Азия ойындарының сегізінші күнгі жүлде жиынтығы

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3780

ХVІІІ жазғы Азия ойындарының сегізінші күні жүлденің үш түрін де еншіледік – алтын, күміс, қола.

Азия ойындарының сегізінші күнгі жүлде жиынтығы Фото: olympic.kz

Түске дейін джиу-джитсудан бір алтын алғанымызды жазып, сүйінші сұрағанбыз. Ел қоржынына бесінші алтынды Руслан Исраилов салып еді. Одан кейін екі жүлде еншіледік (күміс және қола). Ал Азияда бір-бірімен тайталасып жүрген екі спринтер қызымыз 100 метрлік қашықтықта жүлдеге іліге алмай, жігерімізді жасытты.    

Әуелі екі жүлдеге тоқталайық. Каратэден 67 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Дидар Әмірәлі финалға дейін жетіп, шешуші жекпе-жекте жеңіліске ұшырады. Сөйтіп, ХVІІІ жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Ол оған дейін БАӘ, Таиланд, Шри-Ланка, Индонезия каратэшілерін ұтқан болатын. Ал финалда Кувейт қыраны Әли Абдулазизге есе жіберіп алды (0:4).

Жоғарыда меңзегеніміздей, бүгін жеңілатлеттерімізден алтын және күміс медаль күткенбіз. Тіпті сенімді де болып едік. Алайда отандық "Спорт падишасы" өкілдері жексенбіде бір қола жүлдемен шектелді. Элина Михина 400 метрге жүгіруден үшінші орынға ие болды. Ерлер арасындағы дәл осы қашықтықта Михаил Литвин 6-орынды иеленді.

Өкінішке қарай, алтын мен күміске балаған спринтер қыздарымыз сенім үдесінен шыға алмады. Виктория Зябкина финалға да шыға алмай, жартылай финалды 13-орынмен тәмамдады (уақыты – 11,86 сек). Ал Ольга Сафронова финалда 6-орынды қанағат тұтты (11,43 сек).

Әйелдер арасындағы 100 метрге тосқауылдар арқылы жүгіру бәйгесінде Анастасия Виноградова да 6-орыннан аса алмады. Дмитрий Коблов 400 метрге тосқауылдар арқылы жүгіруден (ерлер арасында) финалға шықты. Жартылай финалдағы нәтижесі – жетінші орын.    

Жағажай волейболынан Татьяна Машкова мен Ирина Цимбалова жартылай финалда жапон қыздарынан ұтылып қалды. Енді ертең Иордания аруларымен қола жүлдені сарапқа салады.

Құзға өрмелеуден екі спортшымыз финалға шығып, елеңдетіп еді. Өкінішке қарай, Ришат Хабибулин ерлер арасында 4-орынға ие болса, Әсел Мәрленова әйелдер арасында 5-орынды иеленді.

Стенд атудың "скит" жаттығуында да екі спортшымыз финалға шыққан. Алайда Ольга Панарина әйелдер арасында, Владислав Мухамедиев ерлер арасында соңғы 6-орынға табан тіреді.

Садақ тартудан ерлер және әйелдер арасындағы қос құрамамыз ширек финалда ұтылып, жартылай финалға шыға алмады. Компаунд жаттығуынан командалық сында жігіттеріміз (Қарабаев, Фишер, Христич) Тайпэй, ал қыздарымыз (Жексенбинова, Лян, Макарчук) Иран садақшыларына жол берді.

Бүгін төрт боксшымыз шаршы алаңға шығып, төртеуі де жеңіске жетті:

69 келі: Асланбек Шымбергенов – Гүл Заиб (Пакистан) – 5:0

52 келі: Азат Махметов – Инкю Ким (Оңтүстік Корея) – 4:1

60 келі: Саматәлі Төлтаев – Чуен Лай (Тайпэй) – 3:2

51 келі: Назым Қызайбай – Разиа Бано Азиз (Пакистан) – KD2, R1

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу