Азия ойындарының алтыншы күні аса табысты болды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3644

ХVІІІ жазғы Азия ойындарының алтыншы күні біз үшін аса табысты болып, ел қоржынына сегіз жүлде түсті.

Азия ойындарының алтыншы күні аса табысты болды Фото: asiangames2018.id

Осы сегіз жүлденің біреуі алтын, енді біреуі күміс, ал қалған алтауы қола болды. Саф алтынға велошабандоз Алексей Луценконың жекелей сында қол жеткізгенін күндіз жазғанбыз. Теннисшілеріміздің бір күміс, бір қола алғанын да хабарлағанбыз. Енді қалған жүлделерді түгендеп шығайық.

Теннисшілеріміз кешке қарай тағы бір қола медаль еншіледі. Аралас жұпта Анна Данилина мен Александр Недовесов жартылай финалда Тайпэй жұбынан ұтылып, үшінші орынға ие болды. Шектен тыс тартысты өткен ойын тай-брейкке ұласып, біздің елдің намысын қорғаған теннисшілер 10:12 есебімен есе жіберіп алды.

Сөйтіп, теннисші қыз-жігіттеріміз ХVІІІ жазғы Азия ойындарын бір күміс, екі қола жүлдемен тәмамдады. Олар осыдан төрт жыл бұрын Инчхон Азиадасында бір алтын әперген, ерлер арасындағы командалық сында. Өздеріңіз көріп отырсыздар, бұл жолы алтын бұйырмады. Ұлттық құраманың сапында Қазақстан азаматтығын алған ресейлік теннисшілер аз емес. Жасырып қайтеміз, олардан бұдан да жоғары нәтиже күткен де едік.

Жүзу спортындағы жігіттеріміз жарады. Бүгін екі қола медаль жеңіп алды. Рас, Дмитрий Баландин қазір спорттық бабында емес. Әйтсе де, бүгін брасс әдісімен 50 метрге жүзу бәйгесінде де 3-орынға ие болды. Дәл қазіргі деңгейі осы сияқты. Осыдан төрт жыл бұрынғы Азия ойындарында үш алтын алған Рио Олимпиадасының чемпионы Джакартада үш қоламен шектелді...

Бәлкім, қалай үшеу дерсіздер. 100 және 50 метрге жүзуде екі мәрте үшінші болған Баландин бүгін өзінің ең басты арманына қол жеткізді. Ол – командалық сында, яғни эстафетада жүлдеге ілігу. Әр түрлі әдіспен 4х100 метр эстафетасында Қазақстан құрамасы қола жүлде олжалады. Ел намысын Дмитрий Баландин, Әділбек Мусин, Әділ Қасқабай және Александр Варакин сынды жігіттер қорғады.

Бүгін джиу-джитсу спортындағы жанкешті жігіттеріміз екі қола еншіледі. 56 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Нұржан Сейдуали және 69 келіде бақ сынаған Нартай Қажеков өз салмақтарында 3-орынға ие болып, жүлделеріміздің санын арттыра түсті.

Садақ тартудан аралас жұпта Адель Жексенбинова мен Ақбарәлі Қарабаев ширек финалға дейін жетті. Олар Тайпэй мергендерімен өткен шектен тыс шиеленісті кездесуде 149:151 есебімен ұтылып, жартылай финалда бақ сынау құқығына қол жеткізе алмады. Яғни жүлделі орындарға сынық сүйем жетпей сүрінді.

Спорттық гимнастикадан Милад Карими "белтемір" жаттығуының финалдық сынында бақ сынап, 8-орынға табан тіреді. Ал нысана көздеу спортындағы тәжірибелі қыз-жігіттеріміз өздері сынға түскен жаттығуларда финалға іліге алмады.

Боксшылар туралы сөз бөлек. Бүгін шаршы алаңдағы жекпе-жектер басталған. Нәтижелері төменде:

69 келі: Асланбек Шымбергенов – Сарохатуа Лумбантобинг (Индонезия) – 5:0

52 келі: Азат Махметов – Султан Әл-Нуами (БАӘ) – қарсыласы шыққан жоқ

57 келі: Сәния Сұлтанқызы – Кастури Араччиге (Шри-Ланка) – 5:0

Маруан Түсіп  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу