Азия ойындарының бірінші күні төрт жүлде еншіледік

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3524

ХVІІІ жазғы Азия ойындары Қазақстан спортшылары үшін өте сәтті басталды.

Азия ойындарының бірінші күні төрт жүлде еншіледік Фото: olympic.kz

18 тамызда ХVІІІ жазғы Азия ойындары басталып, алғашқы жүлделері сарапқа салынды. Бірінші күні сарапқа салынған 21 медаль жиынтығынан Қазақстан спортшыларына бұйырғаны төрт жүлде болды. Әрі әуелі қоржынымызға алтын медаль түсіп, Индонезиядан қуанышты хабар жетті. Шпагамен семсерлесуден Дмитрий Алексанин алтынмен апталып, іле-шала үш балуанымыз жүлделі орындарға ілікті.

Семсерлесу спортынан шпагашы Дмитрий Алексанин көпшілікті тәнті қылып, "Сарықұрлық" түгілі, әлемнің үздік нояндарынан басым түсті. Ол ширек финалда 2012 жылғы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, Азия ойындарының алты дүркін жеңімпазы, оңтүстіккореялық Джунг Джунсунды жолынан тайдырды. Ал финалда оның отандасы, 2016 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Пак Сан Енді жеңіп, ерлік жасады. Оңтүстік Кореяның екі спортшысын да 15:12 есебімен жеңді.

Күміс жүлдені еркін күрестен 74 келі салмақ дәрежесінде белдескен Данияр Қайсанов олжалады. Ол финалда өзбек Бекзод Абдурахмановқа 2:3 есебімен есе жіберіп алды. Шешуші белдесуге дейін Катар, Вьетнам және Оңтүстік Корея балуандарын жеңген болатын. Бұл Қазақстан қоржынына түскен үшінші жүлде болатын.

Ал екінші жүлдені еркін күрестен 65 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Саятбек Оқасов иеленген болатын. Ол жартылай финалда жапон жігіті Такатани Даичимен 4:4 есебімен тең түссе де, қосымша көрсеткіштер бойынша финалға шыға алмаған. Ал үшінші орын үшін өткен белдесуде түркімен Батыр Боржаковты 5:2 есебімен ұтып, қола жүлдеге ие болды.

Еркін күрестен 86 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Әділет Дәулембаев та ХVІІІ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Ол жартылай финалда Ливан балуанына 9:10 есебімен есе жіберіп алып, үшінші орын үшін өткен белдесуде Қырғызстан намысын қорғаған Алигаджи Гамидгаджиевтен басым түсті (3:0).

Өкінішке қарай, нысана көздеуден командалық аралас сайыста финалға шыққан мергендеріміз 5-орынмен шектелді. Пневматикалық тапаншамен 10 метр қашықтықтан нысана көздеу сайысында Зәуреш Байбосынова мен Владимир Исаченко 323,9 ұпай жинап, жүлделі орындарға іліге алмады. Қытай, Корея, Вьетнам және Жапония мергендерінен кейін орналасты.

Теннистен жұптасып өнер көрсету мен командалық спорт түрлеріндегі командаларымыздың алғашқы нәтижелері төмендегідей:

Теннис, 1/32-финалы (mixed):
Анна Данилина/Александр Недовесов – Ксиллу Фодор/Минха Туан Фам (Вьетнам) – 6:4, 6:4
Гозаль Айнитдинова/Тимур Хабибулин – Саванна Нгуен/Фуонг ван Нгуен (Вьетнам) – 6:2, 6:2. 

Су добы (әйелдер):
Қазақстан – Қытай – 4:11 (16 тамыз)
Қазақстан – Таиланд – 13:4 (17 тамыз)
Қазақстан – Гонконг – 22:2 (19 тамыз)

Волейбол (әйелдер):
Қазақстан – Тайпэй – 3:1 (25:15, 25:10, 20:25, 25:20)

Баскетбол (әйелдер):
Қазақстан – Тайпэй – 42:72 (15 тамыз)
Қазақстан – Үндістан – 79:61 (17 тамыз)
Қазақстан – Индонезия – 85:73 (19 тамыз)

Баскетбол (ерлер):
Қазақстан – Филлиппин – 59:96 (16 тамыз)

Көгалдағы хоккей (әйелдер):
Қазақстан – Таиланд – 3:1

Қол добы (әйелдер):
Қазақстан – Үндістан – 36:19 (14 тамыз)
Қазақстан – Қытай – 27:26 (16 тамыз)
Қазақстан – КХДР – 33:37 (19 тамыз)

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу