Қазақстан мен Нидерланды құрамалары биыл күзде Мадридте өтетін Дэвис Кубогінің финалына арналған 12 жолдаманың бірін жеңіп алу үшін 6-7 наурыз күндері кездесу өткізуде. Мұндай форматтағы турнир қатарынан екінші жыл ұйымдастырылып жатыр. Былтыр дәл осы турнирде Қазақстан Португалия құрамасын жеңіп, финалға жолдама алған болатын. Ал Дэвис Кубогінің финалында топтық кезеңде Қазақстан алғаш рет Нидерландымен кездесіп, біздің құрама 2:1 есебімен жеңіске жеткен.
6-наурыз күні Робин Хасе Михаил Кукушкинге қарсы өнер көрсетті. Голландиялық 1-айналымда 6:4 есебімен жеңіске жетті. Ал екінші партия 7:6 есебімен аяқталып, Кукушкин есепті теңестірді. Бірақ, шешуші сетте Хасе 6:3 есебімен жеңді. Нәтижесінде кездесу Хасенің пайдасына, 3:1 есебімен аяқталды.
Ойын аяқталған соң нидерландиялық жеңіске жетем деп ойламағанын айтты. "Әрине, бұл жеңіс өте маңызды. Мен үшін де жақсы нәтиже болды. Михаил Кукушкин – тамаша ойыншы. Ал, Дэвис Кубогінің аясында өтіп жатқан ойында ол бұрынғыдан да жақсы ойын өрнегін көрсетті. Кукушкінді өз елінде өтіп жатқан турнирде жеңу – бұл өте керемет нәтиже. Әлі де сене алар емеспін", - деді Хасе. - Алғашқы сетте қатарынан төрт геймде жеңдім. Ал екінші айналым басталғанда сәл абдырап, қателікке жол бердім. Нәтижесінде, Кукушкин менен басым түсті. Бірақ, үшінші айналымда жақсы ойнап, кездесуді жеңіспен аяқтадым" - деп қоса кетті нидерландиялық теннисші.
Ал екінші кездесуде қазақстандық Александр Бублик екі сағатта Таллон Грикспурды тай-брейкте екі сетте де бірдей, яғни 7:6 есебімен жеңді. Александрдың айтуынша қарсыласы Әлемдік рейтингте өзінен біршама төмен сатыда орналасқандығына қарамастан айтарлықтай мықты болып шықты. Әлемдік рейтингте Александр 51-орында, ал Таллон 196-орында тұр.
"Бүгін өзімді тамаша сезіндім. Сондықтан да жеңіске жеттім, - деді Бублик. – Бұл Дэвис Кубогі ғой. Былтыр Жоао Соузға қарсы ойнағанда ТОП-100 ойыншының қатарында да болған жоқпын. Бірақ, оған қарамастан мен оны жеңдім. Кездесуді жеңілістен бастау қиынға соққанымен, мен жеңіске жетіп, есепті теңістірдім", - деп қоса кетті ол.
Бүгін Александр Недовесов пен Андрей Голубев Уэсли Колхоф пен Жан-Жюльен Ройер жұбына қарсы ойнайды. Ал, Бублик Хасеге, Кукушкин Грикспурге қарсы өнер көрсетеді. Осы кездесулердің жеңімпазы 23-29 қараша аралығында Мадриде өтетін жарысқа барады.
Ермұхамед Мәулен