Азия ойындары тарихында тұңғыш рет қазақстандық әйел төрелік ететін болды

Индира Бектенова 2026 жылы Жапонияда өтетін ХХ жазғы Азия ойындарына ресми түрде шақырту алды. 

Азия ойындары тарихында тұңғыш рет қазақстандық әйел төрелік ететін болды Фото: facebook.com

Ол – қазіргі уақытта Түркістан облысының ескек есу және желкенді спорт қауымдастығының өкілі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

ҚР ҰОК қазақстандық маманның байдарка мен каноеде есу спортынан халықаралық техникалық төреші (ITO) ретінде қызмет атқаратынын мәлім етті. Индира Бектенова осы спорт түрінде Қазақстаннан шыққан алғашқы халықаралық санаттағы әйел төреші ретінде тарихта қалады. 

– Мен үшін Қазақстан атынан ірі халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап, әйелдер арасында халықаралық санатқа ие болған алғашқы қазақ төреші атану – үлкен мәртебе. Бұл – көпжылдық еңбектің, халықаралық тәжірибенің және әлемдік спорт ұйымдарының сенімінің нәтижесі. Алдағы уақытта да кәсіби төрешілікті дамытуға және Қазақстанның халықаралық спорт аренасындағы орнын нығайтуға үлес қосамын, – деді ол.

Спорт саласында көпжылдық тәжірибесі бар маман Венгрияның Сегед қаласында өтетін байдарка мен каноеде есуден әлем кубогы кезеңінде Халықаралық байдарка мен каноеде есу федерациясы (ICF) төрешілер алқасының құрамында Finish Line Judge ретінде жұмыс істейді. 

Еске салайық, ХХ жазғы Азия ойындары 2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияның Нагоя қаласы мен Айти префектурасында ұйымдастырылады. Жарыс бағдарламасына 41 спорт түрі (68 дисциплина) еніп отыр. Онда 460 жүлде жиынтығы сарапқа салынбақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу