Бабында ма екен балуандар...

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
4271

Бүгін Парижде күрес түрлерінен әлем чемпионаты басталды.

Бабында ма екен балуандар...

Әлемнің мен деген мандайалды спортшылары қатысатын байрақты бәсекеде Қазақстан намысын 23 балуан қорғайды. Оның 8-і еркін күрестен сынға түссе, 7-і – грек-рим күресінің өкілі. 8 балуанымыз әйелдер күресінде өнер көрсетеді.

Париждегі біріншілікте Қазақстанның еркін күрес және әйелдер күресі командалары толық құрамда шығады. Ал грек-рим күресінің балуандары сегіз салмақ дәрежесінің жетеуінде ғана күреседі. Чемпионатты бірінші болып грек-рим күресінің өкілдері бастайды. Одан кейінгі кезек – әйелдерде. Еркін күрес балуандары біріншілікті түйіндейді.

"Биыл күрестен әлем чемпионаты 21-26 тамыз аралығында Париж қаласында өтеді. Олимпиададан кейінгі маңызды дода, әлем чемпионаты болғандықтан, әр елдің балуандары тыңғылықты дайындалуда. Олимпиада ойындарынан кейін көптеген балуандар салмақ дәрежелерін ауыстырып жатыр. Мәселен, біздің Алмат Кебіспаев бұрын 59 келіде күрессе, енді 66 келіге өтті. Оның орнына 59 келіде талантты балуан Мейрамбек Айнағұлов келді. Дәл осындай өзгерістер басқа да елдердің құрамаларында орын алуда. Ресей командасының 75 келідегі екі дүркін Олимпиада чемпионы Роман Власов 80 келіде өнер көрсетеді. 

Сондай-ақ еркін күрес балуандары арасында кездесулер өте тартысты болмақ. 86 келіде Рио Олимпиадасының чемпионы Абдулрашид Садулаев салмақ дәрежесін өзгертіп, 97 келіге ауысқан болатын. Ол жерде Рио Олимпиадасының чемпионы америкалық Кайл Снайдер бар. Осы екі балуан арасындағы кездесуді күрес жанкүйерлері күтіп жүргені анық. Ақжүрек Таңатаровтың салмағында да жарыс тартысты болады. Бұл салмақта фаворит әзірше Италияның балуаны Франк Чамизо. Менің ойымша, бұл әлем чемпионатында жаңа есімдер шығып қалуы мүмкін", – деп жазған болатын грек-рим күресінен Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев өзінің "Facebook" әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына.

Бұған дейінгі әлем біріншілігі 2015 жылы Лас-Вегаста (АҚШ) ұйымдастырылды. Бұл чемпионат 2016 жылғы Рио Олимпиадасының ірікетеу кезеңі ретінде қарастырылды. Өкінішке қарай, АҚШ-тағы әлемдік додада қазақ балуандарына екі қола жүлде ғана бұйырды. Екеуін де грек-рим күресінің өкілдері иеленді. 59 келіде белдескен Алмат Кебіспаев пен 75 келіде бақ сынаған Досжан Қортықов қола жүлдені қанағат тұтты. Еркін және әйелдер күресінің балуандары олжасыз оралды.

Жалпы, қазақ балуандарының әлем біріншіліктерінде жолы болмай жүргенін спорт мамандары жиі айтады. Осы орайда, "Statsport.kz" ұсынған мына деректерді мысалға алуға болады. Спорт статистикасын жүргізетін сайттың жазуынша, Қазақстан тәуелсіздік алғалы грек-рим күресінен 18 әлем чемпионатына қатысыпты. Осы уақытқа дейін 58 балуанымыз әлем біріншілігінде өнер көрсетіпті. Жігіттердің олжалағаны – 5 алтын, 5 күміс және 9 қола.

Еркін күрес пен әйелдер күресіндегі нәтижеміз де мардымсыз. 2010 жылдан бергі әлем чемпионаттарынан еркін күрес өкілдері бір күміс (Абдулхаким Шапиев, 74 келі, Мәскеу-2010) пен екі қола медаль (Дәулет Ниязбеков, 55 келі және Дәурен Жұмағазиев, 60 келі, Ыстанбұл-2011) иеленген. Қыздарымыз 2010 жылдан бері екі күміс (Елена Шалыгина, 67 келі, Мәскеу-2010; Гюзель Манюрова, 72 келі, Альберта-2012) және екі қола (Жұлдыз Ешімова, 48 келі, Ыстанбұл-2011; Екатерина Ларионова, 63 келі, Будапешт-2013) медаль олжалапты. Париждегі бәсеке отандастарымыз үшін жемісті өріледі деген ойдамыз.

Франция астанасында өтіп жатқан әлем біріншілігі 26 тамыз күні аяқталады.

Әлем чемпионатына қатысатын қазақстандық балуандар:

Еркін күрес
57 келі: Нұрислам Санаев
61 келі: Дәулет Ниязбек
65 келі: Мейіржан Әшіров
70 келі: Ақжүрек Таңатаров
74 келі: Ғалымжан Өсербаев
86 келі: Азамат Дәулетбеков
97 келі: Мамед Ибрагимов
125 келі: Іңкәр Ермұхамбет

Грек-рим күресі
59 келі: Мейрамбек Айнағұлов
66 келі: Алмат Кебіспаев
71 келі: Демеу Жадыраев
75 келі: Мақсат Ережепов
80 келі: Асхат Ділмұхамедов
85 келі: Азамат Қыстыбаев
98 келі: Ерұлан Ысқақов

Әйелдер күресі
48 келі: Жұлдыз Ешімова
53 келі: Айгүл Нұрәлім
55 келі: Марина Седнева
58 келі: Гүлшаһрат Таласова
60 келі: Аяулым Қасымова
63 келі: Зарина Құнанғараева
69 келі: Эльмира Сыздықова
75 келі: Гүлмарал Еркебаева

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу