Әзербайжан өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басты – Қасым-Жомарт Тоқаев

1415

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев келіссөздер қорытындысы бойынша БАҚ өкілдері үшін брифинг өткізді, деп хабарлайды Ақорда.

Әзербайжан өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басты – Қасым-Жомарт Тоқаев

"Ең алдымен, керемет қала Бакуға ресми сапармен келуге шақырғаны үшін шын жүректен ризашылығымды білдіргім келеді. Біз бүгін кең ауқымды мәселелер жөнінде жемісті келіссөз жүргіздік. Әзербайжан Президенті дұрыс атап өткендей, ешқандай проблема, кедергілер болған жоқ. Керісінше, экономикалық салада болсын, гуманитарлық бағытта болсын нақты нәтижелерге қол жеткізу үшін күш-жігерді арттыруға өзара ниет таныттық.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің жарғысы мен қарарларына сәйкес территориялық тұтастығын жеңіспен қалпына келтіре отырып, Әзербайжан өз дамуының жаңа дәуіріне қадам басқандығын атап өткім келеді. Әрине, бауырлас ел Әзербайжанның ұлттық көшбасшысы, Президенті Ильхам Гейдарұлы Әлиевтің жеке еңбегі зор. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, сіздің қуатты басшылығыңызбен бүгінде Әзербайжан өзінің дамуында айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізіп жатқанын тағы да айтқым келеді. Біз сіздің еліңіздегі осы үрдістерді бақылап отырмыз әрі шын жүректен қуанамыз. Қарабақ пен Шығыс Зангизурдың қалпына келіп, дамып жатқанын көріп отырмыз. Сіздің жеке еңбегіңіздің арқасында бұл өңір таяу болашақта гүлденген аймаққа айналады, оған еш күмән жоқ.

Қазақстан өз тарапынан бұл игі іске белгілі бір дәрежеде үлес қосуға дайын. Бүгін қазақ халқының атынан берілетін сыйымыздың таныстырылымы өтті. Келесі жылдың аяғына дейін Физули қаласында Құрманғазы атындағы шығармашылық орталығы бой көтереді.

Менің бұл сапарым мерейтойлық дата – елдеріміз арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастардың орнатылғанына 30 жыл толуы қарсаңында өтуінің да символдық мәні бар.

Нақтырақ айтсақ, үш күннен кейін біз бұл датаны атап өтеміз. Жалпы мен өзімнің қызметтік міндетіме байланысты елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықты дамыту процесіне алғашқы күндерден-ақ араласқанымды айта кету керек. Біз ұзақ жолды жүріп өттік.

Біз ықпалдастықты басынан бастадық және бүгінде біз елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық туралы сенімді түрде айта аламыз. Осы серіктестігімізді одан әрі нығайту, оны әртараптандыру туралы декларацияға қол қойылды. Бұл – алға қарай жасалған нақты қадам. Арамызда сенімді саяси диалог орнады, мемлекеттеріміз халықаралық алаңдарда, ең алдымен Біріккен Ұлттар Ұйымы, ЕҚЫҰ, Түрік мемлекеттерінің ұйымы аясында ынтымақтасып келеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, құрметті Ильхам Гейдар оғлу, сізге Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес отырысын шақыру туралы Қазақстан бастамасына қолдау білдіргеніңіз үшін алғыс айтамын. Биылғы қазан айының ортасында біздің еліміздің астанасында саммит өтеді және оған сіздің қатысуыңызды асыға күтеміз. Бұл шараға сіздің атсалысуыңыз күтілетін нәтижеге қол жеткізу тұрғысынан оң әсер ететініне сенімдіміз.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымының көлемі 3 есе артқанын атап өткім келеді, яғни өсу қарқын сақталып келеді. Алайда жалпы алғанда, бұл нәтиже айтарлықтай көп емес, сондықтан бүгін өзара сауданың абсолютті көрсеткішін арттыруға күш салу жөніндегі уағдаластыққа қол жетті. Мүмкін жақын болашақта миллирадтық меже туралы айтатын болармыз.

Ортақ күш-жігердің арқасында мәдени-гуманитарлық саладағы ықпалдастықтың да күшейіп келе жатқаны қуантарлық жайт. Әрине, бұл халықтарымыздың одан әрі жақындасуына зор септігін тигізеді. Мен бүгін елімізде Әзербайжан мәдениетінің онкүндігін өткізу туралы бастама көтердім. Бұл шараның танымалдығына ешқандай күмән келтірмеймін. Себебі халқымыз әзербайжан мәдениетін, оның өнер қайраткерлерін сағынғаны анық. Бұл іс-шара сәтті өтеді деген ойдамын.

Сонымен қатар біз елдеріміз арасында мәдениет қайраткерлері мен делегацияларды тұрақты алмасуға келістік. Сумгаит қаласындағы көшелердің біріне қазақ халқының көрнекті өкілі Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілгеніне алғыс айтамыз.

Ахмет Байтұрсынұлы 1926 жылы осы – Баку каласында өткен бірінші Бүкiлодақтық түркологтар съезiне делегат ретінде қатысқан. Бұл факт бiздiң елiмiз бен халықтарымыз арасында қашан да тығыз байланыс болғанын тағы бiр рет дәлелдейді деп ойлаймын. Кезінде елордамыздың бір көшесіне көрнекті мемлекет қайраткері, әзербайжан халқының біртуар перзенті Гейдар Әлиевтің есімі берілген.

Қаламыз, астанамыз қарқынды дамып келеді, бүгінде бұл көше ауқымды емес. Сондықтан мен елорда әкіміне елімізде шынайы құрметке ие Гейдар Әлиевтің есімін астанамыздың үлкен көшелерінің немесе даңғылдарының біріне беруді ұсыну туралы тапсырма бердім, яғни көше атауын қолайлырақ нысанға ауыстырамыз, бұл әбден орынды деп есептеймін.

Бүгін біз мемлекеттеріміз арасындағы ынтымақтастықтың көлік-логистикалық саласын дамыту туралы егжей-тегжейлі талқыладық. Жан-жақты талдап, екі ел үкіметтеріне тиісті тапсырмалар берілді деп айта аламыз және бұл бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізілетініне күмән жоқ. Қалай болғанда да, Қазақстан тарапында ынтымақтастықтың бұл түрін дамытуға қызығушылық жоғары.

Ауыл шаруашылығы саласын ерекше атап өткім келеді. Бұл жерде біз бір-бірімізді толықтыра аламыз. Қазақстан астық, бидай және ауыл шаруашылығы өнімдерінің басқа да түрлерін жеткізуге мүмкіндігі бар екенін білесіздер. Өз кезегінде бізге Әзербайжаннан ауыл шаруашылығы өнімдерін – жеміс-жидек пен көкөністерді импорттау қажеттілігі туындап отыр. Жалпы алғанда, қазақстандық өндірушілердің бірқатары Әзербайжанға жалпы сомасы 300 миллион доллардан асатын 100 түрлі тауар көлемін ұлғайтуға дайын. Сондықтан біз осы тауар айналымның логистикасын қамтамасыз етуіміз керек және бұл біздің үкіметтеріміздің міндеті. Бүгін осы жөнінде келістік.

Жалпы сапарымның нәтижесін өте табысты деп бағалаймын. Ең алдымен, Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Гейдарұлы Әлиевке, сондай-ақ оның үкіметіне ынтымақтастығымызды тереңдету жолындағы өте жемісті жұмысы үшін алғыс айтқым келеді.

Қазақстанға келетін болсақ, біздің тарапымыздан ешқандай кедергі болмайды, біз табысты жұмыс істейміз. Біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастардың стратегиялық сипаты туралы айтуымызға нақты негіз бар. "Стратегиялық" деген сөз бізді көп нәрсеге міндеттейді, біз бұл бағыттағы ортақ ісіміге нақты мағына, нақты мазмұн беруіміз керек. Мен ынтымақтастығымыздың келешегіне оптимистік көзқараспен қараймын. Қонақжайлылық танытып, жұмыс істеуге қажетті жағдай жасағаныңыз үшін тағы да алғысымды айтамын", – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу