемекпіз",– дейді Ақ үй басшысы.

АҚШ Мемлекеттік департаменті болса, Оңтүстік Кавказдағы зорлық-зомбылықты қатаң айыптап, Баку мен Ереванды дұшпандықты немесе жағдайды тіпті ушықтыруы мүмкін кез-келген риторика мен әрекеттерді дереу доғаруға шақырды.

Трамптың алдағы сайлаудағы қарсыласы – демократ Джо Байден Таулы Қарабақтағы жанжалдың кең ауқымды соғысқа ұласып кетуі мүмкін екенін ескертіп, Трамп әкімшілігін майдан шебіне көбірек бақылаушы аттандыруға, ал Ресейді "екі жақты арсыздықпен қаруландыруды тоқтатуға" үндеді. 

Әзербайжаннан Каспий мұнайы мен табиғи газын әлем нарығына тасымалдайтын құбырлар дәл осы Таулы Қарабақ маңынан өтеді. Егер Әзербайжан Арменияның Атом электр станциясына шабуыл жасайтын болса, Оңтүстік Кавказда қауіпсіздікке қатер төнуі мүмкін. Мұны Ереван шілдеде ескертті. 

Таулы Қарабақ 1991 жылы Кеңес одағы құлағаннан кейін басталған соғыста Әзербайжаннан бөлініп кетті. 1992-1994 жылдары мұнда болған алапат шайқаста мыңдаған адам қаза тауып, талай халық босқындық кебін киді. Тараптар атысты тоқтату туралы бітім жасағанымен, Әзербайжан мен Армения Таулы Қарабақта және шекара бойында оқ атты деп бір-бірін жиі айыптап келеді.

Жексенбі күнгі қақтығыс кезінде армениялық белсенділер этникалық армян әйел мен оның баласы өлтірілгенін хабарлады.

Халықаралық дипломатия

Армения Әзербайжан күштерін Таулы Қарабақ пен оның астанасы Степанакертте азаматтық нысандарды шабуылдады деп айыптап, "тура сондай жауап қайтаруға" уәде беріп отыр.

"Біз отанымызды Әзербайжан басқыншыларынан қорғауға бекініп отырмыз", – дейді Армения премьер-министрі Никол Пашинян "Твиттер" арқылы таратқан мәлімдемесінде.

Әзербайжан тікұшақтары мен 33 танкісінің жойылғанын жоққа шығарып, Армения армиясын шекара сызығы бойында "әдейі әрі көздеп" оқ атты деп айыптады.

Түркия Армения мен Әзербайжан арасындағы келіссөздерге арағайындық еткен Минск тобы мүшелерімен диалог жүргізіп жатқанын хабарлап отыр. Бұл жанжалды тоқтату қажеттігін Ресей, Франция, Құрама Штаттар да мәлімдеді.

Ресей президенті Владимир Путин Пашинянмен телефон арқылы сөйлесті. Алайда екіжақты әңгіменің мән-жайы әзірге жарияланбай отыр. Ал, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған Әзербайжан лидері Ильхам Әлиевпен сөйлесті.

Ердоған дәстүрлі одақтасы Әзербайжанды қолдайтынын айта келіп, Арменияны "аймақтағы бейбітшілікке төнген үлкен қауіп" деп атап, әлемді басқыншылықпен, қатыгездікпен күресте Әзербайжан жағына шығуға үндеді.

Пашинян болса, халықаралық қауымдастықтан Түркияны Таулы Қарабақтағы жанжалға араластырмауға сұрады.

Еуропа одағы мен Еуропадағы Қауіпсіздік пен Ынтымақтастық Ұйымы (ОБСЕ) және Рим Папасы Франциск тараптарды әскери әрекеттерді тоқтатып, келіссөздерге оралуға шақырып отырса, НАТО таратқан мәлімдемеде Таулы Қарабақтағы әскери қақтығыстар тоқтап, бейбіт келіссөздердің қайта жандануы қажеттілігі айтылған.

Арыс Әділбекұлы


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу