Бағдарламашы мың бала

2423

Оқушыларды ІТ мамандығына баулуға көңіл бөлінуде.  

Бағдарламашы мың бала

"Код сағаты" – әлемде бірнеше миллион студент пен оқушы қатысатын ақпараттық технологиялар саласындағы жаһандық қозғалыс. Бүгін қозғалыс легі Қазақстанға да келіп жетіп, елімізде "код сағаты" өтті. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары Әлкей Марғұланұлы шараның өткізілу мақсаты жайлы толығырақ айтып берді.

"Қазір Google, Microsoft тәрізді трансұлттық корпорациялар жастарды, балаларды ІТ технологияларға баулу мақсатында көптеген шара ұйымдастырып жатыр. Солардың бірі "Код сағаты" деп аталатын жаһандық шара. Бүгінгі күні код сағатын әлемде 180 ел өткізеді. Сол елдердің қатарына бес жыл бұрын Қазақстан да қосылды. Алғаш 2014 жылы балаларды бағдарламалау тіліне үйрете бастаған кезде осындай шараға 75 мыңға жуық бала келген еді, өткен жылы 355 мың оқушы қатысты. Қазіргі кезде жасөспірімдер мен балалардың ақпараттық технологиялар, заманауи ғылымдарға деген қызығушылығы артып келеді. Яғни, "еліміздің әрбір оныншы оқушысы код сағатының қатысушысы" деп айтуға болады", – деді ол.

Әлкей Марғұланұлы бүгінгі күні жас ұрпақтың компьютерлік сауатты болуының маңыздылығына тоқталды.

"Тұңғыш Президент қоры "Alem" бағдарламалау мектебімен бірлесе отырып осы шараның көлемінің ұлғая түсуіне өз үлесін қосатын болады. Өйткені күнделікті өмірде әрқайсымыз смартфон ұстаймыз, гаджеттер пайдаланамыз. Олардың барлығында бағдарламалар орнатылған. Бағдарламалаудың тілін білген бала болашақта мобильді қосымшалар жасап, өз ісін ашып, экономикаға үлесін қосады. Яғни осындай шара өткізу арқылы жастардың компьютерлік сауаттылығын арттыруға септігімізді тигізіп жатырмыз деп білемін",– деді атқарушы директордың орынбасары.

Елбасы қоры өкілінің айтуынша, балаларды ақпараттық технологияларға жастай баулитын код сағаты шарасының пайдасы мол.

"Бұл шара тегін ұйымдастырылып жатыр. Осында келіп, біліміңізді шыңдай аласыз. "Код сағатына" қатысушылар практикалық тұрғыда тәжірибе жинақтайды. Қазір кодтау бойынша жарыс өтуде. Тапсырманы ең жылдам орындаған бірнеше қатысушыға халықаралық дәрежедегі сертификат табысталады, әрі бағалы сыйлықтармен марапатталады. Біздің қоғамда "компьютерлік бағдарлама жасаумен тек жоғары білімді адамдар ғана айналысу керек" деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Жастайынан бағдарлама жазып, жұмыс істей беруге болады. Бағдарламалау саласына айырықша ден қоюымыз керек. Мысалы, Үндістанда 7-12 жасар балалар информатикадан халықаралық олимпиадаларда көптеп жеңімпаз атануда. Сол балалар уақыт өте келе Американың Йель, Стэнфорд сынды үздік университеттерінің гранттарын алады. Бізге неге балаларды сондай дәрежеге жеткізбеске? Менің ойымша, дарынды балаларды тәрбиелеуге тек қана Білім және ғылым министрлігінің олимпиадалары ғана емес, сонымен қатар Елбасы қоры секілді үлкен жеке қорлар да үлесін қосуы керек", – деді ол.

Әлкей Марғұланұлы заман талабы креативті экономика екенін тілге тиек ете отырып, бүгінгі код сағаты балалар үшін болашақ мамандық таңдауына оң әсер ететінін айтты.

"Қазіргі кезде дамыған мемлекеттерде дипломның болуы – жұмысқа қабылдаудың негізгі шарты емес. Бұрынғы кезде өндірістік экономика басым болса, қазір креативті экономика бірінші кезекке шығуда. Креативті экономикада адамның жұмысқа деген құлшынысы тасып, көзі жанып тұруы маңызды. Қалыптасқан стандартты көзқарастан керативті көзқарасқа өтуіміз керек. Сонда ғана таланттарды өсіретін экоқоғам қалыптастыра аламыз. Осы алаңда өтіп жатқан шараға тоғыз бен он екі жас аралығындағы  5-7 сыныпта оқитын 107 бала қатысуда. Жалпы жас деңгейіне шектеу жоқ. Баланың компьютермен жұмыс істеу машығы болса, келіп қатысуына тосқауыл жоқ. Келесі жылдан бастап код сағатына қатысатын баланың санын мыңға жеткізу ойымызда бар. Мысалы, жаңағы айтқан Үндістанда осы шараға бір сағатта 500 мыңдай оқушы қатысады. Өйткені Үндістан өзінің болашағын дайындап жатыр. Код сағатына келген балалар бағдарламашы болудың не екенін түсіне бастайды. Балалардың болашақта мамандық таңдауына осындай жарыстар оң әсер етіп, тірек болатынына сенемін", –дейді Әлкей Марғұланұлы.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу