Азия чемпионы Ақжүрек Таңатаров және 13 жүлде

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
5641

Үндістанда күрес түрлерінен Азия чемпионаты аяқталып, Қазақстан балуандары екі алтын, бес күміс, алты қола медаль жеңіп алды.

Азия чемпионы Ақжүрек Таңатаров және 13 жүлде Фото: kfb.kz

Әйелдер күресінен төрт жүлде

Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында әйелдер арасындағы еркін күрестен Қазақстан қыздарына төрт жүлде (бір күміс, үш қола медаль) бұйырды. Боз кілемге ең соңынан шыққан, 58 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Гүлшахарат Таласова ширек финада қырғыз қызы Айсулуу Тыныбековадан ұтылып қалды. Қарсыласы финалға шыққан соң (ол тіпті Азия чемпионы атанды) қола жүлде үшін күресу құқығына ие болған. Бірақ тағы жеңілді. Бұл жолы жапон қызы Катсуки Сакагамиге есе жіберіп алды.

Ақжүрек Таңатаров – Азия чемпионы

Нью-Дели кілеміндегі белдесулер қазақ балуандары үшін сәтті болды деуге болады. Өйткені, биыл еркін күрестен де Азия чемпионы шықты. 70 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Ақжүрек Таңатаров сенімді ақтап, алтынмен апталды. Құрлық біріншілігін ширек финалдан бастап, әуелі моңғол Хатанбатар Даватсеренді 12:1 есебімен жолынан тайдырды. Жартылай финалда жапон Момоджиро Накамурадан 11:7 есебімен басым түсті. Ал финалда Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, 2015 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, өзбек Ихтиор Наурузовты 11:7 есебімен ұтып, Азия чемпионы атанды.

Азамат Дәулетбеков – күміс жүлдегер

86 келіде бақ сынаған Азамат Дәулетбеков те боз кілемге ширек финалдан бастап шықты. Әрі түркімен балуаны Ашот Машурянды арлы-бері аунатып, екі минутқа жеткізбей жеңді (10:0). Жартылай финалда өзбек Умиджон Исмановтан 9:8 есебімен басым болды. Өкінішке қарай, финалда Иран балуаны Алиреза Мухаммад Каримимачианиден ұтылып қалды (1:12).

Дәулет Ниязбеков пен Нұрислам Санаев – қола жүлдегерлер

61 келіде белдескен Дәулет Ниязбеков ширек финалда тәжік Абдулқосим Файзиевтен үстем болды (11:0). Алайда жартылай финалда Иран балуаны Бехнам Эхсанпурдан айласын асыра алмады (4:9). Қола жүлде үшін Корея саңлағы Джихун Юнмен белдесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті.

57 келіде сынға түскен Нурислам Санаев алғашқы айналымда қытай В.Зоуды жеңді (10:0). Ширек финалда Солтүстік Корея саңлағы Кумсонг Риден айласын асырды (3:2). Жартылай финалда моңғол Занабазар Занданбудке қайрат көрсете алмады (0:8). Қола медаль үшін өткен белдесуде қырғыз Улукбек Жолдошбековтен басым түсті (7:2).    

Төрт балуанымыз жүлдесіз қалды

Еркін күрестен қалған төрт жігітіміз жүлдеге іліге алмады. Атап айтқанда, Мейіржан Әшіров (65 келі), Ғалымжан Өсербаев (74 келі) және Ермұхамбет Іңкәр (125 келі) сынды балуандарымыз алғашқы айналымда жеңіліске ұшырады. Ал Ералы Абдрашев (97 келі) бірінші айналымда Қытай қыранын ұтқанымен, ширек финалда қырғыз елінің атынан шыққан Магомед Мусаевқа есе жіберіп алды.  

Барлығы – 13 жүлде

Сонымен күрес түрлерінен 2017 жылғы Азия чемпионаты аяқталды. Қазақ балуандары құрлық біріншілігінен 13 жүлде еншіледі. Оның екеуі – алтын, бесеуі – күміс, алтауы – қола. Бесеуін (1+3+1) грек-рим күресі майталмандары, төртеуін (0+1+3) қыз-келіншектеріміз, ал тура сонша төртеуін (1+1+2) еркін күрес шеберлері жеңіп алды. Естеріңізге сала кетейік, Азия чемпионатының алғашқы күні грек-рим күресінен 75 келіде ел намысын қорғаған Мақсат Ережепов жеңімпаз атанып, алтын медаль олжалаған болатын.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу