Ажал аттракционы

1473

Екі баланы анасынан айырды. "Тарзанка" келіншекті келмеске кетірді. Тағы да қылмыстық іс қозғалды. Қашанға дейін бұлай жалғаса береді? 

Ажал аттракционы       Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Артур Платонов Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға жолдаған депутаттық сауалында осылай дабыл қақты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Ол депутаттар бұған дейін бір емес, бірнеше рет демалыс парктерінің қызметін, аттракциондар мен балалар алаңдарының техникалық жағдайын қатаң бақылауға алу қажеттігі туралы Үкіметке жүгінгенін, алайда нақты шара қолданылмағанын мәлімдеді. 

"Ел аумағындағы аттракциондарға қойылатын талап Еуразиялық экономикалық одақтың "Аттракциондардың қауіпсіздігі туралы" техникалық регламентінде белгіленген. Осыған сәйкес негізгі талап ұлттық деңгейде анықталуға тиіс. Сауда және интеграция министрлігі ұлттық стандартты бекітіп, қолданысқа енгізді. Бұдан бөлек "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" заңға өзгерістер енгізіліп, аттракциондардың қауіпсіз пайдаланылуын бақылау міндеті жергілікті атқарушы органдарға жүктелді. Аттракциондар белгіленген тәртіп бойынша орнатылған жағдайда ғана қолдануға рұқсат алуға тиіс. Алайда іс жүзінде барлығы басқаша. Қайғылы жағдайларды тергеу кезінде аттракциондарды орнату және пайдалану ережесі өрескел бұзылатыны анықталады. Жергілікті билік аттракционды орнатуға рұқсат бермегендерін айтып, ат-тондарын ала қашады. Сонда адамдардың қауіпсіздігіне кім жауап береді? Олар жарақат ала беруі немесе қайтыс болуы керек пе?", – деп ашынды Артур Платонов.

Оның сөзінше, елімізде аттракциондарды алдын-ала және жоспарлы тексеру тәртібін есепке алу және бақылау жоқ. Техникалық куәлік тіркелмейді. 

Аттракциондардың қауіпсіз қызмет көрсетуін бақылайтын маман аттракцион иесінің немесе пайдаланушы ұйымның бұйрығымен тағайындалады. Олар іс жүзінде өздерін өздері тексереді. Яғни өздерін де, өзгелерді де алдайды. 

"Аттракциондар есепке алынуға тиіс. Алайда бұл іс атқарылмайды. Мұның соңы қайғылы жағдайға душар етеді", – деді депутат. 

Артур Платоновтың айтуынша, ұлттық стандартта қолданыстағы аттракциондардың техникалық куәлігі болуға тиіс екені нақтыланған. Алайда бұл нұсқау орындалмайды. 

"Ажал аттракционы балалар мен ересектердің өмірін жалмап жатыр. Ал шенеуніктер әрекетсіз отыр", – деді депутат. 

Оның ойынша, қайғылы оқиғалардың алдын алу және қайталануына жол бермеу үшін балалар мен ересектердің қауіпсіздігіне, жабдықтың сапасына дербес жауапкершілік тағайындап, жүйелі бақылау жүргізу қажет. 

"Осы саланы бақылауға бекітілген шенеуніктерді жауапқа тартуды ұсынамын", – деді Артур Платонов депутаттық сауалында. 

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу