Азия чемпионатында алты боксшымыз алтыннан алқа тақты

1810

Чемпионат Иордания астанасы Амманда өтуде.

Азия чемпионатында алты боксшымыз алтыннан алқа тақты

Жастар мен жасөспірімдер арасында өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатының финалдық кезеңінің бірінші күні қазақстандық боксшылар алты алтын жүлде жеңіп алды. Ерлер арасында Айдар Қадырхан, Төрехан Сабырхан, Ахмет Үсен және Санжар-Әли Бегалиев алтыннан алқа тағып, ел абыройын асқақтатты. Аталған боксшылар арасынан Төрехан Сабырхан мен  Санжар-Әли Бегалиев Өзбекстан мен Ираннан келген қарсыластарын техникалық нокаутпен жеңді. Бұдан бөлек Қазақстан қоржынында екі күміс және турнирдің бірнеше қола жүлдесі бар.

Ал қыздар арасында чемпионатта екі боксшымыз тамаша өнер көрсетіп, Аружан Жанғабаева мен Құралай Егінбайқызы турнирдің жеңімпазы атанды. Жарысты тағы бес спортшымыз күміс жүлдемен аяқтады. Олар Карина Тоқубай, Ұлдана Таубай, Нұрсұлу Сүйенәлі, Роксолана Валиева және Шұғыла Нәлібай. Тағы бірнеше қатысушы турнирдің қола жүлдегерлері атанды.

Айта кетейік, бүгін, 14 наурыз күні финалдық жекпе-жектерде жастар арасындағы құрлықтық турнирдің мықтылары анықталады. Алтын жүлде үшін Қазақстан құрамасының 14 боксшысы (ерлер арасында 7, қыздар арасында 7) жұдырықтасады. Бір қызығы, осы жекпе-жектердің 11-інде өзбек боксшылары қазақ боксшыларымен өзара мықтыны анықтайды. Жекпе-жектер тікелей эфирде Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 17:00-де басталады.

Ерлер:

51 кг. Алмат Әбдуәлі (Қазақстан) – Худжаназар Нортожиев (Өзбекстан)

67 кг. Ислам Советов (Қазақстан) Фазлиддин Еркинбоев (Өзбекстан)

71 кг. Егор Егоров (Қазақстан) Алишер Аюбов (Өзбекстан)

75 кг. Дәулет Төлемісов (Қазақстан) Рахматулло Бойматов (Өзбекстан)

80 кг. Сұлтанбек Айбарұлы (Қазақстан) Абдулазиз Абдурахмонов (Өзбекстан)

86 кг. Темірлан Мұқатаев (Қазақстан) Жамолиддин Козоков (Өзбекстан)

92 кг. Ердос Шәріпбек (Қазақстан) Айназар Кеңесбаев (Өзбекстан)

Қыздар:

52 кг. Томирис Мырзақұл (Қазақстан) Мунаввар Фозилова (Өзбекстан)

54 кг. Виктория Байдукова (Қазақстан) Рано Мұратбаева (Өзбекстан)

57 кг. Ұлжан Сәрсенбек (Қазақстан) Натичачонг Пронгкланг (Тайланд)

66 кг. Бақыт Сейдиш (Қазақстан) Приянка (Үндістан)

70 кг. Гауһар Шайбекова (Қазақстан) Азиза Зокирова (Өзбекстан)

75 кг. Аида Сарибарова (Қазақстан) Мускан (Үндістан)

81 кг. Камила Бажбенова (Қазақстан) – Олтиной Сотимбоева (Өзбекстан).

Айта кетейік, турнирде Өзбекстан құрамасы 11 алтын, 6 күміс және 3 қола медальмен командалық есепте көш бастап тұр. 8 алтын, 7 күміс және 10 қола медальмен Үндістан құрамасы екінші орынға жайғасты. Қазақстан 6 алтын, 7 күміс және 9 қола медальмен үздік үштік қатарын толықтырды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу