Әжей немересі үшін қоғамдық көліктің бағытын өзгертпек

2010

"Көктал-1" тұрғын үй алабында көшпелі қоғамдық қабылдау өтті.

 Әжей немересі үшін қоғамдық көліктің бағытын өзгертпек

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласының Сарыарқа ауданындағы "Көктал-1" тұрғын үй алабында орналасқан № 40 мектеп-лицейдің кең залында "Nur Otan" партиясы астаналық филиалының көшпелі қоғамдық қабылдауы болды. Шара "Халыққа Көмек" ұлттық жобасын жүзеге асыру аясында өтті. Қала тұрғындары өздерін толғандырып жүрген сұрақтарын "Nur Otan" партиясы өкілдеріне, Сарыарқа ауданының әкіміне, қалалық мәслихат депутатына тікелей қоюға мүмкіндік алды.

Солардың бірі қала тұрғыны Сағила Әбдірахманқызы немерелерінің қамын ойлап келген.

"Осындай халықтық қабылдаулардың болғаны жақсы. Әкіммен, депутаттармен, "Nur Otan" өкілдерімен кездестім. Қабылдауға келу себебім мектепте оқып жүрген немерелерім, шөберелерімнің мектепке қатынауы қиын болып жүр. Сабаққа бару үшін балалар жолда екі автобусқа мінеді. Нөмірі 46-шы автобустың бағытын өзгертіп 41-ші мектептің жанынан жүргізсе деп сұрап отырмын. Сарыарқа ауданының әкімі Ерғали Егембердімен сөйлестім. Әкім мені жол-көлік басқармасы басшысына ертіп апаратын болды. Осылайша, ақырындап мәселелер шешіледі деп ойлаймын", – деді Сағила әжей.

Тағы бір қала тұрғыны Талғат Сансызбайұлы  "Nur Otan" партиясы астаналық филиалы Төрағасының орынбасары Мұрат Шұнғұлшинге жолығып "Көктал-2" тұрғын үй алабында кәріз жүйесі мәселесі шешілмей тұрғанын жеткізді.

"Көше бойында пайдаланылған лас су жиналып қалады, балалар түсіп кете ме деп қорқамыз. Әрі қолдан қазылған ұңғыма құдықтар да антисанитариялық жағдай туындатып отыр. Осы проблемаларды шешуге партия өкілі уәде беріп отыр", – дейді Талғат Сансызбайұлы.

Келген халықтың көпшілігі тұрғын үй мәселесі, инфрақұрылым, қоғамдық көлік қатынасы мәселелері бойынша шағымданды. Қабылдау залында халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, автокөлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бөлімдері, қалалық қоршаған орта сапасын бақылау, Ұлттық банк, БЖЗҚ өкілдері, сондай-ақ, адвокаттар алқасы, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, жеке сот орындаушыларының нотариалдық және аймақтық палатасы мамандары да тұрғындарға кеңес берді.

"Нұр Отан" партиясының халықтың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған "Халыққа көмек" жобасы наурыз айында басталған болатын. Қарапайым халық Facebook және instagram әлеуметтік желісіндегі halykkakomek парақшасына тіркеліп, өз мәселесін дер кезінде шешуіне болады.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу