Коронавирустық инфекцияның салдарынан құлдырай бастаған мұнай бағасы жыл басынан бері ең төменгі көрсеткішке жетті. Демалыс күндері Brent маркалы "қара алтын" шамамен 30%-ға арзандап, бір баррелі 31 долларға саудаланды. Нәтижесінде аталған өзгерістер бірден валюта бағамына әсер етті. Қазақстан қор биржасындағы кешкі сауда қорытындысы бойынша теңге шамамен 3%-ға әлсіреп, 1 доллар үшін 394 теңгеге тұрақтады.
Бұл ретте сарапшы Расул Рысмамбетов үрейге беріліп ақша айырбастау пунктеріне барып, доллар сатып алудың қажеті жоғын айтады. Оның пікірінше валюта бағамы бүгін немесе ертең емес, жұма немесе келесі аптаға қарай тұрақталады.
"Егер 100 доллар немесе 1000 доллар сатып алсаңыз, бұл қауіпті емес. Ал 20-30 мың доллар айырбастасаңыз тәуекел жоғары. Тіпті шығынға батуыңыз мүмкін", – дейді қаржы кеңесшісі.
Әйтсе де, сарапшы қазіргі кезде халық ақша айырбастау пунктеріне ағыла қоймайды деп ойлайды. Расул Рысмамбетовтың сөзінше қарапайым адамдарда айтарлықтай көп қаржы жоқ.
"Меніңше, қазір Ұлттық банк пен Үкімет әлеуметтік ахуалды ретке келтіру үшін арнайы шаралар қабылдай бастайды. Өйткені теңге бағамының құбылуы импорттық тауарлар бағасына әсер етеді. Бұл халық сырттан келетін өнімдерге тәуелді болғандықтан, өте маңызды. Сонымен қатар халықта долларға айырбастайтындай көп ақша жоқ. Сондықтан шетел валютасына сұраныс күрт өсе қоймас", – дейді сарапшы.
Ал "DAMU Capital Management" ЖШС бас директоры Мұрат Қастаевтың пікірінше, сарапшылар болжамына қарамастан қор биржасындағы нәтиже жаман емес. Сонымен қатар ол Ұлттық банктің мұнай бағасы ретке келгенше, теңгені құлдыраудан сақтайтын қоры жеткілікті деп есептейді.
"Мен бизнес иелері мен халыққа байбалам салуға негіз жоқ екенін айтқым келеді. Қазақстан және Ресей қор биржасында сессиялар басталды. 450-500-600 теңге деген қорқынышты болжамдарға қарамастан, таңғы сауда 400 теңгеден төмен көрсеткішпен ашылды. Біздің ойымызша, Ұлттық банк нарыққа араласып отыр. Сонымен қатар көрші Ресей валютасы да құнсызданды. Дегенмен Ресейдің Лондондағы эмитеттерінің бағасы жоғарылады. Бұл көрші рубльге қолдау болды. Сондықтан бүгін барлығы тұрақты болады. Ал кешегі күн әлемдік нарықта "қара дүйсенбі" деген атпен қалды. Енді инвесторлар коронавирус туралы жағымды ақпараттар күтеді. Ал әлемдік нарық соңғы күндері болған жаңалықтарды саралай бастайды", – дейді сарапшы.
Сонымен қатар Мұрат Қастаев ұзақмерзімді болжам жасауға болмайтынын айтады. Сондықтан сарапшы алдағы аптадағы теңге бағамына байланысты ойымен бөлісіп:
"Сыртқы нарықтағы тұрақсыздық ұзақмерзімді болжамдар жасауға мүмкіндік бермей отыр. Ал ондай қадамдарға баратындар – жорамал жасайтындар. Сондықтан мен тек алдағы бірнеше апта туралы айта аламын. Осы аралықта доллар 405-420 теңге шамасында болады. Бұл көрсеткіш 380 теңге көрсеткішінен 5% ғана жоғары болғанымен, халық пен бизнес үшін психологиялық тұрғыдан әсер етеді. Ал әлемдік қор нарығы үшін бұл 5-20% көлемінде шығын", – дейді сарапшы.
Экономист Қасымхан Қаппаровтың сөзінше, валюта бағамы мұнай бағасының тұрақтануына байланысты құбылады. Сарапшының пікірінше, қара алтын бағасы баррелі үшін 25-30 долларға төмендеп қайта көтерілсе, бұл аса қауіпті емес. Бағаның 35-40 доллар көрсеткішінде бірнеше ай бойы қалып қоюы қауіпті.
"Барлық мәселе шикізат бағасының құлдырауы қанша уақытқа созылатынында. Егер мұнай бағасы қазіргі деңгейде қалса, Ұлттық банкке сыртқы жағдайларға теңгені бейімдеуге тура келеді. Онда девальвация болды. Әдетте, реттеуші 20% деңгейінде девальвация жасайды. Онда бір доллар 500 теңге көрсеткішіне тұрақтайды. 2014 жылы реттеуші 10 ай бойы доллар бағамын қалыпты деңгейде ұстап тұрды. Бұл жолы қорымыз 3 айға ғана жетеді. Қазақстанның алтын-валюта қоры екі бөліктен тұрады. Оның бірі – 9,5 млрд доллар еркін айналымдағы валюта. Ал екіншісі шамамен 19 млрд доллар - алтынмен сақталған қор. 9,5 млрд доллар бұл айтарлықтай көп қаржы емес. Ол тек үш айға жетеді", – дейді экономист.
Құралай Құдайберген