Алдағы уақытта Қазақстан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шектік баға белгілемейтін болады. Ұлттық экономика министрлігі заңнамадағы сауда жұмысын реттеу мәселесі бойынша бірқатар түзетулер әзірлеп, осы түзетулер арқылы шектік баға белгілеу функциясын жергілікті әкімдіктерге тапсырмақшы.
"Жергілікті атқарушы органдарға бір аптадан 90 күнге дейінгі арада шектік бағаны белгілеу құқығы ұсынылып отыр. Бірақ бұл қандай да бір нарықтық негізделген баға ма әлде қарапайым алыпсатарлық па соны білу үшін бағаны белгілеуде жергілікті атқарушы орган бизнеспен ақылдасуы керек", – деді abctv.kz-ке ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов.
Алайда ол ұсынылып отырған механизм "мүлдем нарықтық емес, мәселенің бәрі сонда болып тұрғанын" мойындап отыр.
"Заң жобасы дайын, ендігі мәселе оны бизнестің мақұлдауы керек. Әзірге кеңес беру процесіндеміз. Кез келген әкімшілдендіру, реттеу біз ұсынғымыз келіп отырған нәрсе емес. Бизнес пен тұтынушы мүддесінің арасындағы теңгерімді табу оңай емес. Бірақ та осы жылдан қалдырмай сауда жұмысын реттеу туралы заңға шектік бағаны әкімшілдендірудің жекелеген элементтерін енгізуіміз керек", – деді министр.
Ұлттық экономика министрлігінің айтуынша, келешекте реттеу нарықтық әдіспен іске асады. "Оңтайлы нұсқа – бұл ұсынысты арттыру, яғни оны өсіруіміз керек. Біріншіден, үлкен өнімінің, көтерме-үлестіру орталықтары мен үлкен бәсекелестіктің есебінен іске асыру керек. Бірақ бұл ұзақ уақытты алады, ал бізден тез шешімді талап етеді", – дейді Тимур Сүлейменов.
Үкімет дайындаған еліміздің 2018-2022 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамында алдағы бесжылдықта "тұтынушы нарығындағы бағаның өзгеруіне әсер ететін сыртқы және ішкі факторлар шұғыл бақылауға алынатын болады" деп көрсетілген. Бәсекелес ішкі нарықты дамытуға жағдай жасау үшін бағаға келісіп алумен және жосықсыз бәсекелестікпен күресуде азық-түлік тауары мен отынның бағасын ұстап тұруға бағытталған шаралар қабылданатын болады.
Азық-түлік нарығына тікелей қолжеткізу және ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілердің өнімін сатуда делдалдарды алып тастауды қамтамасыз ету үшін АӨК-ні дамыту бағдарламасы аясында 2021 жылдың соңына дейін барлық облыстың көтерме-үлестіру орталықтарында жаңа қоймалар салынып, бұрынғы қоймалар жаңғыртудан өтетін болады. Сондай-ақ желілік азық-түлік ретейтін дамытуға баса көңіл бөлінген нормативтік-құқықтық актілерге және мемлекеттік бағдарламасына толықтырулар пакеті әзірленеді.
"Экономикалық жағдайды және әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасының арту үрдісін есепке ала отырып, межелік мәнді бекіту және оларға рұқсат етілген шектік бөлшектік баға көлемі сақталады", – деп көрсетілген болжамда.
Ұлттық экономика министрлігі бүгінгі күні азық-түлік бағасы жағдайына қатысты алаңдауға еш себеп жоқ деп отыр. Ұлттық экономика министрі осы жылдың сегіз айында азық-түлік өнімдерінң үлкен бөлігінде дефляция 0,9%-ға жеткенін айтты.
"Осы жылы азық-түлік емес тауарлар мен қызмет көрсету есебінен инфляцияның өсуі байқалды. Бірқатар азық-түлік бағасы қымбаттады, бірақ егер жалпы азық-түлік себетін алып қарайтын болсақ, онда бағаның төмендегенін көруге болады. Бұл әлі бір айға дейін осылай болады. Қыркүйек айында тағы да дефляция болады деп ойлаймыз. Сондықтан уайымдайтын ештеңе жоқ", – деп сендірді министр.
Гүлназ Ермағанбетова, Ирина Севостьянова