Биылғы Азия чемпионаты 16-26 сәуір аралығында Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтеді. Еліміздің ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев құрлық біріншілігіне қатысатын боксшыларымыздың тізімін жариялады. Әрі Бангкокқа негізінен өткен жылғы ел чемпиондары баратындығын мәлімдеді.
Таиландқа баратын ұлттық құрама сапына тек екі чемпионымыз іліге алмапты. Былтыр қараша айында өткен Қазақстан чемпионатында топ жарған Абылайхан Жүсіпов (69 келі) жақында Болгарияда жалауы желбіреген халықаралық турнирде қолын жарақаттап алған.
Сондықтан 69 келі салмақ дәрежесінде еліміздің күміс жүлдегері Асланбек Шымбергеновке сенім артылатын болыпты. Сондай-ақ Әбілхан Аманқұл да жарақатынан толық айығып кетпеген. Оның орнына 2018 жылғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері Тұрсынбай Құлахмет алыныпты.
Бас бапкер Азия чемпионатында боксшыларымыздың бәріне де үлкен міндет жүктелетіндігіне тоқталыпты. Мұны "барлық салмақ дәрежесінде жүлдеге таласатын боламыз" деп атап өткен. Әрі Алматыда қысқа мерзімді оқу-жаттығу жиынын өткізетіндіктерін де тілге тиек етіпті. Басты мақсаттары – "Сарықұрлық" біріншілігінде әлем чемпионатына жолдама алу.
Өздеріңізде білесіздер, соңғы жылдары біздің боксшыларға Азияда алтын алу оңай болып жүрген жоқ. Әйтсе де, күрзі жұдырықты жігіттерімізге шүбәсіз сенеміз. Оның үстіне, наурыз айының соңында AIBA президенті Гафур Рахимовтың өз қызметінен кеткені жария болған. Кім біледі, бәлкім, енді төрешілер қара қылды қақ жарып, әділетті болуға тырысар.
Әлемдік спорттағы AIBA және оның төрешілері дауы (тіпті былығы) әлі ашылар-ау. Оған біз арнайы тоқтап та өтуге тырысамыз. Ал әзірше Бангкоктағы Азия чемпионатында намысымызды жыртатын жігіттеріміздің тізіміне назар аударыңыздар:
49 келі: Теміртас Жүсіпов
52 келі: Әнуар Мұзапаров
56 келі: Қайрат Ерәлиев
60 келі: Закир Сафиуллин
64 келі: Санатәлі Төлтаев
69 келі: Асланбек Шымбергенов
75 келі: Тұрсынбай Құлахмет
81 келі: Бек Нұрмағанбет
91 келі: Василий Левит
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев
Маруан Түсіп