Құрама Штаттар жастықты мадақтағанымен, онда миллиондаған америкалық, соның ішінде президенттер - дәстүрлі зейнеткерлік жас, 65-тен асқаннан кейін де жұмыс істер жүр. Бұл мәселенің өзектілігі 2024 жылғы президенттік сайлау қарсаңында тіпті артып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Рональд Рейган Ақ үйден кеткенде 77 жаста еді. Ал, 20 қарашада 80-ге толатын президент Джо Байден тағы да жеңіске жетсе, екінші төртжылдық мерзімі аяқталғанда 86-ға келеді екен. Оның республикашыл потенциалдық қарсыласы Дональд Трамп 2024 жылы билікке оралса, бір мерзімі тәмамдалғанда 82 жаста болады.
Қоғам ретінде Америка Құрама Штаттары қартайып барады және оның азаматтары әбден егде тартқанша жұмыс істейді. Мұнда жас 65-тегілер мен одан асқандар саны 2018 жылы 52 миллионға жетсе, 2060 жылға қарай 95 миллионға жуықтап, екі есеге дейін артпақ. Ал, 2026 жылға қарай 65 жастан асқан әрбір төртінші ер адам әлі жұмыстан қол үзбейді деген болжам бар.
Дегенмен, бүгінде кейбір америкалықтарды 2024 жылы сайлауға түсуі ықтимал екі үміткердің қартайғаны алаңдатып отыр.
Сәрсенбі-бейсенбі күндері Reuters/Ipsos жүргізген сауалнама қорытындысына сәйкес, демократтардың 71 пайызы Байденді "ақыл-ойы өткір және қиындықтарды жеңе алады" деп сипаттаса, 46 пайызы оның 2024 жылы сайлауға түсе алмауы мүмкін екенін айтқан. Республикашылдардың төрттен бірі, яғни 26 пайызы Трамп жасына байланысты 2024 жылы бақ сынамайды деген ойда.
Осы сауалнаманың өзге бір нәтижесіне жүгінсек, америкалықтардың 86 пайызы президент ретінде қызмет етушінің жасы 75-тен аспауы керек деп санайды.
Байденнің анда-санда сөзден шатасуы мен тікелей эфир кезінде сценарийден ауытқу әдетін республикашыл сыншылар президенттік пост үшін тым қартайғанның дәлелі ретінде қабылдап отыр. Дегенмен, демократтардың сөзінше, Байден балалық шағындағы кекештігін жеңіп, ондаған жылдар бойы көпшілік алдында қағазға қарамай сөз сөйлеп келеді.
Байденнің екінші мерзімге сайлану перспективасы осы аптада демократтар Конгресс пен губернаторлық посттарға өткен аралық сайлауда күткендегіден әлдеқайда жақсы нәтиже көрсеткенде күшейе түсті.
Ақ үй Байденнің 80 жылдық мерейтойы қарсаңында оның жасына қатысты туындаған сұрақтарға президенттің соңғы кездегі рекордтары жауап береді дейді.
"2019 жылдан бері ол Америка тарихында ең көп дауыс жинады, жұмыс орындарын құруда бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізді, ірі корпорацияларды әділ салық төлеуге мәжбүр етті, Medicare-ге дәрі-дәрмектің бағасын төмендету бойынша келіссөздер жүргізуге мүмкіндік берді және соңғы 30 жылдағы ең маңызды қару реформасына қол қойды. Бұған қоса, Байден инфрақұрылымға 1950 жылдардан бергі ең үлкен инвестиция салды. Бұның бәрі - Линдон Джонсоннан кейін ешқандай президент жасамаған табысты заңнамалық рекорд", - дейді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Эндрю Бейтс.
Қазіргі биліктің кейбір жақтаушылары демократтардың бүгінгі әкімшілік тұсындағы табыстарына таңданатындарын айтқанымен, Байденнің келесі мерзімге қалу перспективасына алаңдап жүргендер бар.
"Менің ойымша, Байден уақытында керемет жұмыс істеді. Дегенмен, мен 80-нен асқан адамның президент болғанын қаламас едім", - дейді Иллинойс тұрғыны Пол Кленк "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.
Өзге біреулердің пікірінше, Байденнің жасын сынау – оны кемсітумен тең. Аталған агенттік тілшісімен болған әңгімеде Нью-Йорк қаласының тұрғыны, 86 жастағы Кэтрин Стимпсон: "Кейбір адамдар тіпті 60 жаста саяси билікке жақындамауы керек. Ал, бүгінгі президент жайлы сатира мен мысқылдау – эйджизмге жатады. Біз ең алдымен адамның тұлғалық қасиетіне мән беруіміз керек", – деген ой айтты
Жақында MSNBC телеарнасына берген сұхбатында Байденге туған күні туралы сұрақ қойылды. Сонда мемлекет басшысы 50 жастан асқан кейбір адамдар тәрізді жасын айтқысы келмейтінін мәлімдеді. Дегенмен, сол әңгімеде Байден екінші мерзімге сайлану ниетін жасырмаған.
Қартайған Америка, қартайған лидерлер
Pew Research мәліметі бойынша, қазір кетіп бара жатқан Конгресс - АҚШ тарихындағы ең кәрісі. Мұндағы Өкілдер палатасы депутаттарының жартысынан көбі және сенаттың үштен екі бөлігі 1946 - 1964 жылдар аралығында дүниеге келген "Baby Boomer" ұрпағынан екен.
Олардың кейбірінің жастары Байденмен, Трампмен шамалас. Өкілдер палатасының спикері Нэнси Пелоси 82-де. Сенаттағы Республикалық партия жетекшісі Митч МакКоннелл - 80 жаста. Ал, Айова штатының республикашыл сенаторы Чак Грассли 89 жасында тағы алтыжылдық мерзімге сайланып отыр.
Америкалықтардың бәріне бірдей бұл жағдай ұнайды деу қиын. Сауалнамаға қатысқан адамдардың үштен екісі федералдық лауазым иелерінің, соның ішінде президенттің, Конгресс мүшелерінің, Жоғарғы сот судьяларының жас шектеуі туралы идеяны қолдайды, деп хабарлайды Reuters.
Дегенмен, Байден Камерунның 89 жастағы президенті Пол Бия, Данияның 82 жастағы патшайымы Маргрете енген әлемдегі ең қарт лидерлер тізімінде тіпті алғашқы ондыққа да кірмейді. .
"Басқа қоғамдарда ақсақалдардың даналығы мен басшылығына жүгінудің өз себебі бар. Мәселен, қарттарда кадеге жарайтынай тәжірибе болады", - дейді Стэнфорд университетінің ұзақ өмір жөніндегі орталығының тең директоры Дебора Кадо.
Кадо мен өзге сарапшылардың ойынша, Байден өз міндеттерін орындай алмайтынын әзірге байқатқан жоқ.
Чикагодағы Иллинойс университетінің қартаю жөніндегі сарапшысы Стюарт Джей Ольшанскийдің айтуынша, Байден өзінен ондаған жасқа кіші адамдардың ақыл-ой қабілеттеріне ие "супер-қарт" америкалықтар санатына кіруі мүмкін. Ольшанский саяси мақсатта адамның жасын қаруға айналдыру доғарылуы керек деп есептейді.