Қызылорда облысы Қазалы ауданында кәмпит шығарумен айналысатын кәсіпкер Нұрбек Қожаберген азық-түлік қауіпсіздігіне көлеңкелі бизнес кері әсер ететінін айтады. Себебі салық төлемей, тіркеусіз жұмыс жасайтын кәсіпкерлер сапалы өнімдердің нарыққа шығуына кедергі келтіріп отыр.
"Қазалы ауданында заңсыз жұмыс істейтін бірнеше кәсіпорын бар. Олар салық төлемей, тіркеусіз жұмыс жасағандықтан, өнімдері арзан. Алайда ол сапалы ма? Зиян емес пе? Құзырлы органдар осы жайтты біледі. Алайда заңсыз жұмыс істеп жатқан компанияларды анықтау үшін базарларды тексере алмайды, құқықтары жоқ. Бұл бірнеше жылдан бері шешілмей келе жатқан мәселе", – деген кәсіпкер шикізат жетіспеушілігіне тоқталды.
"Еліміздің көптеген қаласында қант шығаратын зауыттар бар. Бірақ біз шикізатты Ресейден аламыз. Отандық шекер бізге жетпейді. Сәйкесінше карантин кезінде қалада қанттың бағасы бірден қымбаттап кетті. Бұған дейін шекердің келісі 165-170 теңге тұрса, карантин уақытында ол 240 теңгеге дейін көтерілді. Яғни бірден 80 теңгеге шарықтады. Ал біз өнімдеріміздің келісін бірден 80 теңгеге көтере алмаймыз ғой. Бұл бизнесті дамытуға кедергі келтіріп отыр", – деді кәсіпкер.
Сонымен қатар ол шектеу кезеңінде бизнесін тоқтатпағанымен, өнімді өткізу бойынша бірқатар кедергіге тап болғанын тілге тиек етті.
"Өнімдерімізді Ресейге шығаратынбыз. Ал карантин кезінде тәттілерді экспорттай алмай қалдық. Сондықтан кәсіпорынның жұмыс істеу қарқыны төмендеді", – деді ол.
"Атамекен" Ұлттық Кәсіпкерлер Палатасының департамент директоры Нұрлыбек Мұқанов әрбір өнім шығыратын компания сертификаттаудан міндетті түрде өтуі керек деп есептейді.
"Шетелде барлығы сертификаттаудан өтеді. Бұл – үлкен мәселе. Оны құзыретті органдармен бірлесіп шешу керек", – дейді кәсіпкерлер палатасының өкілі.
Сүт фабрикасының директоры Дулатбек Әкпар шектеулер кезінде өнімдерді жеткізу бойынша қиындықтар туғанын айтады. Алматыдан 1 аптадан келетін өнімдер 15 тәулікте жеткізілген.
"Бұл сүт өнімдері үшін өте ыңғайсыз. Бақылау бекеттері жуырда ғана алынды. Енді бұл тосқауыл шешіледі деп ойлаймын. Ал баға мәселесі бойынша біз делдалсыз тікелей сауда нүктелерімен жұмыс жасаймыз", – деді Дулатбек Әкпар.
"Қазақстан май-тоңмай одағы" қауымдастығы" ЗТБ президенті Константин Невзоров карантин кезінде 1500 тонна майға сұраныс болғанын айтады. Алайда Ресейден әкелінетін шикізат бағасы қымбаттап кеткен.
Елімізде алғашқы қажеттілік тауарлары бағасын қымбаттатуға рұқсат болмағандықтан кәсіпкерлер шығынға батқан.
"Қазіргі кезде арнайы таңбалу енгізілуде. Сондай-ақ, нарықтағы компаниялардың 40%-ы жұмыс істемейді. Мұның барлығы бағаның қымбаттауына алып келеді. Сондықтан кәсіпкерлерге нарыққа бейімделуге тура келеді", – деп есептейді спикер.
Азық-түлік қауіпсіздігі Ислам Ұйымының агро-индустрия және сауда менеджері Руслан Бектұрғанов азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ең өзекті мәселе – логистика мен өнімдерді сертификаттау деп есептейді.
"Ислам Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдерге өнім шығару өте қиын. Өйткені олар логистика мен сертификаттауды бірінші орынға қояды. Біздің ұйым отандық компанияларға сертификаттау мен стандарттау бойынша көмек көрсетуге дайын", – деген Руслан Бектұрғанов шетелге өнім ығару бойынша жасалып жатқан жұмыстарды баяндады.
"28 мамырда Қазақстан тауар өндірушілеріне арнайы вебинар ұйымдастырылды. Оның шеңберінде отандық компанияларға инвестиция тарту, экспорт, халал стандарттары бойынша ақпарат берілді. Бұл ретте Ынтымақтастық Ұйымына өнім экспорттайтын елдердің басым бөлігі мұсылман елдері емес екенін айта кету керек. Демек, талаптарды сақтап, шетел нарығына өнім шығаруға болады", – дейді Руслан Бектұрғанов.
Марафон барысында сарапшылар елімізде азық-түлік хабын құру тақырыбына тоқталды.
"Атамекен" ҰКП департамент директоры Нұрлыбек Мұқанов бұл жобаны қолдайтынын жеткізді.
"Елімізде 7,5 млн-нан аса ірі қара мал бар. Соған қарамастан соңғы 10 жылда бізге 410 млн долларға сиыр еті импортталған. Арнайы жоспар құру осындай сырттан ет алу сынды механизмдерді алдын алады", – дейді Нұрлыбек Мұқанов.
Статистика комитетінің деректеріне сүйенсек, 2020 жылдың қаңтар-наурыз айларында ЕАЭО елдерімен 4,4 млрд долларға сауда жасалған. Оның ішінде экспорт 11%-ға төмендеген. Яғни, 1,2 млрд долларды құрайды. Ал импорт керісінше 2,1%-ға артып, 3,2 млрд долларға жетті. Яғни, еліміз сыртқа шығаратын негізгі өнім –бидай. Ал ауыл шаруашылығының басқа салалары әзірге экспортқа ірі көлемде өнім шығаруға қауқарсыз.
Кәсіпкерлер палатасының өкілі ауыл шаруашылығы саласында 250 мың кәсіпкер жұмыс істейтінін айтады. Оның 191 мыңы еліміздің әр өңірінде еңбек етіп жүрген шағын шаруа қожалықтары.
"Олардың шығарған өнімін жеткізу, яғни, логистиканың өзіне көңіл бөлу керек. Сонымен қатар олардың өнімдерін өткізу бойынша қолдау көрсету қажет. Алғашқы қажеттілілік азық-түлік тізбегі бар. Сол тізімдегі әр тауар бойынша жоспарлы саясат керек. Тек сол кезде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, сыртқы нарыққа өнім шығара аламыз", – дейді ол.
Құралай Құдайберген