Ажырасқандар аз емес, алимент төлейтіндер ше?

Қызылордада 11630-ға жуық алимент алушы тіркелсе, 3 айдан астам уақыт бойы алимент төлемеген 1230 қызылордалық борышкер бар екен.

Ажырасқандар аз емес, алимент төлейтіндер ше?

Облыста алимент төлемей жүрген ер адамдардың қатар көп болса да, баласына ақшасын "қимайтын" борышкер әйелдер де бар болып шықты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Жалпы, заң бойынша ата-ана үш айдан астам уақыт бойы алимент төлемесе, әуелі әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мысалы, ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша биыл Қызылорда облысында 263 борышкер жауапкершілікке алынып, ҚР Қылмыстық Кодексінің 139-бабы бойынша 25 іс сотқа жолданыпты. Бұл туралы Қызылорда облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Расул Серікұлы айтып берді.

"Қазақстанда алимент төлемейтіндер өте көп. Ата-аналар баласының алдындағы қарызын ұмытып, нақты табысын жылдар бойы жасырады. Мысалы, жұмыс істемейтін борышкерлер қазақстандық орташа жалақыдан (2023 жылдың 1 тоқсанында 340 696 теңге) алимент төлеуге міндетті. Егер борышкер жұмыс істесе, онда ол ең төменгі жалақы (2023 жылы 70 мың теңге) төлеуге міндетті. Тәжірибеге сүйенер болсақ, алимент төлемеудің астарында өзара өкпе-реніш жатыр. Ажырасу салдарынан күйзеліске түскен ата-аналар еш кінәсіз балаларына қамқорлық жасаудың орнына, бұрынғы ерлі-зайыпты кезіндегі бір-біріне деген ашу-ызасын әлі жалғастыруда. Кейбір аналар әкесіне баласын көруге мүмкіндік бермейді, сол себепті олар да балаларын материалдық қолдаудан бас тартады", - деді ол.

Қала тұрғыны Бағдат Бексұлтанов баласына алимент төлемейтіндерді түсінбейтінін, баланың өсіп-жетілуі үшін бұл ақшаның маңызы зор екенін айтады.

"Жұмсартып айтар болсақ, әке-шешесі бірге тұрмауға шешім қабылдайды. Мұның балаға қалай әсер ететіні де белгілі ғой. Солай бола тұра өз балаларын қаржылай қолдамау, яғни алимент төлеуден жалтару дегенді түсіне алмаймын. Әрине, кімге болса да оңай емес, дегенмен мынандай қымбатшылық заманда бәрі заң жүзінде шешіліп, соған мойынсұну керек. Алимент баланы асырап-бағуға, білім беруге, тәрбиелеуге және денсаулығын жақсартуға беріледі. Меніңше, мұндай жауапкершіліктен ешқандай ата-ана қашпауы тиіс", - дейді ол.

Қала көшелеріндегі баннерларден "Әке, алимент төлеші...", "Әке болу оңай, әке болып қалу қиын..." деген жазуларды жиі байқауға болады. Мұның өзі еліміздегі алимент мәселесінің ушығып тұрғанын көрсетсе керек.

"Қызылорда облысында сот орындаушылар өндірісінде алимент бойынша бірінші жартыжылдықта 11626 атқару өндірісі бар, оның ішінде 8310 атқару өндірісі мерзімдік орындалуда, 3090 атқару өндірісі бойынша борышкерлер алименттерді өз бетінше төлейді. Жалпы, алимент санаты бойынша берешегі қалыптасқан, яғни 3 айдан астам уақыт бойы алимент төлемеген 1230 қызылордалық борышкердің Қазақстан Республикасы аумағынан шығуына шектеу қойылды", - деді Қызылорда облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасы басшысының орынбасары Расул Серікұлы.

"11626 атқарушылық өндіріс бар" дегені – Қызылорда облысы бойынша 11626 ата-ана алимент алады деген сөз. Алимент төлеуден қашып жүргендердің қарызы жөнінде де нақты ақпараттар бар. 3 айдан астам алимент бермеу дерегімен 76 атқарушылық іс жүргізілсе, 34 350 322 теңге берешек ерікті негізде жартылай өтеліп жатқан көрінеді. Ал 108 280 465 теңге сомасындағы 150 атқару өндірісі бойынша алимент мүлдем төленбеген.

"Қазіргі уақытта борышкердің мүліктік жағдайын анықтау мақсатында тоқсан сайын бірлесіп рейдтік іс-шаралар мен борышкерлердің мекенжайларын аралау іс-шаралары өткізілуде. Жеке сот орындаушысы тек сот шешімін орындаушы ғана екенін атап өткен жөн, және сот шешімі негізінде мәжбүрлеу шараларын қолданады. Алайда жеке сот орындаушысының мақсаты борышкерге шара қолдану емес. Ол – тек қызмет бабындағы іс-әрекеттің бірі. Егер өндiрiп алушы мен борышкер арасында татуласу келiсiмi болса, атқару құжаты жеке сот орындаушысының орындауына ұсынылмай-ақ, борышкер өз еркiмен кәмелетке толмаған балаларына алимент төлей алады. Сонымен қатар, ең бастысы бала ата-анасының қасында толық отбасында бақытты болуға лайық деп білемін", - дейді Расул Серікұлы.

Шыны керек, қоғамда борышкер азаматтардан өз балаларын асырау үшін алименттерді уақытылы төлеуді сұрайтындар саны көп болуы тиіс. Өйткені, біріміздің алимент төлемей жүрген танысымыз, кейбіріміздің алиментке зәру туысымыз болуы мүмкін. Сондықтан, "баламды қайтсем де өзім-ақ жетілдіремін" деп жүргендер жалған намысты жиып қойып, шындыққа шынайы қаруы керек сияқты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу