"Баимская" кен орны байыта ма

"KAZ Minerals" Чукот өңірінен кеніш сатып алмақшы.

"Баимская" кен орны байыта ма

KAZ Minerals Ресейдің Чукот автономиялы округіндегі "Баимская" мыс жобасын сатып алу жөнінде келісім жасағанын мәлімдеді.

900 млн АҚШ долларын құрап отырған жобаға компания әуелі 675 млн доллар бастапқы ақы, кейін қалған 225 млн долларды береді.

"Баимская"  – ашық типтегі игерілмеген ірі мыс алаңдарының бірі. Кен қоры 9,5 млн тонна мыс деп бағаланған. Кендегі мыстың үлесі 0,43%. Оның әр тоннасынан 0,23 грамм алтын алынады деген болжам бар. Бұл – 9,5 млн тонна кеннен 16,5 млн унция алтын игеріледі деген сөз. 

Алғашқы 10 жылда бұл жерден 250 мың тонна мыс, 400 мың унция алтын алу жоспарланған. Қалған кенді 15 жылдың ішінде игеру көзделген. Яғни Чукот өңірінде KAZ Minerals тобы кемінде 25 жыл жұмыс істемек. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін дайындаған Fluor инженерлік компаниясы кенішті игерудің шығыны 5,5 млрд қаржы қажет деп отыр.

""Баимская"  жобасын сатып алу KAZ Minerals-тың транформациясындағы маңызды қадам. Ресейдегі жаңа жобаны игеру бізге саладағы көшбасшылығымызды нықтай түсуге мүмкіндік береді. Біз "Баимская" кенішін игере бастаған кезде әлемдік нарықта мыс тапшылығы пайда болады деген болжам бар. Қазақстандағы Бозшакөл мен Ақтоғай сияқты жобаларды сәтті іске қосудың арқасында біз үлкен тәжірибе жинақтадық, сондықтан болуы ықтимал жағдайдан қорықпаймыз", – дейді KAZ Minerals тобы директорлар кеңесінің төрағасы Олег Новачук.

Екіжақты мәміледе сатушы тарап жобаны игерудің күрделі шығынын қаржыландыруға қатыспайтынын айтқан. Яғни алғашқы кезеңде төленетін ақының 239 млн доллары осы шығындарға жұмсалады. Ақшалай аударым 436 млн доллар көлемінде болады.

Өз кезегінде Ресей көлік және энергетика инфрақұрылымын салуға, федералды салық жеңілдігін ұсынуға және Певек портынан жыл бойы навигация ұсынуға әзір екендерін айтып отыр.

Халықаралық cарапшылар мыс нарығында ұсыныс азайып келе жатқанын алға тартуда. 2020 жылдан бастап сұраныс пен ұсыныстың балансы алшақтап, дефицит қалыптасатын көрінеді. 

"2012 жылы жаңа мыс кеніштерін игеруге 32 млрд АҚШ доллары жұмсалса, 2017 жылы көрсеткіш 12 млрд-қа дейін азайды. Бұл өзгеріс мыс тапшылығын туғызды", – деп мәлімделді KAZ Minerals-тың баспасөз қызметі таратқан  хабарламада.

KAZ Minerals-тың "Баимская" кен орнын сатып алу туралы шешімі Ресей үкіметінің "Қиыр Шығыс федералды округінің инфрақұрылымын дамыту" жоспарымен үйлесіп отыр. Жобаны құрылыс кезінде электр энергиясымен қамтамасыз етуге Ресей өз бюджетінен қаржы бөлгізбек.

"Баимская"  кенішінде өңделген мыс  концентраты тұтынушыларға 700 шақырымдағы Певек порты арқылы жеткізіледі. Портпен байланыстыратын жолды Ресей үкіметі салады. Ал KAZ Minerals құрылыс кезінде әуе қатынасын қамтамасыз етеді. Жобаның тағы бір артықшылығы  – тұщы су қолжетімді болады. Егер жоба "Озық қарқынды әлеуметтік-экономикалық даму аумағы" мәртебесіне ие болса, алғашқы бес жылда табыс салығынан босатылады. Одан кейінгі бес жылда жобаға табыс салығының төмендетілген мөлшерлемесі қолданылады. Қазір осыған қатысты құжат жиналып жатыр.  

Жобаның күрделі қаржылық шығыны 2018-2026 жылдар аралығында өтеледі. Оны қаржыландыруға  ресейлік, қытайлық және халықаралық несие берушілер тартылуы мүмкін.

Айтпақшы "Баимская"  кеніші лицензиясының заңды иесі – Aristus Holdings Limited компаниясының 100% еншілес компаниясы саналатын "Бамская ТКҚК" ААҚ. Сатушының негізгі бенефициар иелері – Роман Абрамович пен Александр Абрамов.

Есімжан Нақтыбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу