БАӘ қандай қарсылас?

1849

Қазақстан ұлттық құрамасы 19 қараша күні Әбу-Даби қаласында Біріккен Араб Әмірліктерінің ұлттық құрамасымен кездесу өткізеді. Бұл елдің құрамасының қарымы қандай?

БАӘ қандай қарсылас?

Қазақстан ұлттық құрамасы Азия конфедерациясында өнер көрсеткен тұста БАӘ құрамасымен 3 мәрте кездесіппіз. Ол Францияда өткен Әлем чемпионатының іріктеу ойыны еді. Қазақстан құрамасы Серік Бердалиннің баптауымен алғашқы сыннан іркілмей өтіп, екінші топтық кезеңге жолдама алады. Сол тұста тобымызға Жапония, Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Оман секілді құрамалар қарсылас болады. Солардың ішінде БАӘ құрамасы да бар еді. Топ ішіндегі алғашқы ойын Әбу-Даби қаласында өтті. Бразилиялық бапкер Лори Сандри баптайтын алаң иелері 4:0 есебімен жеңіске жетті. Сол матчта 34 минутта алаңға алмасып шыққан Руслан Балтиев қазір ұлттық құрама бапкерлер штабында қызмет атқарады.

№25. БАӘ – ҚАЗАҚСТАН - 4:0 (1:0). Іріктеу жарысы. ӘЧ-1998 (2-кезең)
Гулам Али Хасан, 20 (1:0), Мохамед Обайд Хилал, 48 (2:0), Бахит Зухайр Саид, 75 (3:0), Хамис Саад Мубарак, 85 (4:0)
БАӘ: Фарадж Мухсин Мусабах, Гулам Али Хасан, Бахит Зухайр Саид, Рашид Исмаил, Ибрагим Али Ахмед, Мунзир Али Хасан (Бахит Саад Мубарак, 62), Хасан Сухайл Табит (Мохамед Али Ахмед, 62), Рашид Хасан Саед, Мохамед Адель Абдулла, Мохамед Обайд Хилал (Абдулсалам Джумаа Анбер, 70), Мохамед Юсиф (Хамис Саад Мубарак, 70). Бас бапкер – Лори Сандри (Бразилия)

ҚАЗАҚСТАН: Ишутин, Садуов (к), Спарышев, Осипов, Фамильцев (Балтиев, 34), Еңсебаев (Литвиненко, 57), Қадырқұлов, Ниязымбетов (Гумар, 69), Евтеев, Логинов, Мазбаев. Бас бапкер – С.Бердалин Бахит Саад Мубарак, 85 – Евтеев, 47, Спарышев, 47, Еңсебаев, 52 12.09.1997. Абу-Даби, Sheikh Zayed Stadium. 15 000. Төреші: Пиром Ун-Прасерт (Таиланд)

Сырт алаңда кеткен есені Қазақстан құрамасы өз алаңындағы матчта қайтарды. 18 қазан күні Алматының "Орталық" стадионында ұлттық құрамамыз жанкүйерлерді бір желпінтті. Екінші таймның басында Виталий Спарышев қарсылас қақпасынан саңлау тапты. Ал одан кейін араға 12 минут уақыт салып Павел Евтеев есепті еселеп тастады. Матчтың нүктесін Дмитрий Юрист қойды. Есеп 3:0 Қазақстан құрамасы сенімді жеңіс тіркеп, қоржынына 3 ұпай салды.

№29. ҚАЗАҚСТАН – БАӘ - 3:0 (0:0). Іріктеу жарысы. ӘЧ-1998 (2-кезең)
Спарышев, 56 (1:0), Евтеев, 68 (2:0), Юрист, 72 (3:0)
86-мин. Тимофеев (К) пенальтиді соға алмады (маңдайша)

ҚАЗАҚСТАН: Ишутин, Садуов (к), Спарышев, Осипов, Тимофеев, Балтиев, Котов (Қадырқұлов, 80), Евтеев, Тётушкин, Есмағамбетов (Логинов, 73), Зубарев (Юрист, 68). Бас бапкер – С.Бердалин

БАӘ: Фарадж Мухсин Мусабах, Гулам Али Хасан, Абдулрахман Әл-Хаддад, Мохамед Рабей Салем, Ибрагим Али Ахмед (Бахит Саад Мубарак, 62), Абдусалам Әл-Джунайби, Хасан Сухайл Табит (Мохамед Али Ахмед, 62), Рашид Хасан Саед, Мохамед Джасим, Мохамед Обайд Хилал, Мохамед Омар (Бахит Зухайр Саид, 46). Бас бапкер – Лори Сандри (Бразилия)
Садуов, 12, Осипов, 32, Қадырқұлов, 85 – Абдулрахман Әл-Хаддад, 34 Тимофеев, 87 – Бахит Саад Мубарак, 87
18.10.1997. Алматы, Орталық стадион. 12 000. Төреші: Ник Ахмад Хаджи Яакуб (Малайзия)

2000 жыл аяқталар тұста Қазақстан құрамасы БАӘ құрамасымен жолдастық матч өткізді. Бұл ойында алаң иелері айқын басымдылық көрсетті. Қазақстан құрамасы бұл матчта тек 2 гол ғана салды. Оның авторы бір ғана футболшы – Руслан Балтиев. Командамыздың бұлай жеңілетініндей де бар. Өйткені сол кезде Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері тағайындалмаған тұс еді. Бапкер іздестіріліп, шет елдік маман құрама тізгінін ұстауы тиіс болатын. Алайда, амалсыздан бұл ойынға Владимир Фомичев бапкер болып барды. Жалпы осы ойыннан кейін отандық маман Фомичев құрама тізгінін ұстаған жоқ. Бір ғана матчқа бапкер болған маман ретінде статистикалық хаттамаларға енді.  

№46. БАӘ – ҚАЗАҚСТАН – 5:2 (1:1). Жолдастық матч
Балтиев, 11, Балтиев, 76, пенальтиден
ҚАЗАҚСТАН: Ледовских (Воскобойников, 46), Елеусінов (Карпович, 61), Козюлин, Фамильцев, Кищенко, Калабухин (Котов, 46), Смақов (С.Киров, 46), Авдеев, Балтиев, М.Шевченко (Оразаев, 46), Литвиненко (Галич, 70). Бас бапкер – В.Фомичёв, Елеусінов, Фамильцев, Авдеев, 32 (К) 10.12.2000. Абу-Даби

Ал қазір БАӘ құрамасы қандай команда деген ой туындайды. БАӘ Азия құрлығындағы тегеурінді ұжымдардың бірі. Азия кубогы жарысының соңғы екі додасында жартылай финалға шыққан. Ал 2015 жылы олар тіпті қола жүлдегер атанған. Қазіргі бапкері Берт Ван Маарвейк Нидерланды құрамасының бапкері болған тәжірибиелі маман. Осыған дейін Маарвейк Сауд Арабиясы құрамасын Әлем чемпионатына шығарған еді. Бұл кісі Азия футболын бес саусағындай біледі десек артық емес. Өйткені БАӘ құрамасына дейін ол Аустралия ұлттық құрамасының бапкері болды. 2015 жылдан бері Азиялық құрамаларды баптаумен айналысып жүр.

БАӘ құрамасында осы күндері Себастьян Тяльябуэ деген аргентиналық футболшы өнер көрсетеді. Ол азаматтық алып, құрама команда үшін 5 матч өткізіп үлгерді. Жерсіндірілген тағы бір футболшы Кайо Канеда Бразилия құрамасына алынбасын ерте сезді. Ол Бауыржан Исламханмен бірге "әл Аин" командасында өнер көрсеткен еді. БАӘ құрамасы үшін 8 ойында 3 гол салып үлгерді. Азия құрлығы арқылы Әлем чемпионатына шығуды көздеп жүрген бұл құрама Қазақстанға терезесі тең қарсылас болады деп есептейміз.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу