Азық-түлікпен бірге құрылыс материалдары да күрт қымбаттап кетті

6128

Қазақстанда азық-түлік бағасының өсуі ел ішінде біршама наразылық туындатып жатқаны белгілі. Әйтсе де ең керекті тауарлардан бөлек басқа да заттар қымбаттаған.  

Азық-түлікпен бірге құрылыс материалдары да күрт қымбаттап кетті

Әсіресе, өндіруші кәсіпорындар кейінгі кезде құрылыс материалдарының бағасын күрт өсіріп жіберген, деп хабарлайды inbusiness.kz порталы energyprom.kz зерттеуіне сілтеме жасап.

Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтеріне сүйенсек, 2021 жылдың мамыр айының өзінде құрылыс материалдарының бағасы 3,4% өсіп, бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда 25% қымбаттап шыға келген. Инфляцияның 6–7% аралығында екенін ескерсек, бұл көрсеткіштің тым өрескел сипаты барын аңғаруға болады.

Ал "Атамекен" ҰКП мәліметтері бойынша құрылыс материалдары одан да едәуір қымбаттаған. Палата төрағасының орынбасары Арман Мәмбетаевтың айтуынша, жылдық көрсеткішті талдау кезінде жекелеген материалдардың бағасы 2, тіпті 3 есе өскен. Оның үстіне қымбатшылық күн сайын байқалады.

"Бұған бірнеше жағдай себеп болды. Мәселен, цемент зауыттары электр энергиясының 30 пайызға, тарифтің 17 пайызға, ал вагондардың арендасы 13 пайызға, ал қаптама қаптардың өзі 16 пайызға қымбаттағанын алға тартады. Оның үстіне сектордағы логистикалық проблемалар баға өсіміне қосымша себеп болып отыр. Кейбір позицияларда тіпті мүлде күйреу байқалады. Мәселен, қиыршық тастардың бағасы 3,5 есе қымбаттаса, әктегіштер 2,4 есе, алюминий есіктер, қара металдарға арналған құрылыс құрылымдары, құрылыс ерітінділер мен құрғақ құрылыс қоспалары 1,5 есе қымбаттаған", – делінген зерттеуде.

Топырақтың, ұсақталған тастардың, бетон құрылымдардың, лактар мен бояулардың, құрыш профлистердің, мұнай битумдарының да үштен бір, тіпті одан да көп есе қымбаттағанын көруге болады. Құрыш прокаттар, пластик шыныпакеттер, қабырға блоктарының бағасы 20 пайызға өскен.
 
Құрылыс материалдарының бағасының өсуімен баспана бағасы да шарықтап барады. 2021 жылдың мамыр айында жаңа үйлердегі пәтерлердің бағасы 11,8%, ал екінші деңгейлі үйлердің бағасы 24,2% өскен.

"Әлбетте, бұл сегментке зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалануға мүмкіндік беру жағдайы да ықпал еткенін атап өту керек. Мұның пайдасы болғанымен, салдары да баспана алғысы келген халыққа теріс әсер етті",– делінген зерттеуде. 

Құрылыс материалдары бағасының бұлайша құрықсыз кетуі келешекте жаңа проблемалардың бетін ашуы мүмкін. "Атамекен" ҰКП төрағасының орынбасары Арман Мәмбетаев бұл жағдай биыл мемлекеттік тапсырыс ала алмаған құрылысшылардың оң жамбасына келіп тұрғанын айтады. Әйтсе де қазіргі жағдайды есепке алсақ, шағын құрылыс кәсіпорындары үлескерлердің алдында өз міндеттемесін орындай алмай, нарықтан кетіп қалуы мүмкін. Мұның салдарынан 2022 жылы 2016 жылдағыдай проблемалық нысандардың саны көбейіп кетуі ықтимал. Бұл жағдайда ірі және өзіне сенімді компаниялар ғана нарықта қалады.
 

Аян Бекенұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу