Бақыт Сұлтанов жаңа ұлттық компанияға ие болды

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
4564

"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының орнына басқа ұйым құрылады.

Бақыт Сұлтанов жаңа ұлттық компанияға ие болды

2017 жылы дүниежүзілік көрме аяқталғаннан кейін оны ұйымдастыру және өткізу үшін құрылған компанияның ары қарай жұмыс жасауы орынсыз, абсурд көрінген. 
Енді атқарушы билік ұлттық компания атауын жыл көрсеткішінен арылтуға ұйғарды. 
Үкімет "Астана ЭКСПО-2017" акционерлік қоғамының атауын QazExpoCongress деп өзгерту туралы шешім қабылдады. 
Сонымен бірге, жаңа ұйым жақында ғана, 2019 жылғы маусымда пайда болған, Бақыт Сұлтанов басшылық ететін Сауда және интеграция министрлігінің құзырына көшпек. 
"Қазақстан Үкіметі "Мемлекеттік мүлік туралы" заңының 11-бабының 4) тармақшасына сәйкес қаулы етеді: біріншіден, "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы" АҚ-ы "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы" АҚ-ы болып қайта аталсын. Екіншіден, "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы" АҚ-ы акцияларының мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқығы 100% мөлшерінде Сауда және интеграция министрлігіне берілсін", – делінген Үкімет қаулысының жобасында. 
Құжатта Бақыт Тұрлыханұлының өзі "QazExpoCongress" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамының директорлар кеңесіне сайланатыны хабарланады. 
Айта кету керек, әзірге "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы Ұлттық экономика министрлігіне қарайды.
Бірақ жақында Руслан Дәленов басқаратын осы ведомствоға қарайтын кәсіпорындар қатарынан бұл компания жойылатын болады. 
Жаңа ұлттық компанияның бірінші басшылары Премьер-министрдің ұсынуы немесе онымен келісімі бойынша ғана қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.
"ҚазЭкспоКонгресс" төл қызметінің жаңа тұжырымдамасы бекітілгенге дейін "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясы қазір атқарып жатқан жұмыстарды ары қарай жалғастырумен айналысады деп күтілуде. Яғни, жаһандық көрме орнында қалған ғимараттар мен дүние-мүлікке иелік етеді. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу