Азия: коронавирус дағдарысының екінші толқыны

5173

Еуропада инфекция құрбандары көбейгенде, "Сары құрлықта" "импортталған" инфекциялық пандемия қайта күшейіп келеді. 

Азия: коронавирус дағдарысының екінші толқыны

Қатаң шектеулерге қарамастан, коронавирус құрбандарының саны Еуропа мен Құрама Штаттарда сенбі күні тіпті артты. Германияда бір жерге екі адамнан артық жиналуға тыйым салынып, тіпті канцлер Ангела Меркельдің өзі карантинге жабылды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Нью-Йоркте, Калифорнияда, Вашингтонда дереу 4000 орындық медициналық станциялар мен госпитальдар салуға және желдеткіштер табуға бұйрық берді. Ал, Сенат Америка экономикасын құтқаруға 1 триллион доллар бөлу туралы заңды тағы дауысқа салмақ. Бұл қор отбасыларды, бизнесті, ауруханаларды қолдауға жұмсалуға тиіс. Дегенмен, демократтар республикалықтар ұсынған жәрдемді азсынып, қаржылық құжатты жоғарғы палатадан алғашқы оқылымда өткізбеді.

Еуропаның бірнеше мемлекеті де қазір экономиканы күйреуден сақтау мақсатында ынталандыру пакеттерін жариялап жатыр.  

Айта кетсек, АҚШ-та жұмбақ дерттен 400-ден астам тұрғын қайтыс болып, 33 мыңы оны жұқтырғандар санатына алынған. Осыған байланысты америкалықтардың үштен бірі түрлі деңгейде оқшауланып отыр.

Жаңа вирус кесірінен қазір планетада бір миллиардқа жуық адам үйде отырса, ғалам экономикасы ондаған жылдар бойы көрмеген үлкен рецессия қаупіне тап болды.

"Мен бұны айта алмаймын", – дейді Трамп АҚШ экономикасы қашан қайта ашылатыны жөніндегі сауалға. Ал, Нью-Йорк мэрі Билл де Блазиоға сенсек, Америка 1930 жылдардағы Ұлы Күйзелістен бергі ең ауыр дағдарысқа беттеп барады. Тағы бір сөзінде қала басшысы Нью-Йоркте 10 күнге ғана жететін желдеткіш қалғанын ескертті.

Желтоқсанның соңынан бүгінге дейін жер шарында коронавирустан 14500-ге жуық адам қайтыс болып, 331 000 адам оны жұқтырған.

"Шынымды айтсам, мені Қытай аздап қынжылтты", – дейді Трамп коронавирус дағдарысы басталған кезде ынтымақтастық пен ақпараттың болмағанына налып.

Бірер күн бұрын Италия пандемия құрбандары саны жағынан Қытайды басып озды. Апенин түбегінде Covid-19-ке 59000 адам шалдығып, 5500-ге жуығы жан тәсілім еткен. Қысқасы, бұл мемлекетте оқшаулану шаралары эпидемияны ауыздықтай алмай отыр.

"Ойнайтын нәрсе емес"

"Мен білмеймін, кейбір адамдар неге түсінбейді. Осынша бейқамдық, менмендік өзін-өзі жоюға апарады, басқаны сыйламауды білдіреді. Бұны тоқтатуға тиіспіз. Ойнайтын нәрсе емес", – дейді Нью-Йорк губернаторы Эндрю Гуомо қала парктерінің әлі де адамға толы екеніне шағымданып.

Италияда көптеген тұрғын бұйрыққа бағынбай, жағажайларға баруды тоқтатпағасын, полицейлер теңіз жағалауын қатаң бақылауға алып отыр.
Испания үкіметі болса,  парламенттен15 күндік төтенше жағдайды тағы жарты айға ұзартуды сұрап, тұрғындарды сәуірдің 11-не дейін "абсолюттік қажеттіліксіз" үйден шығармаудың жолдарын қарастырып жатыр. Бұл корольдікте сенбі күні коронавирус құрбандарының саны 1720-ға жетті және де жұмбақ инфекцияны опера жұлдызы Пласидо Доминго да жұқтырған.

Францияда дауасы жоқ аурудан 562 адам қайтыс болса, Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джонсон оқшаулау шаралары шұғыл қабылданбағанда, Біріккен Корольдіктің екі аптада кейін, Италияның кебін киетінін ескертті.

Азия, Таяу Шығыс, Латын Америкасы

Қытайда Covid-19-ды жұқтыру оқиғалары мейлінше кемігенімен, Азияға коронавирус дағдарысының екінші толқыны қатер төндіре бастады. "Сары құрлықта" жаңа инфекцияны Еуропа тәрізді "ыстық нүктелерден" әкелу фактілер көбейіп келеді.

Таиландта, Камбоджада, Сингапурда, Гонконгта, Малайзияда, Индонезияда коронавирус оқиғалары бұған дейін азайса, қазір қайта көбейіп келеді. Осы күндері тіршілігі қыз-қыз қайнаған Дели мен Мумбайдың да көшелері босап қалған.

Таяу Шығыс та дабыл қағып отыр. Мұнда Иран тұрғындарының 21600-ден астамы жаңа вирустан емделіп жатыр. Алайда, кейбір сарапшылардың ойынша, Ислам Республикасында Covid-19-ға шалдыққандар шын мәнінде әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Сауд Арабиясы дүйсенбіден бастап 21күнге төтенше жағдай жарияласа, Біріккен Араб Әмірліктері әуедегі шекарасын екі аптаға жапты.

Түркияда өткен тәулікте тағы 9 адам коронавирустан қайтыс болып, құрбандардың жалпы саны 30-ға жетті. Жұқтырғанғандар қатары 1260-ға жақындап қалған.

Аустралия шетелдіктер үшін шекарасын бекітсе, Пәкістан барлық халықаралық әуе рейстерін доғарып жатыр. Ал, Африкада коронавирус жұқтырғандар 1200-ден асса, сенбі күні Чили Латын Америкасында пандемияға байланысты қозғалысты шектеген соңғы ел атанды.

Канада Токио Олимпиадасынан бас тартты

Халықаралық Олимпиада Коммитеті Токио Ойындарын доғару мәселесін талқылай бастайтынын мәлімдеді. "Рейтер" агенттігі хабарлағандай, ХОК-тың жақында өтетін конференциясында 2020 жылғы Олимпиаданы бір жылға немесе одан көбірек уақытқа доғару қарастырылуы мүмкін.

Шілдеде басталуы тиіс ғаламдық жарысқа қатысудан бірінші болып Канада бас тартса, Аустралия өз командасының 2021 жылғы Олимпиадағы әзірленуі керектігін мәлімдеп отыр.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу