Азия ойындарының екінші күні екі жүлдемен шектелдік

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3162

ХVІІІ жазғы Азия ойындарының екінші күні Қазақстан қоржынына екі жүлде ғана түсіп, алтын бұйырмады.

Азия ойындарының екінші күні екі жүлдемен шектелдік

Қазақстан спортшылары үшін Джакарта мен Палембангта өтіп жатқан ХVІІІ жазғы Азия ойындарының екінші күні аса табысты болмады. Қоржынымызға күміс және қола жүлде ғана түсіп, жалпы командалық есепте 11-орынға ығыстық. Жалпы есептегі төртінші орыннан үмітті басты бәсекелестеріміз алдымызды орап кетті.

Күміс жүлдені әйелдер арасындағы еркін күресте, 53 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Жұлдыз Ешімова жеңіп алды. Ол әуелі Оңтүстік Корея және Таиланд қыздарын ұтып, жартылай финалда моңғол қызынан айласын асырған (есеп – 12:11). Алайда финалда Солтүстік Корея аруы Пак Йонг Миге қайрат көрсете алмады (0:11). 30 жастағы балуан қызымыз үшін күміс медаль да – жоғары жетістік.

Қола медаль таэквондодан бұйырды. 53 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Фариза Алданғорова Өзбекстан және Иран қыздарын ұтқанымен, жартылай финалда Тайпэй аруы Су Пойаға есе жіберіп алып (6:1), ХVІІІ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Ал оның соңғы қарсыласы қарымды екен, финалда де жеңіске жетіп, алтынмен апталды.

Стенд атудан трап жаттығуында Мария Дмитриенко ерекше көзге түскен болатын. Мерген қызымыз іріктеу сынында 119 ұпай жинап, Азия ойындарының рекордын да жаңартқан. Алайда іріктеуде алдына жан салмағанымен, финалда бағы жанбады. Алты қыз арасындағы шешуші кезеңде 27 ұпаймен төртінші орынды қанағат тұтты.

Спорттық гимнастикадан командалық сайыста Қазақстан құрамасы 238,150 ұпай жинап, Вьетнам жігіттерімен 5-6 орындарды бөлісті. Бұл іріктеу сыны болатын. Сөйтіп, финалда бақ сынайтын сегіз үздік команданың қатарына ілікті. Әрі Нариман Курбанов пен Милад Карими жекелей сында бақ сынау құқығына ие болды.

Теннистен бірнеше спортшымыз 1/8-финалына шықты. Атап айтқанда, кеше ерлер арасында Александр Бублик пен Денис Евсеев, ал әйелдер арасында Гозаль Айнитдинова жеңіске жетті. Жұптасып өнер көрсетуде келесі кезеңге өткен спортшыларымыз – Тимур Хабибулин/Александр Недовесов және Александр Бублик/Денис Евсеев (ерлер арасында), Жібек Құламбаева/Дарья Детковская және Анна Данилина/Гозаль Айнитдинова (әйелдер арасында). Аралас жұпта (миксте) Анна Данилина/Александр Недовесов және Гозаль Айнитдинова/Тимур Хабибулин жұптары 1/16-финалындағы ойындарын жеңіспен аяқтады.

Командалық спорт түрлеріндегі нәтижелеріміз төмендегідей:

Волейбол (ерлер):

Қазақстан – Мьянма – 1:3 (25:17, 22:25, 19:25, 18:25)

Су добы (әйелдер):

Қазақстан – Индонезия – 19:6

Көгалдағы хокей (ерлер):

Қазақстан – Малайзия – 2:16

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу