Бағдат Мусин: Қазақстанды цифрландырумен тек қазақстандықтар ғана айналысады

1544

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин мәжіліс депутаттарының цифрлық платформа құру үшін Ресейдің "Сбербанкімен" жасалған меморандумға қатысты сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz

Бағдат Мусин: Қазақстанды цифрландырумен тек қазақстандықтар ғана айналысады

Депутат Ерлан Саиров министрден еліміздің цифрлық платформасын әзірлеудің техникалық талабы бар ма, бұл үшін ашық байқау жариялана ма деп сұрады. 

"Нақты айтсақ, меморандумға қол қойылды. Ол ешқандай келісімшарт емес. Техникалық негіздеме мен техникалық құжаттама даярлау үшін зерттеу жұмысын жүргізіп жатырмыз. 15  желтоқсанға дейін зерттеу аяқталғаннан кейін, техникалық құжаттамаға көшеміз. Алдағы жылғы 15 ақпанға дейін техникалық құжаттаманы дайындаймыз. Сол техникалық құжаттама негізінде техникалық әрі экономикалық негіздеме әзірленеді. Осы рәсімдер жасалмай, ешқандай келісімшарт бекітілмейді. Екіншіден, платформаға тоқталсақ, біз бүгінге дейін жалпы осы технологияларды, яғни елімізде жасалмаған платформалардың арқасында цифрландыруды жүргіздік. Бірақ шетелдік платформаларды алып, өзіміздің қазақстандық мамандардың біліктілігімен қазіргі цифрландыру деңгейіне жеттік. Енді оны ары қарай ілгерілеті үшін, проблемаларды шешу үшін жаңа платформалық модельге көшу керек екенін айтып жатырмыз. Сондықтан бұл қадамдар заңға сәйкес жүргізіледі. Осы бағытта талқылау жүріп жатыр. Осыған дейін қол қойылғаны – меморандум ғана. Неліктен біз оған қол қойдық? Өйткені ашық кодтарды беруге ниетті қазіргі кезде тек сол платформа ғана болып тұр. Егер басқа да барлық технологиялары біріктірілген платформасы барлар болса, сондай-ақ бізге ашық кодтарды берсе, өзіміз сол ашық кодтардың арқасында сүйемелдеу жұмыстарын жүргізе алсақ, онда оларды да қарастырамыз", – деп жауап берді Бағдат Мусин. 

Депутат Қазыбек Иса цифрландыру бойынша БҰҰ рейтингінде Қазақстан Ресейдің алдында тұрғанын тілге тиек етіп, министрге неліктен біз өзімізден кейін тұрған елмен меморандум жасап отырмыз, меморандумды алдыңғы қатарлы елдермен неге жасамадық деген сұрақ қойды. 

Бағдат Мусин мәжілісменге: "Осы күнге дейін жұмыстарды атқару үшін миллиардтаған ақшаға лицензиялық бағдарламаларды сатып алған едік. Біз оларды өзіміз жасаған жоқпыз. Платформаны жасау, негізін сатып алу – тек бір ғана мәселе. Ал оны құрастыру, қажетті платформаны құру – ол біздің қолымызда. Бұл жұмысқа тек қазақстандық мамандар тартылады және біздің ІТ-секторға серпіліс береді. Жаңа идеяға, жаңа платформаға көшу отандық мамандар үшін қосымша тапсырыс алып келеді. Атап айтқанда, бізге кім ашық кодтарды берсе, соларды қарастыруға дайынбыз деген сауал жібердік. Сондықтан ешкімге де тосқауыл қойып отырған жоқпыз", – дегенді жеткізді. 

Айтпақшы, Министр Бағдат Мусин өзінің әлеуметтік парақшасына Қазақстанды цифрландырумен тек қазақстандықтар ғана айналысады деп жазды. 

"Біздің саладағы үрдістерге бей-жай қарамайтын қоғам қайраткерлерімен кездесу өткіздім. Үш сағат бойы біз жобаның мән-жайынан бастап, ІТ-саланың дамуы мен Қазақстанның әлемдік цифрландыру барысындағы рөліне қатысты түрлі мәселелерді талқыладық. Осы орайда еліміз жаһандық даму үрдісінен қалыспас үшін цифрландыру қарқынын күшейту керек деген ойымыз бір жерден шықты", – деді ол. 

Бағдат Мусиннің мәлімдеуінше, цифрлық трансформация дегеніміз, бұл – технологиялық жаңашылдықтар негізінде мемлекеттік басқару жүйесін қайта құру. Мемқызметтерді жай ғана автоматтандыру емес, осы қызметтердің мән-маңыздылығын зерделей отырып, функциялар мен сервистерді түгелдей қайта қарастыру. Әйтпесе бәрі де автоматтандырылған хаосқа айналып кетуі мүмкін. Ал платформа – бұл тек қана техникалық мәселе, оның үстіне цифрлық трансформация жасаудағы ең басты жайт емес.

"Кездесу нәтижесінде біз барлық тараптардың ой-пікірін ескере отырып, мынадай мәмілеге келдік: Біріншіден, біз өнімді бастапқы кодтарымен бірге аламыз. Қарапайым тілмен айтсақ, біз жасалу жолы мен нұсқаулығы бар конструктор мен құралдар сатып алмақпыз. Біз дайын құрал-жабдықтарды пайдаланып, қажет болса, оны әрі қарай дамытып, конструкторды барынша жетілдіре аламыз. Бұл конструктордан не жасау керектігін біз шешеміз. "Қара жәшік", яғни түсініксіз әлдебір нәрсені сатып алғалы жатқан жоқпыз. Сондықтан біз әлдебіреулердің айтқанына көніп, айдағанына жүре бермейміз. Тағы да қайталап айтқым келеді – бастапқы кодтар бізде болады. 

Біз платформаның толыққанды нұсқасы бар түрлі компаниялармен сөйлестік, бірақ бәрі де тек қана пакеттік шешімдерді ұсынуда, ал мұндай жағдайда біз шетелдік мамандарға тәуелді болып қалуымыз ықтимал. Бұған біз жол бере алмаймыз. Екіншіден, серверлер Қазақстанның жерінде және қорғалған контурларда сақталады. Бұл дегеніміз, оған ешкім, әсіресе шет мемлекеттер тіпті де қол жеткізе алмайды. Яғни біз Ұлттық ақпараттық қауіпсіздік талабына сай шетелдіктердің бұл процеске кірісуіне, соның ішінде техникалық сүйемелдеуіне жол бермейтініміз айдан анық. Үшіншіден, бұл іспен (конструктордың дайын құралдарымен жасау) тек қана Қазақстан азаматтары айналысады. Оның үстіне, мен бұл норманы барлық құжаттарда бекітуге дайынмын. Бұл – жобаға бөлініп жатқан қаражаттың негізгі бөлігі Қазақстанның экономикасына құйылады деген сөз және қазақстандық айтишылардың жалақасына жұмсалады. Төртіншіден, бұл жұмысқа отандық ІТ-компаниялар тартылады. Компаниялар, яғни нарықтағы бір-екі ірі компанияның монополиясы болмайды. Бесіншіден, жалпы ІТ-саланы дамыту, соның ішінде платформаны жетілдіру үшін біз жоғары білікті кадрларды дайындау қарқынын күшейту керекпіз. Алтыншыдан, біз алдағы іс-әрекеттерімізді ашық және жариялы етуге тиіспіз", – деді министр өзінің жазбасында. 

Ол қоғам қайраткерлерінің ұсынысын толықтай қолдап, цифрлық трансформация сияқты маңызды үрдістің барынша ашық жүргізілуін қамтамасыз ету үшін министрлік жанындағы қоғамдық кеңес құрамын кеңейту қажеттігімен келісетінін мәлімдеді. 

"Сарапшылардың бағасын алу үшін біз ІТ-бизнес өкілдері мен технологияны жете түсінетін мамандардан тұратын сараптамалық кеңес құрдық. Сондай-ақ бұл кеңестік құрамында белсенді қоғамның өкілі Мұхтар Тайжан да бар. Салмақты және орынды сын айтып жатқан қазақстандықтарға тағы да алғыс айтамын. Алдағы уақытта цифрландыру барысында қандай бір түсініспеушіліктің алдын алу үшін мұндай кездесулер көбейеді деген ойдамын. Ақпараттық вакуум біраз қисынсыз пікірлер туындатқанын мойындаймын, сондықтан біздің жұмыс жайлы жиі жазып тұруға уәде беремін!" – деп түйді ойын Бағдат Мусин. 

Қанат Махамбет 
 


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу