Бағдат Мусин енді "Айға" ұшпақ

10619

Цифрлық даму министрлігінің ғарышқа деп, қанша миллиард шығындайтыны анықталды. 

Бағдат Мусин енді "Айға" ұшпақ Фото: canva.com

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ғаламат амбицияларымен жұртты аң-таң етіп жүр. Таяуда Inbusiness.kz оның жаһандық "той" өткізуге білек сыбанғанын жазды. Себебі, Біріккен ұлттар ұйымының Цифрлық қосу және трансформациялау жөніндегі Азия-Тынық мұхиты цифрлық министрлік конференциясы 2024 жылғы қыркүйекте әдеттегідей ЭСКАТО ұйымының штаб-пәтері орналасқан Бангкокта өтуге тиіс еді.

Алайда министрдің бастамасымен, Қазақстан қолқалап жүріп, соны Астанада өткізуді аттай қалап алыпты. Осы мақсатта тіпті БҰҰ Бас Ассамблеяның жеке 47/202 қарары қабылданған. Содан министрлік елордаға 60 елден және халықаралық ұйымдардан ресми делегациялар шақыртып, олардың жолақысын, қонақүйін, көлік және басқа шығындарын, тіпті еліміздегі саяхатын, сондай-ақ жаһандық жиынды Тайландтан Қазақстанға көшіру шығыстарын республикалық бюджет есебінен өтейтін болды. БҰҰ-ның ірі шенеуніктеріне ұшақтардың бизнес-класты авиабилетін де төлеуге дайын.

Ал 12 ақпанда Цифрлық даму министрлігі Presight AI Ltd. компаниясымен суперкомпьютер жасау туралы келісімге қол қойғанын жариялады. Бұл жаңалық та ел арасында сын туғызды. Пандемия қарсаңында Қытай Қазақстанға үлкен суперкомпьютерін сыйға тартқан болатын. Одан елге не пайда келгені белгісіз.

"Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент экономиканы цифрландыруды жалғастырудың және жасанды интеллект технологияларын кеңінен қолданудың маңызын атап өтті. Ол елімізде өнімділігі жоғары суперкомпьютер жасау қолға алынып жатқанын, ол тек ғалымдарға ғана емес, біздің нарықта жұмыс істейтін түрлі компанияға да қолжетімді болатынын айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин "Самұрық-Қазына" және Presight AI Ltd. компаниясымен бірге Қазақстанда суперкомпьютер құру және тиісті деректерді өңдеу орталығын (ДБО) салу жобасы бойынша негізгі шарттар туралы келісімге қол қойды", – деп хабарлады министрлік.

Жобаны екі кезеңмен жүзеге асыру жоспарлануда. Біріншісі "ҰАТ" АҚ-тың (Электронды Үкіметтің операторы) жұмыс істеп тұрған деректер орталығында есептеу қуатын орналастыруды көздейді. Екінші кезеңде жаңа, алып Data-орталығы салынады.

Енді Бағдат Мусин ақпарат құралдарына Жер планетасының серігі – Айға ұшу жоспарын жариялады. Министрліктің дерегінше, Қазақстан "Айды зерттеу саласында әлемдегі жетекші орынның бірін иеленуді жоспарлап отыр".

2023 жылы Қазақстанда Ғарыштық жағдайдан құлақтандыру (SSA) жүйесі құрылыпты. Ол ғарыштық зерттеулердің тиімділігін арттырады-мыс. Биыл SSA-ны ары қарай дамыту үшін республикада алып телескоптар желісін құру бағдарламасы жүзеге асырылатын болады.

Бұған қоса, министрлік қолданыстағы ұлттық виртуалды расытхана-обсерваторияны Виртуалды обсерваториялардың халықаралық альянсына (IVOA) мүше етіп, кіріктіруді жоспарлап отыр. Бұл "болашақта өзекті міндеттерді шешу үшін астрономиялық зерттеу хабын құруға мүмкіндік беретін" көрінеді. Альянсқа кіру бюджетке қаншаға түсетіні хабарланбады.

"Әлемдік қоғамдастық Ай жанындағы орбитада SSA құру мүмкіндігін қарастыруда. Жоба жүзеге асырылған жағдайда Қазақстан бұл салада жаһандық жетекші рөлдердің бірін иеленуі мүмкін. Осыған байланысты біз Айға қатысты аталған бағдарламаларға қатысуды жоспарлап отырмыз. Бұл отандық зерттеу және инженерлік ғылымның беделі мен әлеуетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік береді", – деген ұстанымда Цифрлық даму министрлігі.

Сонда Қазақстан да Айға ұшуы мүмкін. Бұл әзірге бастама ғана.

Ведомство сарапшылары ғарышқа қатысты жобалар республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатынын атап өтті.

Мысалы, 2020 жылдан бері Мусиннің командасы отандық спутниктерді жасаумен айналысуда. Бұл сала жақсы қаржыландырылғанына қарамастан, әзір құрастырып бітетін емес.

Министрлік "Ghalam" ЖШС өндірістік базасында ғарыш аппараттарын құрастырудың басты технологияларын жасау және сынау жұмыстарын жүргізіп жатқанын мәлім етті. Әзірше 3 негізгі "қосалқы жүйе" (подсистема) құрылыпты. Оның арасында S, X диапазондарындағы жердегі байланыс станциясы немесе қарапайым тілмен айтқанда, радиоқабылдағыш, жерсерігінің борттық компьютері және ғарыш аппаратын энергиямен қамту жүйесі жасалыпты. Спутниктің өзі жоқ.

Есесіне, оның төменгі орбитадағы қозғалысын болжай алатын отандық бағдарламалық қамтылым әзірленген екен. Бағдарлама ғарыш аппаратының орбитасын қарапайым GPS-қабылдағыштың траекториялық деректері негізінде анықтайды. Айтпақшы, мұндай бағдарламалар әлемде бұрыннан әзірленіп қойылған. Демек, ноу-хау деуге келмейді.

Қазақстан өз спутниктерін құрастыруға 2018 жылы кіріскені мәлім. Алайда Цифрлық даму министрлігінің дерегінше, Ғарыш техникасының арнайы конструкторлық-технологиялық бюросы және Ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешені былтыр ғана құрылды.

Құрастыру-сынау кешенінің 100 келіден 6 тоннаға дейінгі салмақтағы түрлі жерсеріктерін жасап, сынаудың толық циклын орындайтыны айтылды. Оған Жерді қашықтан зондтаушы спутниктердің отандық жаңа тобын құрастыруға тапсырыс беріліпті.  

Цифрлық даму министрлігіне бүгінде отандық жер серіктерінің жаңа тобын әзірлеуге арналған миллиардтар бағыттала бастады.

Ведомствоның түсіндіруінше, ғарышта самғап жүрген Қазақстанның "KazEOSat-1" және "KazEOSat-2" Жерді қашықтан зондтаушы спутниктерінің белсенді қызмет ету мерзімі небары 7 жылды құрайды және ол мерзім 2021 жылы аяқталды. Бірақ оларды жаңаларымен уақытылы ауыстыру мүмкін болмағандықтан, "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясы бұл спутниктердің жұмыс істеу мерзімін 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзарту туралы шешім қабылдады.

"Меморгандардың және құзырлы құрылымдарының ғарыштық мониторинг қызметтерін ЖҚЗ деректерімен қамту үшін "KazEOSat-MR", "KazEOSat-HR" қазақстандық спутниктік топтамаларын құру арқылы дәлдігі орташа және жоғары болатын қолданыстағы ЖҚЗ спутниктерін ауыстыру қажет", – деп жазылған "Қазақстан Ғарыш Сапары" ұлттық компаниясының 2023–2032 жылдарға арналған даму жоспарында.

Оған сәйкес, Қазақстан жаңа ғарыш спутниктерін құрастыруға 140 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсауды жоспарлады.

Бұл ретте 2024 жылға арналған республикалық бюджеттен де миллиардтар бөлінуде.

Атап айтқанда, биылғы бюджетте "KazEOSat-MR" айыру қабілеті орташа Жерді қашықтықтан зондтау жерсерігін құру және қолданысқа енгізу жобасын жалғастыруға 7 миллиард теңге шығындалады. Бұған жауапты ретінде "Ghalam" ЖШС бекітілген.

"Мемлекеттік тапсырманы орындау шеңберінде қолданыстағы KazEOSat-2 айыру қабілеті орташа Жерді қашықтықтан зондтау (АҚО ЖҚЗ) ғарыш аппараттарын алмастыру үшін құрамында 3 АҚО ЖҚЗ ғарыш аппараттары бар "KazEOSat-MR" АҚО ЖҚЗ спутниктер топтамасын құру болжануда", – делінген бюджеттік бағдарламаның түсініктемесінде.

Ағымдағы жыл бюджетінде Цифрлық даму министрлігінің өзге де жобаларына миллиардтар шығындалады.

Мысалы, "Пилотсыз ғарыш аппараттарын ұшыру үшін жаңа буынының орта сыныбының ғарыштық мақсаттағы зымыраны негізінде "Бәйтерек" ғарыш зымыран кешенін құру" жобасына 2024 жылы 14,7 миллиард теңге жұмсалады. Бұл сомаға "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорыны кеңестік "Зенит-М" ғарыштың зымырантасығышын жаңғыртуды жалғастырады.

Жалпы, жайрай бастаған "Байқоңырды" ауыстыруға тиіс "Бәйтерек" ғарыш айлағының құрылысы соғыс басталғалы Ресейге салынған санкциялар кесірінен кейінге қалдырылды. Қашан бітетіні белгісіз. Бірақ оның бұрын тұрғызылып қойылған нысандары ескіріп, қирап қалмауы үшін оларды ұстауға Қазақстан ары қарай шығындалуда.

Мысалы, биыл республикалық бюджет "Зенит-М" ғарыш зымыран кешенінің жердегі ғарыш инфрақұрылымы объектілерін ұстауға және пайдалануға 1 млрд 209,9 млн теңге бөлуге мәжбүр. Бұл қаражатты да Цифрлық даму министрлігі "Бәйтерек" Қазақстан-Ресей бірлескен кәсіпорынына аударады.

Айтпақшы, ғарыш саласындағы Қазақстанның басты серіктесі – "Роскосмос" шығын құрдымына құлап барады. "Коммерсантъ" жазуынша, "Роскосмос" басшысы Юрий Борисов 2022 жылдан бері "барлық батыстық серіктестерінен айрылып қалғандарына және ғарыштық зымырантасығыштарды ұшыру бағдарламасының күйрегеніне" шағымданды. Салдарынан, РФ 2023 жылғы ғарыштық ұшырылым бойынша мемлекеттік жоспарын орындай алмады.

"Роскосмос" басшысы былтыр Ресейге тиесілі 3 космодромнан жалпы саны 19 ұшырылым жүзеге асырылғанын, бұл 2000-шы жылдармен салыстырғанда екі есе аз екенін мәлімдеді. Ресейлік космонавтиканың қазіргі нәтижелері – РФ тарихындағы ең нашары деп танылды.  

The Moscow Times Украинадағы соғыс үшін салынған санкциялар "Роскосмосты" негізгі шетелдік клиенттері мен серіктестерінен айырғанын хабарлады. Бұрын мемкорпорацияның табысының шамамен 70%-ы Еуропа мен АҚШ-қа тиесілі болыпты. Борисов бүгінде олардан қол үзгендерін мойындады. Салдарынан, "Роскосмос" бірнеше жылдан бері тек шығынды жұмыс істеуде: шамамен 90 млрд рубль табысынан қағылыпты.

Мұның бәрі "Байқоңырға" және қазақстандық ғарыш саласына да кері әсер етіп жатыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу