banner

Бай-бағыландарға арналған салық 2024 жылдан бастап енгізілмек

Жылжымайтын мүлікке салынатын салық мөлшері мүліктің санына немесе оның құнына байланысты болады.   

Бай-бағыландарға арналған салық 2024 жылдан бастап  енгізілмек Фото: yandex.kz

Сенат кулуарында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров журналистердің қымбат дүние-мүлік салығына қатысты сұрақтарына жауап берді, деп хабарлайды inbusiness.kz.  

"Қазір барлығын талқылап жатырмыз. Бізде әртүрлі ұсыныстар бар, соның ішінде жеке тұлғаның бірнеше жылжымайтын мүлкі болса, екі-үшуіне әдеттегі салықты төлейді. Бірақ егер одан көп болса, басқа салық төлейді дегендей әртүрлі нұсқаларды қарастырып жатырмыз. Мұнда салық не құны, не саны бойынша белгіленеді. Мұның бәрін әрі қарай да талқылаймыз", – деді министр.

Айтуынша бұл талқылаулардың ең белсенді кезеңі 2023 жылдың бірінші тоқсанына жоспарланған. 

"Қазір біз бұл норманы егжей-тегжейлі түсіндіріп жатырмыз. Жұмыс тобы тұтастай алғанда мүлдем жаңа Салық кодексін талқылаудың белсенді кезеңіне өтуде. Біз 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында мұны белсенді түрде талқылауды жоспарлап отырмыз", – деді Әлібек Қуантыров.

Министрдің сөзінше, бұл номаны енгізу тек осы салықты төлеуге қабілетті ауқатты адамдардың "қалтасына" әсер етеді. 

"Бұл оларға айтарлықтай салмақ салмайды. Жаңа салық негізінен қымбат көліктерге, басқа да сәнді заттарға, мүмкін антиквариатқа, жылжымайтын мүлікке және өзге де бағалы заттарға салынуы мүмкін", – деді ведомство басшысы.

Осы ретте министр алым 2024 жылдан бастап күшіне енетінін атап өтті. 

"Келесі жылы осы жаңа Салық кодексі бойынша белсенді жұмыс істейміз. Оны күзге дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Одан кейін оны Парламентке ұсынамыз. Норманың ары қарай қабылдануы Парламентке байланысты болады. Әлбетте, салық әлі талай талқыланады. Әзірге біз аталған салықты және жалпы жаңа Салық кодексін 2024 жылдан бастап енгізуді жоспарлап отырмыз", – деп түйіндеді министр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу