Азия чемпионатына қатысатын боксшылар тізімі белгілі болды

1640

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев Азия чемпионатында бәсекелсетіктің жоғары болатынын атап өтті.

Азия чемпионатына қатысатын боксшылар тізімі белгілі болды

21-мамыр мен 1-маусым аралығында Дубайда (Біріккен Араб Әмірліктері) ересектер арасында бокстан Азия чемпионаты өтеді және құрлықтық чемпионатта ел намысын қорғайтын спортшылар тізімі белгілі болды. Сонымен, турнирде Қазақстан құрамасы атынан Даниял Сәбит (49 кг), Сәкен Бибосынов  (52 кг), Сабырхан Махмуд (56 кг), Серік Теміржанов (60 кг), Зәкір Сафиуллин (64 кг),  Абылайхан Жүсіпов (69 кг), Әбілхан Аманқұл (75 кг), Бекзад Нұрдәулетов (81 кг), Василий Левит (91 кг), Қамшыбек Қоңқабаевтар (+91 кг) сынға түсетін болады.

Осыған байланысты бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев алда өтетін Азия чемпионатына қатысатын спортшылар туралы өз пікірін білдіре кетті.

"Азия чемпионатында негізгі құрам өнер көрсетеді. Өйткені бұл турнир – Токиода өтетін Олимпиада ойындары қарсаңындағы маңызды жарыстардың бірі. Чемпионат биыл өтетін төртжылдықтың басты додасына тамаша дайындық болмақ. Олимпиадада өнер көрсететін жігіттерді тағы бір рет сынақтан өткізіп көреміз.

Өздеріңіз көріп отырғандай,  командада біраз өзгерістер бар. Мысалы, Серік Теміржанов осы чемпионатта 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетеді. Сабырхан Махмуд 56 келіге дейінгі салмаққа көтерілді. Біз сондай-ақ осы турнирге ең жас спортшылардың бірі - 49 кг салмақ дәрежесінде Даниял Сәбитті жібереміз", - деді бас бапкер.

Сонымен қатар Ғалымбек Кенжебаев Азия чемпионатында бәсекелестіктің жоғары болатынын ерекше атап өтті.

"Әрине, Олимпиада бірінші орында. Бірақ командалық есепте көш бастасақ, бұл артықтық етпейді. Біз әрқашан тек жеңіске жетуді көздейміз. Азия чемпионаты қазір бәсекеге қабілетті турнирлердің біріне айналды. Өзбекстан өкілдерінен басқа, Үндістандық боксшылар да бар. Бұлар әлемдегі ең мықты командалардың бірі. Тайланд, Филиппин, Оңтүстік Корея, Қытай, Олимпиада қожайындары Жапония сияқты маңызды қарсыластар өте көп. Дәл қазіргі уақытта азиялық бокс өте мықты", - деп қоса кетті Ғалымбек Кежебаев.

Ерлермен қатар Азия чемпионатында Қазақстан әйелдер құрамасынан Алуа Балқыбекова (48 кг), Назым Қызайбай (51 кг), Дина Жоламан (54 кг), Владислава Кухта (57 кг), Римма Волосенко (60 кг), Милана Сафронова (64 кг), Валентина Хальзова (69 кг), Вольнова Марина (75 кг), Фариза Шолтай (81 кг), Ләззат Күнгейбаева (+81 кг) шаршы алаңға шығатын болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу