Бағаға шұқшиған әкімдіктегілер кәсіпкерлердің уәжіне елең қылмай отыр

2084

Абай қаласында коммуналдық базар жекеменшіктің басқаруына өткен соң атына затына сай болмай қалды.

Бағаға шұқшиған әкімдіктегілер кәсіпкерлердің уәжіне елең қылмай отыр

Қарағанды облысының Абай қаласында 2011 жылы халықты сұранысы жоғары азық-түлікпен қолжетімді бағада қамтамасыз ету мақсатында коммуналдық базар ашылған болатын. Аталған базарда кәсіпкерлер үшін сауда жасайтын орындар күні кешеге дейін тегін болып келді. Тек нысанның іші-сыртын жөндеп тұруға өз қалталарынан қаражат жинап, сондай-ақ электр энергиясының ақысын өтеп отырған. Есесіне саудагерлер қала әкімшілігімен азық-түлік, жеміс-жидек пен көкөністі халыққа арзан бағаға саудалау жөнінде уағдаласты. Сондықтан да болар, таңның атысынан күннің батысына дейін Қарағанды облысының адам аяғы үзілмей келді. Дегенмен, қара халықтың қалтасына сай жұмыс істеп келген базардан биыл шу шықты: саудагерлер бұдан былай арзан баға ұсына алмайтындығын айтып, мәселені төтесінен қойды. Неліктен?

Білгеніміз, бұған дейін қалалық әкімдіктегі кәсіпкерлік бөлімінің балансында болып келген базар нысаны сатуға қойылып, байқау нәтижесінде жеңімпаз деп танылған тұлға коммуналдық базарды басқару құқығына ие болған. "Қазаншының өз еркі қайдан құлақ шығарса" дегендей, осыдан соң жеке меншік иесі саудагерлер үшін ай сайын орынды жалға алу құнын бірден өсіріп жібереді. Сатушылардың айтуынша, мұндай баға тіпті облыс орталығы – Қарағандыдағы ірі сауда орындарының өзінде жоқ көрінеді.

Жас кәсіпкер ретінде мемлекеттік бағдарламамен несие алып, осы базарда ет сату кәсібін ашқан Аманбай Байғажының жалдау құны өсіп, керісінше көлемі кішірейіп кеткен қазіргі тұрған орнына көңілі толмайды.

"Аядай орын үшін үш адам 360 мың теңге жалға алу құнын төлеуіміз қажет. Мына орынға жұмыс жасайтын үшеуіміз қатар тұрсақ сыймаймыз. Сондықтан кезектесіп тұруға мәжбүрміз. Осы жер үшін қыруар ақша төлеуіміз қажет екен. Әкімшілік талап еткен бағаны қойдық, білмеймін, сауданы тоқтататын шығармыз", – дейді кәсіпкер.

Базарды иелігіне алған кәсіпкер әр саудагерге әртүрлі баға қойған, бірақ барлығы бұл жалға алу құнының қымбат екенін айтады. Сондай-ақ жақында таратылған келісімге сай жалға алу құнын төлеумен қоса ғимараттың сырты мен жертөленің жөндеу жұмыстарын саудагерлер өз мойындарына алулары керек.

"Мұны өзі қадағалайтын біреулер бар ма білмеймін, бізге әкімшіліктегілер картопты немесе басқа да азық-түлікті мына бағадан асырып сатпаңдар деп нұсқау беріп кетеді. Бұл жерде зардап шегіп отырған кәсіпкерлер ғана. Ендігі жерде арзан бағамен өнімдерді сатудың ешқандай негізі жоқ, бізді қып-қызыл шығынға батырады", – дейді базар сатушысы Ринат Ахманбетов.

Абай қаласында әлеуметтік жағынан аз қамтылған тұрғындар көп. Айлығы шайлығынан аспайтын жұрт аз да болса бағасы төмен осы базарды жағалайды.

"Егер бұл жерде бағаны ұстап тұра алмаса мұнда ешкім келмейді. Абайдағы қарапайым халыққа күн көру қиындайды. Үкімет жалақы өседі деп айта береді, ал сол жалақыдан бұрын өсіп кететін бағаны ешкім қуып жете алмай келеді", – дейді Абай қаласының тұрғыны Вера Коровина.

Абай қаласындағы әкімшілік мамандарының айтуынша, коммуналдық базарды күтіп-ұстауға қала бюджетінде қаражат қарастырылмағандықтан, жеке меншіктің сенімгерлік басқаруына беруге мәжбүр болған. Басқаруды қолына алған кәсіпкер базарды 10 жылдан кейін сатып ала алады. Кәсіпкер он жыл ішінде бюджетке 55 млн теңге төлеуге уәде беріпті.

"Кәсіпкерлерден әлеуметтік маңызы бар 19 түрлі азық-түліктің бағасын өсірмей ұстап тұру талап етіледі. Сондай-ақ келісімшарт бойынша көрсетілген өзгеде талаптарды орындаулары қажет. Ал өзге азық-түлік пен жеміс-жидектің бағасы нарыққа сәйкес қойылады", – деп мәлімдеді Абай ауданының кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бастығы Ерғали Қысрауынов.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу