Азия ойындарының үшінші күні де алтын медаль бұйырмады

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3221

ХVІІІ жазғы Азия ойындарының үшінші күні біздің елдің қоржынына жеті медаль түсті – үш күміс, төрт қола.

Азия ойындарының үшінші күні де алтын медаль бұйырмады Фото: en.asiangames2018.id

Джакарта мен Палембангта өтіп жатқан ХVІІІ жазғы Азия ойындарының үшінші күні Қазақстан спортшылары үшін біршама табысты болды. Қоржынымызға жеті жүлде түсті. Алайда алтын медаль бұйырмады. Әйтсе де, күмісіміз көбейіп, жалпы командалық есепте Өзбекстанның алдына түстік.

Кеше боз кілемге Алмат Кебісбаев шыққан. Саф алтынға балаған басты үміттеріміздің бірі еді. Күні бойы елеңдеп, Индонезиядан қуанышты хабар күттік. Грек-рим күресінен 67 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған саңлағымыз финалға аса қиналмай шыққан. Әуелі Тайпэй тарланын жолынан тайдырды (7:2). Ширек финалда Үндістан үмітін бұйым құрлы көрмеді (8:0). Ал жартылай финалда Иран балуанын 10:0 есебімен ұтып, иісі қазақты желпіндіріп тастады. Өкінішке қарай, финалда оңтүстіккореялық Рю Хан Суға есе жіберіп алды (4:5). Бұйырғаны күміс болды. Шынымен де, қарсыласы осал емес еді. Екі дүркін әлем чемпионы (2013 және 2017 жылдар), Азия чемпионатында да (2015 ж.), ойындарында да (2014 ж.) топ жарған. Міне, Азиадада екінші рет жеңімпаз атанып отыр.

Таэквондодан ең ауыр салмақта (+ 67 келі) бақ сынаған Жансель Дениз де финалға шыққан-ды. Филиппин, Вьетнам, Өзбекстан қыздарын ұтып, финалда бақ сынады. Алайда, ол да өте тартысты өткен кездесуде Оңтүстік Корея спортшысынан (Ли Дабиннен) ұтылды. Есеп – 21:27. Жанселге де бұйырғаны күміс медаль болды.

Су добынан әйелдер арасындағы дода аяқталып, Қазақстан құрамасының арулары екінші орынға ие болды. Кеше Жапония қыздарымен өткен шектен тыс тартысты ойында 12:11 есебімен жеңіске жетіп, күміс жүлдеге қол жеткізді. Көгілдір айдындағы қыздарымыз тек Қытай құрамасынан ұтылып (4:11), қалған төрт ойында жеңіске жетті. Сөйтіп, сегіз ұпай еншіледі. Қытай құрамасы 10 ұпаймен топ жарса, жапон қыздары алты ұпаймен қола жүлдеге ие болды. Бұл – біздің ұжымдық спорт түріндегі алғашқы жүлдеміз.

Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова Азия ойындарында да осы жетістігін қайталады. Әйелдер күресінен 76 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған қарындасымыз алғашқы белдесуінде Қытай қызынан ұтылып қалды. Қарсыласы финалға шыққандықтан, қола жүлде үшін күресу құқығына ие болып, бұл мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ. Оңтүстік Корея балуанын 7:2 есебімен ұтып, ХVІІІ жазғы Азия ойындарында үшінші орынға ие болды.

Рио Олимпиадасында Қазақстан делегациясының Ту ұстаушысы болған Руслан Жапаров та қола жүлдеге ие болды. Таэквондодан ең ауыр салмақта (+80 келіде) өнер көрсеткен тарланымыз әуелі Непал, одан кейін таиланд жігіттерін ұтты (21:0 және 30:15 есептерімен). Алайда жартылай финалда Иран үміті Сид Раджабиге 7:11 есебімен есе жіберіп алып, үшінші орынға орналасты.

Грек-рим күресінен 60 келі салмақ дәрежесінде белдескен Мейрамбек Айнағұлов та ХVІІІ жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Ол әуелі Вьетнам балуанын ұтқанымен (9:0), жартылай финалда тура осындай есеппен қырғыз Қаныбек Жолчубековке есе жіберіп алды. Ал үшінші орын үшін өткен белдесуде солтүстіккореялық Ри Се Юнгті 13:5 есебімен жеңді. 0:5 есебімен ұтылып жатып, қайсарлық танытып, таразы басын өзіне қарай аудара білді.

Негізі, кешегі жүлде "жауған" күн велошабандоз Кирилл Казанцевтің қола медаль жеңіп алуымен басталған. Шынын айтуымыз керек, бұл біз күтпеген жүлде және жағымды жаңалық еді. Ол маунтинбайктің кросс-кантри бәйгесінде Иранның екі спортшысының алдын орап кетіп, үшінші орынға ие болды. Осы бәйгеде бақ сынаған тағы бір отандасымыз Шәкір Әділов 8-орынға ие болды.

Ал мергендеріміз, керісінше, кеше сенім үдесінен шыға алмады. Ерлер арасындағы 50 қашықтықтан винтовкамен үш позицияда нысана көздеу сайысында Юрий Юрков 5-орынға ие болды. 10 метрден тапаншамен нысана көздеуде Владимир Исаченко 7-орынмен шектелді. Ал трап жаттығуынан командалық аралас сында біздің құрама (Оксана Середа және Андрей Могилевский) финалға да шыға алмады.

Жүзу спортынан әзірше бір спортшымыз ғана финалда бақ сынады. Кеше Әділбек Мусин 50 метрге еркін әдіспен жүзуден финалға шығып (сегізінші көрсеткішпен), бір қуантты. Әрі финалда бір саты болса да, жоғары өрлеп, 7-орынға ие болды.

Садақ тартудан Қазақстан құрамасы іріктеу сынында 2002 ұпаймен 2-орынға ие болып, 1/8-финалына шықты. Ел намысын Сұлтан Дүзелбаев, Санжар Мұсаев, Ильфат Абдуллин және Денис Ганкин қорғаған болатын. Әрі соңғы екеуі 673 және 669 ұпаймен жекелей сында бақ сынау құқығына ие болды. Ал қыздарымыз 1934 ұпаймен алтыншы орынға ие болды (Қаракөз Асқарова, Алина Ілиясова, Фарида Түкебаева және Луиза Сайдиева). Әрі 1/8-финалында бақ сынау құқығына қол жеткізді.

Семсерлесуден шпагашы қыздарымыз (Әсел Әлібекова мен Ульяна Балаганская) алғашқы електен өткендерімен, 1/16 финалында ұтылды. Спорттық гимнастикадан Қазақстан құрамасының қыздары (Арайлым Мейрам, Аида Бауыржанова, Ольга Санджиева) командалық есепте соңғы, 11-орынға табан тіреп, финалға шыға алмады.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу