Бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов шағын сұхбат беріп, ел біріншілігіне кімдер қатысып, кімдер қалыс қалғаны туралы айтып берді.
"Ел біріншілігіне еліміздің әр өңірінен (ерлер және әйелдер) 400-ден аса боксшы қатысады. Олардың арасында Ұлттық құраманың көшбасшы боксшылары да бар. Алайда, өткенде ғана Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан өткен Азия чемпионатында ел қоржынына жүлде сыйлаған боксшыларымыз ішкі біріншіліктен босатылды", – деді бас бапкер.
Азия біріншілігінде жүлде алған босшылар ел чемпионатына қатыспаса да, жарыс тартысқа толы боларына сенім артып отырғанын жеткізді.
"Құрлық біріншілігінде жүлде алған боксшылар ел чемпионатына дайындалып үлгермейтіні анық. Сондықтан оларды босаттық. Бізде өзге де мықты боксшылар жетерлік. Әр өңір өздерінің ең таңдаулы спортшыларын жарысқа қосады. Енді ғана ересектер дуына қосылып жатқан жас талантты боксшылар бар. Сондықтан, ел чемпионаты тартысқа толы боларына сенемін. Жаңа чемпиондар, жаңа есімдер анықталатын күн алыс емес", – деп атап өтті Қайрат Сәтжанов.
Айта кетейік, бокстан Қазақстан чемпионаты 18-24 желтоқсан аралығында Қарағанды қаласында өтеді. Жарыстың ресми ашылу салтанаты 18 желтоқсан сағат 14:00-ге жоспарланған. Әр күні жарыс 14:00-де басталады.