Бағалаушылар саласына реформа төніп келеді

3882

Ел Үкіметін бағалау қызметінің жоғары қарқынмен "деградациялануы" шошынтып отыр.

Бағалаушылар саласына реформа төніп келеді

Адвокаттар бағалаушыларды неге ұнатпайды?

Қазақстандықтардың бағалаушыларға қатысты шағымы көбейіп кетті. Осы салада бас пайдасын көздеген кейбір мамансымақтардың жеке сот орындаушылармен, банктермен, коллекторлармен ауыз жаласуы кесірінен борышкер бизнесмендер мен қарапайым адамдардың кепілге қойған мүлкі өте арзанға бағаланып, су-тегінге сатылып кетеді.

Салдарынан кәсіпкерлік нысандары мен азаматтар қарыз құрдымынан шыға алмайды. Елде экономикалық дағдарыс өршіп бара жатқаны құпия емес. Қаржы министрлігі анықтағанындай, елге залал келтіретін арсыз бағалаушылар еш жазаланбайтын болып шықты. Ал олардың үстінен қарап, нарықты қатаң реттеуге тиіс палата өзін-өзі жойып, қайта тіркелумен әлек.

Қазақстанда қазіргі кезде бағалаушылар қызметін мемлекет реттемейді, сала нарықтық қағидатқа сай өзін-өзі реттеуге жіберілген. Сондықтан өз мүшелерінің қызмет сапасына бақылау жасау, олардың теріс қарекеттеріне қатысты заңды және жеке тұлғалардың шағымдарын қарап, шара қабылдау, тәртіптік жаза тағайындау, бағалаушыларды өкілеттігінен айыру – бағалаушылар палаталарының құзырында. "Бағалаушы", "сарапшы" біліктілігі туралы куәлікті де солар таратады.

Заң бойынша палаталар өз мүшелерінің, яғни бағалаушылардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыруға, қайта даярлықтан өткізуге, олардың іскерлік және кәсіби әдеп-этикасын көтеруге, әрбір бағалаушының есептерінің заң талаптарына сәйкестігіне сараптама жүргізуге міндетті.

Заң жүзінде бәрі жақсы, алайда өмірде мұның бірі де орындалмайды екен. Демек палатаның өзі жазалануға тиіс емес пе? Ол да жазаланбайды. Себебі қажет кезде өзін өзі жоя салады.

Мысалы, Парламенттің төменгі және жоғарғы палаталары "заңның шикілігі болар" деп, екі жыл бұрын жаңа заңнамалық түзетулерді қабылдады: бағалаушылар палатасы кем дегенде 300 мүшеден тұрсын деген талап енгізілді. Осы жаңашылдықты пайдаланып, "Bagalau Qazaqstan" Қазақстан бағалаушыларының орталық бірлестігі" өзін-өзі реттейтін ұйымы (ӨРҰ) ерікті түрде өзін өзі тарата салды. Оның орнына 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, "Қазақстан бағалаушыларының достастығы" ӨРҰ тіркелді. Ликвидацияланған палатаның барлық мүшесі жаңа палатаға жаппай көшті.

"Жаңа палатаның құрылуы бағалау қызметтерінің сапасына еш әсер етпеді. Бұған "Қазақстан бағалаушылары достастығының" (ҚБД) және оның мүшелерінің іс-әрекеттеріне қатысты шағымдар санының артуы дәлел. Қаржы министрлігіне Алматы қалалық адвокаттар алқасының адвокаты Жанна Құсайыновадан ҚБД-ның заң бұзушылығына ден қойып, жою шараларын қабылдау туралы өтініші келіп түсті. Онда палатаның шағымдарды қарауға формальды қарайтыны, тиісті бақылаудың жоқтығы атап өтіледі. Бұл осы институтқа деген сенімнің төмендеуіне ықпал етеді", – деп хабарлады Ерұлан Жамаубаев басқаратын ведомство.

"Қалыптасқан жағдай елге алапат патологиялық қауіп төндіреді!" деген баға беріліпті әлгі шағымда.

Жұрт жиі шағымданады, бағалаушы жаза тартпайды

Қорғаушылардың сөзі шындыққа сәйкес келетінін ресми статистика да растайды. Бағалаушылардың озбырлығына, әділетсіздігіне, адал еместігіне қатысты шағымдар легі еселеп артып келеді. Егер бағалау саласы "еркін жүзуге" жіберілген алғашқы 2018 жылы өтініштердің саны 0 болса, келесі 2019 жылы палаталарға бірден 32 шағым түскен. 2020 жылы бұл сан 154-ке жетіп, 5 еседей артты. Ал 2021 жылдың 2 тоқсанының өзінде 154 шағым түсіпті.

Сонымен қатар салалық заң күшіне енгелі азаматтар мен бизнес нысандары Қаржы министрлігіне 150-ден астам шағым жолдады. Соттар 20-дан астам жеке ұйғарым шығарды.

Тиісінше, палаталар жосықсыз бағалаушыларды жаппай жазалаған болар? Жоқ. 2018 жылы – 0, 2019 жылы – 4 тәртіптік жаза ғана тағайындалды. 2020 жылы – 26 шара қабылданыпты. Оның ішінде 24-і тәртіптік жаза. Қалған екеуі "бағалаушы" біліктілігі туралы куәлігін уақытша тоқтата тұрумен құтылыпты. 2021 жылғы 2 тоқсанда – небәрі 27 тәртіптік жаза қолданылған.

Палата өз мүшелерінің есептеріне ұдайы сараптама жүргізіп тұруы шарт. Жүргізілген сараптамалар саны 2018 және 2019 жылы – 0 болған. 2020 жылы – 200 сараптама жасалған, оның ішінде 162-сі оң, тек 38-і ғана теріс қорытынды алыпты. Биылғы 2 тоқсанда бұл көрсеткіш – 134 болды, оның ішінде оңы – 97, теріс қорытынды алғаны – бар-жоғы 37.

Осылайша, заң талаптары күшейтілгенімен, жағдай түзелмеген. 

Палаталар өз бағалаушыларының біліктілігін арттыру және қайта даярлау курстарын ұйымдастыруға міндетті екені әлгінде айтылды. Бұл сала да тоқыраған күйде: 2018 жылы – 9, 2019 жылы – 36, 2020 жылы – 74, 2021 жылдың І тоқсанында – небәрі 5 курс. Алайда біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарынан өткені туралы сертификат алған тұлғалар саны жетерлік: 2018 жылы – 172, 2019 жылы – 402, 2020 жылы – 455, 2021 жылдың бірінші тоқсанында – 40.

Сала проблемалар былығына батқан. Қаржы министрлігінің мәліметінше, біріншіден, Қазақстанда заңды тұлғалардың бағалау қызметі реттелмейді. Екіншіден, саладағы заңды тұлғалардың тізілім-реестрі жүргізілмейді. Үшіншіден, олардың жауапкершілігі және олардың қызметін мемлекеттік бақылау көзделмеген.

Прокурорларға бағалаушылар неге ұнамады?

Бұған қоса, салада "мүдделер қақтығысы" туындауда, соған байланысты бағалау қызметтерінің сапасын арттыру қажет етіледі. Мысалы, 2018-2020 жылдары мемлекет мұқтажы үшін азаматтардың жерлерін алып қою, пайдаланылмайтын ауылшаруашылығы жерлерін анықтау және өндірістік қызметке тарту кезінде әкімдіктердің заңдылықты қаншалықты сақтағанына тексеру жүргізген Бас прокуратура көңілсіз қорытындыға келіпті. Қадағалаушы органның ұйғарымында "бағалаушылардың ресми құжаттарды жиі қолдан жасайтыны және бағалау туралы жалған есептер ұсынатыны" (!) ашық айтылған.

Сондай-ақ Бас прокуратура палатадағылар "өз әріптестерінің есептерін объективті талдауға мүдделілік, қызығушылық танытпағанын" және "корпоративтік ынтымақтастыққа байланысты ӨРҰ-лардың кесірлі тәжірибені өзгертуге қабілетсіз екенін" атап өтті. Мысалы, 2018-2020 жылдары бағалаушылар палаталары тек 3 бағалаушының біліктілік куәлігінің қолданылуын тоқтатты, ал "бағалаушы" біліктілігі туралы куәліктен айыру фактілері мүлдем кездеспейді.

Салдарынан соттар үкім шығару кезінде шындыққа жанаса бермейтін бағалау есептерін басшылыққа алуға мәжбүр. Қаржы министрлігінің түсіндіруінше, бағаланатын мүліктің, сондай-ақ бағалаушылар осы істе пайдаланатын аналог-нысандардың құнын есептеудің дұрыстығын тексеру мүмкіндігі соттарда жоқ.

Ал қылмыстық қудалау органдары жосықсыз бағалаушылар үстінен қозғалған қылмыстық істерді соңына дейін жеткізе алмайды.

Мұндай жағдай құзырлы органдардың мамандарына ұнамайды. Сондықтан Бас прокуратура 2021 жылғы 11 маусымдағы хатында ел Үкіметіне жағдайды түзеуді, бұл үшін бағалау қызметін мемлекеттік реттеу саласын кеңейтуді, меморгандардың бақылау функцияларын күшейтуді, бағалаушылардың жазасын қатайтуды ұсынды.

Арамза бағалаушыларға жаза қатайтылуға тиіс

Айтқандай, бағалаушылар Парламент депутаттарына да ұнамайды. Мәжіліс депутаты Андрей Линник "Әлия Молдағұлова атындағы Ақтөбе әуежайының" тым мардымсыз сомаға бағаланғанына қарсы шықты. Бүкіл мүлкінің тізімі 396 бетке әзер сиған стратегиялық нысанды бағалаушы бар-жоғы 7 млрд 320 млн теңгеге бағалапты.

"Батыс Еуропаны Орталық және Оңтүстік-Шығыс Азиямен байланыстыратын, жолаушылар және жүк тасымалының ірі хабы саналатын осы әуежайды әлдебір "Независимая экспертная оценка" ЖШС бағалап, сол қызметі үшін 130 мың теңге алыпты. Фирма Алматыда бір кабинетті жалға алып отыр. Бұл сома бағалаушының Ақтөбеге бір сапарының авиабилеттеріне, қонақүйіне және дәмханада ас ішуіне ғана жететін еді. Неге табысы ұдайы өсіп келе жатқан алып кәсіпорынның тағдырын салмақты аудиторлық компания емес, бедел-репутациясы белгісіз ұсақ ЖШС шешеді?", – деген болатын депутат.

Қоғам наразылығынан кейін Ақтөбе облысы әкімдігі әуежайды сатуды уақытша тоқтатты. Бірақ мұнда депутаттардың да айыбы бар екен.

"Стратегиялық маңызы бар, ірі объектіні бағалау кезінде бағалаушының біліктілігіне заң жүзінде ешқандай талап қойылмаған. Соның салдарынан, "Әлия Молдағұлова атындағы халықаралық әуежайды" 130 мың теңгеге "Независимая экспертная оценка" ЖШС бір ай ішінде бағалап шыққан", – деп түсіндірді Қаржы министрлігі.

Елімізде қазіргі уақытта жалпы саны 1 532 бағалаушы бар.

Е. Жамаубаевтың командасы жағдайды түзеу үшін салада реформа жүргізудің қамына кірісті.

Ұсыныстар қатарында стратегиялық маңызы бар объектілерді және мемлекеттік мүлікті бағалау сапасына ашық бақылауды енгізу, заңды тұлғалардың тізілім-реестрін жүргізу, Аудиторлық қызмет жөніндегі кәсіби кеңес жанынан Бағалау қызметі жөніндегі комитетті құру баламалары қарастырылған. Осы саладағы бірыңғай оператор мәребесін иеленетін аталған комитет құрылған жағдайда, ол бағалаушылардың рейтингтік жүйесін түзеді, тұтынушыларға ақпарат ұсынады, "бағалаушы", "сарапшы" біліктіліктерін беру туралы куәліктер алуға үміткер кандидаттардан біліктілік емтиханын қабылдайды.

Жосықсыз бағалаушыларға жаза қатайтылады, сақтандыру түрінде заңды тұлғалардың жауапкершілігі қарастырылады деп күтілуде.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу