Бақтияр Артаев Кубокты қайтарды

2150

Әлем чемпионатының ашылу салтанатында Бақтияр Артаев AIBA президенті Умар Кремлевке Вэл Баркер кубогін қайтарды.

Бақтияр Артаев Кубокты қайтарды

Сербия астанасы Белградта бокстан ерлер арасындағы әлем чемпионатының ашылу салтанаты өтті. Сөйтіп бұл қалаға сонау 1978 жылдан кейін ауқымды турнир қайта оралды. Ал әлем чемпионатындағы тарихи алғашқы "алтынды" дәл осы жерде қазақстандық былғары қолғап шебері жеңіп алғанын атап өткен жөн. 43 жыл бұрын Алматы бокс мектебінің түлегі Валерий Рачков 67 келіге дейінгі салмақта үздіктердің үздігі атанған еді.

Биылғы әлем чемпионаты шын мәнінде қазірдің өзінде ауқымды нәтиже көрсетіп отыр. 13 салмақ дәрежесі бойынша 88 елден келген 500-ден астам спортшы тек чемпиондық атақ үшін ғана емес қомақты жүлде (100 000/50 000/25 000 АҚШ доллары) үшін сынға түседі. Сондықтан салтанатты іс-шара ауқымды жобаның жарқын бөлігіне айналды.

Ашылу салтанатының маңызды сәттерінің бірі Бақтияр Артаевтың AIBA президенті Умар Кремлевке Вэл Баркер кубогын табыстауы болды. Естеріңізге сала кетейік, 2004 жылы Олимпиада ойындарының отаны Афинада (Грекия) жерлесіміз алтын медаль ғана емес, осы аты аңызға айналған кубокты жеңіп алған болатын. Дәстүр бойынша, ол боксшының есімі, ойындар өтетін жылы мен орны жазылған 4 жылда бір рет жаңа иесіне беріліп отыратын, салмақ дәрежесіне қарамастан, техникалық тұрғыдан ең үздік боксшыға беріледі. Артаев, бұрынғы чемпиондар сияқты, 1936 жылғы Вэл Баркер кубогының түпнұсқасын алды. Осы уақыт ішінде құрметті кубок біздің елде болды.

"Бүгін мен Сербия астанасына арнайы мақсатпен, бокстың тарихи маңызды кубогі – Вэл Баркер кубогін AIBA-ға тапсыру үшін келдім. Мен әрбір боксшы бұрынғы жеңімпаздар сияқты ұмытылмас эмоцияларды бастан кешіру үшін Вэл Баркер кубогінің түпнұсқасын табыстау дәстүрін қайта көргім келеді. Қазақстандық бокс үшін Вэл Баркер кубогі ерекше спорттық трофей болып табылады. Өйткені біздің боксшылар тәуелсіз жас Республикамыздың 30 жылында үш рет Олимпиада рингінде техникалық тұрғыдан ең үздік өнер көрсетті және бұл кубок әрқашан тек мұражайда сақталады. Мұның барлығы қазақстандық бокс мектебінің жоғары деңгейі мен бай дәстүрінің көрсеткіші. Мен бұл бастаманы қолдағаны үшін, сондай-ақ біздің боксшыларға көрсеткен көмегі үшін Қазақстан бокс федерациясының басшылығы мен оның президенті Кеңес Рақышевтың атынан алғысымды білдіремін", – деді өз сөзінде ҚБФ-ның вице-президенті және Қазақстан ұлттық құрамасының бапкері Бақтияр Артаев.

Содан кейін спортшылар шеруі өтті. Еліміздің көк туын көтеру құрметі Қазақстан ұлттық құрамасының капитаны Абылайхан Жүсіповке берілді. Сондай-ақ тарихта тұңғыш рет "Әділ мүмкіндік" командасының боксшысы AIBA туымен салтанатты түрде жүріп өтті. Спортшылардың бұл тобының өкілдері қақтығыстарға байланысты бір кездері өз елдерінен кетуге мәжбүр болды.

"Бұл чемпионат ерекше болмақ. Біз жеке және бірге бастан өткерген жағдайлардың бәріне қарамастан, бұрынғыдан да мықтымыз. Біз бұл күшті сіздерді алда күтіп тұрған сыйақылар мен медальдардан көреміз. Біз бұл күшті AIBA-ға енгізілген өзгерістерден көреміз", – деді өз сөзінде AIBA президенті Умар Кремлев.

Сондай-ақ Сербия бокс федерациясының президенті Ненад Боровчанин, Жастар және Спорт министрі Ваня Удович, AIBA елшісі және бокстың аты аңызға айналған кіші Рой Джонс, Халықаралық бокс қауымдастығының басқа да бірнеше елшілері сөз сөйледі. 25 қазанда гонг дыбысы естілетін "Штарк Аренаны" түні бойы бірқатар көркем қойылымдар жарыққа бөледі.

Бокс жанкүйерлері әлем чемпионатын тікелей эфирде тамашалай алады. Көрсетілімді Qazsport телеарнасы ұйымдастырады. Күндізгі сессия Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 17:00-де, кешкі сессия 22:00-де басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу