Әзербайжан Таулы Қарабақты толық алуға таяды

6562

Лашын дәлізін жауып, Карабахты бұғаттап келген "экобелсенділер" наразылық акциясын тоқтата тұруға шешім қабылдады.

Әзербайжан Таулы Қарабақты толық алуға таяды Фото: media.az

2022 жылғы 12 желтоқсанда бір топ Әзербайжан азаматы Қарабақты Армениямен байланыстыратын Лашын жолын жауып тастады. Олар Қарабақ аумағында кен орындары заңсыз игеріліп, экологияға нұқсан келтіріліп жатқанын алға тартты. Қарсылық білдірушілер жол бойында палаткалар тігіп, қыстап шықты. Дәлізбен тек ресейлік "бітімгершілер" ғана өткізілді.

Халықаралық ақпарат құралдары Әзербайжан мен Армения арасында қарулы жанжал туындауының жолын кесуге тиіс ресейлік әскерилердің бұл мүмкіндікті пара алып, пайда табуға пайдаланғанын хабарлады: Лашын дәлізі арқылы әскери көлікпен Арменияға қарай алып өтудің "құны" мың долларға дейін жеткен көрінеді.

Әзербайжандық ақпарат құралдары бұған дейін Лашын дәлізі арқылы Армениядан Қарабаққа қару-жарақ тасылып, өлке қарқынды милитаризацияланғанын жазды. Ол жолды бұғаттау арқылы осыған тосқауыл қойылған.

Ресейлік бітімгершілсымақтар жолды жапқан әзербайжандық белсенділерге қарсы қауқар танытып, қайран қыла алмағанын білген Баку енді әскерилерін аттандырып, Лашын дәлізіне бақылау-өткізу бекетін орнатты. Осыдан кейін "экобелсенділер" бес айға жуық немесе 183 күн созылған акцияларын 28 сәуірдің кешінен бастап доғаруға ұйғарыпты. Бұл туралы әзербайжандық APA мемлекеттік ақпарат агенттігі жариялады. Наразылық білдірушілер бірнеше күн ішінде топ-топ болып, Лашын-Ханкенди жолын тастап шығады.

Лашын дәлізі – Таулы Қарабақ пен Арменияны байланыстыратын жалғыз даңғыл жол. Былтыр ол бұғатталысымен Қарабақтағы мойындалмаған Арцахтың армян елімен байланысы үзілді. Өңірде 104 күн электр қуаты, 67 күн газ болмаған көрінеді. Азық тапшылығы туындағандықтан, талондық жүйе енгізіліпті. Баку бүгінде барлығы қалпына келтірілгенін және Қарабақты қажеттінің бәрімен қамтып отырғанын жеткізді. Әзербайжан Сыртқы істер министрі Жейхун Байрамовтың айтуынша, дәлізбен жедел жәрдем көліктері, Халықаралық қызыл крест ұйымының машиналары, бітімгершілердің конвойлары ерсілі-қарсылы еркін жүріп жатыр.

Бірақ бұл жағдай Ереванда халықтық толқулар туғызды. Дегенмен, Пашинянның билігі тағат-төзім мен сарабдалдық танытып, арандатушылыққа ермеді, әскери қимылдарда бұйрық бермеді.

2020 жылғы Мәскеу, Баку, Ереван арасындағы үш жақты келіссөзге сәйкес, тараптар Лашын дәлізі Ресей бітімгершілері контингентінің бақылауында қалатынына келіскен. Әзербайжан сарапшылары Мәскеудің бұл келісімді дұрыс орындамағанын, Таулы Қарабаққа армян тарапынан қару тасылып жатқанын сынап жүрді. Егер Мәскеу Украинаға қарсы соғыс ашпағанда, бұл жағдай ары қарай жалғаса беретін бе еді. Содан жыл соңында өздерін экологиялық белсендіміз деп таныстырған әзербайжандық азаматтар дәлізді бір оқ шығармай, өз қолына түсірді. РФ жауынгерлері жанжалға килікпей, шет қалды.

2022 жылғы 27 желтоқсанда армян көшбасшысы Никол Пашинян В.Путинге ресейлік әскерилердің Лашын дәлізіне бақылауды жоғалтып алғанын мәлімдеді.

Армения тарапы бұған жауап ретінде биылғы көктемде тау арқылы өтетін соқпақ жолды баламалы дәліз ретінде пайдаланудың қамын жасады. Ол тар әрі тайғақ жерден жол талғамайтын көлік қана өте алатын. Бірақ көп ұзамай, Баку оны да тыйып тастады: алдымен әзербайжан әскерлері ол маршрутті пайдаланған армян полициясының көлігін атқылап тоқтатты. Артынша ол жерге тұрақты блокбекет қойды.   

Ал енді биылғы 23 сәуірде Әзербайжан Лашын дәлізінің кіреберісіне шекаралық өткізу пунктін орнатты.

Осылайша, Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қарабақты толық өз қолына көшіріп, ел тарихына "әзербайжандық жерлерді жинаушы" тұлға ретінде кіруге жақын.

Никол Пашинян да өз елінің тарихында қалатын түрі бар. Өткен ғасырдың 90-шы жылдары қару күшімен тартып алынған Таулы Қарабақ армян еліне ешқандай пайда әкелмеді, қайтарым бермеді, қайта сор болып жабысқандай. Грузия, Әзербайжан, Түркия арасында қысылған Армения экономикалық блокадада қалды. Оқшаулаудан құтылуға бұл елдің Еуразиялық одаққа мүше болуы да көмектеспеді. Республика дамуда көп кенжелеп қалды. Ішкі саяси ахуалы шиеленісті. Халқының рухы көтеріліп, өркендеу өріне ұмтылған жоқ, кері кетіп, әл-ауқаты құлдырады. Армения қазіргі кезде ТМД-дағы ең кедей елдердің бірі.

Бұл шыңыраудан мемлекетті Н.Пашинян алып шығуы мүмкін. Себебі, ол Арменияның Қарабақсыз жақсы дамитыны туралы ашық айта бастады.

Өткен аптада Премьер-министр Никол Пашинян Арменияның бейбітшілікке жетуінің жалғыз ғана жолы барын, ол үшін "амбициясын Армян КСР территориясымен шектеу қажеттігін" мәлімдеді. Ал Армян кеңестік социалистік республикасына Таулы Қарабақ кірмеген, ол Әзербайжан КСР құрамында болды.

Сол сөзден соң Баку Арменияны заңсыз Таулы Қарабақ республикасымен байланыстыратын Лашын дәлізін жауып, әлгі шекаралық бекетін орнатты. Бұл – бұдан былай шекараның сол жерден өтетінін белгілеумен тең еді. Бұған Ереван тарапынан қатаң реакция болған жоқ. Соған қарап, халықаралық сарапшылар Армения билігінің өз еліне кесірден басқа ештеңе әкелмеген Карабахтан түпкілікті бас тартуға дайын екенін топшылады.

"Пашинянның өткен аптадағы мәлімдемесін әлемдік ақпарат құралдары цитатаға таратып әкетті, ал сарапшылар оның жауырды жаба тоқымай, турасын айтқанына таң қалды. Шынында, 2020 жылғы соғыста жеңіліп қалғалы армян билігі Қарабақтың болашағына қатысты Бакуді де қанағаттандыратын, Арменияның өзінде революцияға соқтырмайтын теңгерімді формуланы табуға тырысуда. Мысалы, былтырғы сәуірде Пашинян басымдықтардың өзгеретінін жария етті. Енді Қарабақтың жеке өлке ретіндегі болашақ мәртебесі емес, ол аумақтағы тұрғындардың қауіпсіздігі мен құқығына кепілдіктер – Ереван үшін басты мәселе болатынын айтты. Оның байламынша, Әзербайжан құрамындағы Қарабақ - шешілген мәселе. Ары қарайғы қатаң "сауда" ондағы армян тілінің мәртебесі сияқты нақты мәселелер төңірегінде болады", – дейді ресейлік саяси шолушы, "Коммерсантъ" журналисті Кирилл Кривошеев.

Армян премьері өзінен мұны Батыс талап етіп отырғанын жасырмады: Қарабаққа қатысты "өліспей беріспес" саясатын өзгертуді Ереваннан "жақын және алыс халықаралық серіктестер" өтінген көрінеді.

Мәскеудің мұндай талап қоюы неғайбыл. Себебі, Кремль Таулы Қарабақты 90-шы жылдардың басынан бері НАТО мүшесі Түркияға және ауқатты Еуропаға үнемі аңсары ауып тұратын Әзербайжанға қысым жасаудың, оны өз ықпалы аумағында ұстаудың бір құралы ретінде қарастырды. Содан армян-әзербайжан арасындағы шекарада атыс бола қалса, Баку мен Ереван араласуды сұрап, Мәскеуге қатар жүгіретін.

К.Кривошеев екі ел арасындағы бейбітшілік пен бітімді Мәскеудің неге қаламайтынын түсіндірді: егер Ереван Қарабақты Әзербайжанға түпкілікті табыстап, алда Батыстың, Брюссельдің араағайындығымен армян-әзербайжан шекарасы туралы келісімге қол қойса, онда "Арменияның Ресеймен қатынастарын ревизия, қайта қарау күтіп тұр". Өткені Ереван мен Мәскеу арасындағы келіссөздердің басты арқауы жойылады, ол – Карабах түйткілі еді. Кремль армяндардың басым көпшілігі үшін қиын кезде қолұшын созбаған, қорған болмаған сенімсіз, көк тиын құны жоқ одақтасқа айналады.

Нәтижесінде, Еревандағы түрлі шерулерде тасталған ұран – Арменияның ҰҚШҰ әскери блогынан шығып, НАТО-ға кіруі, Еуразиялық одақты тәрк етіп, Еуропалық Одаққа мүшелікке өтініш беруі шындыққа айналуы бек мүмкін.

Онда бұл елдің бағы ашылмақ. Армян халқы еңбекқор. Ал армян жері табиғи ресурстарға аса бай. Оның қойнауы алтын, күміс, темір, мыс, қорғасын, молибден, сурьма, алюминий және басқа да дефицитті, сирек металдарға толы. Тек республика Мәскеудің ықпалынан алшақтап, Қарабақтан қол үзу арқылы блокададан босап, Әзербайжанмен және Түркиямен ынтымақтастық орнатса болды, шетелдік инвестиция тасқыны арқырай жөнелуі ғажап емес. Бұған Еуропа, бірінші кезекте армян диаспорасы көп Франция мүдделестік танытып отыр. РФ болса, отыз жылда инвестициясымен жарылқамады.

Мұны Пашинян да жақсы түсінетін болса керек, ол былтырғы 14 қыркүйекте Парламенттегі Үкімет сағатында сөз сөйлеп, Бакумен бейбіт келісім бекітуге дайындығын мәлімдеді. Ол тіпті армяндардың бір бөлігі осы қадамы үшін өзін жек көріп кететініне, сатқын деп атайтынына да көнуге әзір екенін жеткізді. Бірақ сонда ең бастысы, "қалған 29 800 шаршы шақырым аумақтағы жерінде Армения үшін ұзақ мерзімді бейбітшілік пен қауіпсіздік орнығады".

Бүгінде Н.Пашинян өз халқына Армян КСР шекарасына оралуды ұсына отырып, сол ұстанымын бекіте түсті. Яғни, қанды Қарабақ қырғынын тарихтың еншісіне тапсыруға бір қадам таяды.

Сондықтан да болса керек, Бакудың Таулы Қарабақ аумағын де-факто өз қолына алуына Ереван қарсылық танытпады. Алда осыны де-юре, құжат жүзінде бекіту қалып тұр. Сол келісімге қол қойылған күн – ТМД аумағындағы ескі жарадай болған халықаралық қақтығыс ошағының ресми жойылған күні ретінде тарихқа жазылар еді.

Баку Қарабаққа Әзербайжан құрамында автономия беріп, жеке отау тіккізбейтінін, республиканың бір ауданына айналатынын, ал ондағы тұрғындарға Әзербайжан азаматы мәртебесі ұсынылатынын жариялады.

Осы тағдырға мойынсұну керектігін қарабақтық армяндар да түсінетін болса керек. Олар былтырғы жаздан бастап, Армениясыз, Бакумен тікелей келіссөздерге көнді. Бастапқыда Қарабақ армяндарының мүддесін мойындалмаған Таулы Қарабақ республикасының қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Виталий Баласанян ұсынды. Ол әзербайжан тілінде жақсы сөйлейді, дегенмен, 1992-1994 жылдардағы Бірінші Қарабақ соғысында далалық командир ретінде әзербайжан тұрғындарына қатысты қатыгездігімен танылған. Сондықтан биылғы жыл басында Баласанян отставкаға жіберілді. Оны ауыстырған Самвел Шахраманян Бакумен диалогты жалғастыруда.

Келіссөздер жабық өтеді, тиісінше онда не мәселе қозғалатынын тек топшылауға болады. Мысалы, Қарабақ армяндарының Әзербайжан паспортын алуы қиынға түсуі мүмкін. Себебі, олардың белсенділерінің үстінен Баку сепаратизм бабы бойынша іс қозғауға құқылы. Армяндар еш рұқсатсыз қаптатып салған жылжымайтын мүлік, бизнес те келіссөзге тамыздық бола алады. Сарапшылар жаппай миграция болуы мүмкіндігін де жоққа шығармайды. Онда халқының саны 3 миллионға да жетпейтін Арменияға 100 мыңдай жаңа тұрғынды қабылдауға тура келмек. Мұның ресейлік ақпарат құралдары жазып жатқандай, Арменияда көші-қон дағдарысын тудыруы неғайбыл. Былтыр бұл ел Ресейдегі мобилизациядан қашқан ондаған мың ресейлікті қабылдады. Күйреп қалған жоқ. Тәжірибесі бар.

Бұл бәрібір отыз жылдан астам уақыттан бері дүркін-дүркін тұтанатын соғыстан жақсы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу