Джо Байден Құрама Штаттардың ғаламдық сахнада қайтадан көш бастауға дайын екенін мәлімдеп, республикалық президент Дональд Трамптың "Ең алдымен Америка" деген саясатынан бас тартатынын аңғартты. Мемлекеттің болашақ лидері "Америка оралады" деген ұстанымын жариялай отырып, Вашингтонның одақтастарымен бұрынғыдай ынтымақтаса жұмыс істеуге уәде берді.
Сонымен қатар, өзінің сыртқы саясат пен ұлттық қауіпсіздік жөніндегі командасын таныстырып, бұрынғы демократиялық вице-президент 20 қаңтарда қызметіне кіріскеннен кейін, Трамптың халықаралық аренадағы біржақты ұлтшылдыққа негізделген іс-әрекеттерін доғаратынын ескертті.
Өткен төрт жылда Трамп АҚШ-тың Еуропадағы және әлемнің өзге аймақтарындағы көптеген одақтастынан бар тартып, НАТО-мен тайталасып, сауда қатынастарын қайта қарап, халықаралық келісімдерден шығып, авторитарлық лидерлермен байланысты жақсартты.
Мемлекеттік хатшы лауазымына өзінің сенімді көмекшісі Энтони Блинкенді таңдаған Байден халықаралық қатынастардағы "ескіше ойлау мен өзгермейтін әдеттерден" арылу қажеттігін де атап өтті.
"Бұл команда – оралатын Американың көрінісі. Ол әлемнен тайқымай, оған жетекшілік етуге дайын. Біз қарсыластарға қарсы тұрып, одақтастардан бас тартпай, құндылықтарымызды қорғауға да әзірміз", – дейді Байден өзінің туған қаласы Вилмингтонда сөйлеген сөзінде.
Демократтар билік етпеген соңғы төрт жылда әлем қатты өзгерді. Қытай көтеріліп, қаһарланып келе жатса, Ресей дүниежүзілік ықпалын қайта күшейтуге талпынып отыр. Америка болса, түрлі келісімдерден шығып, үстемдігін әлсіретіп, өз ішіндегі дүрбелеңдерден моральдық беделін жоғалта бастады.
Енді Байденнің тұсында АҚШ-тың сыртқы саясаты көпжақтылық пен дипломатияға көбірек жүгініп, Вашингтонның басты одақтастарымен байланыстары қалпына келтіріліп, Құрама Штаттар климаттың өзгеруімен күреске қайта оралады деген үміт бар.
Бұған қоса Байден өзге елдермен бұрынғыша одақтастуға уәде беріп отыр. Солардың ішінде Азия-Тынық мұхит аймағындағы мемлекеттер бар. Айта кетсек, кейінгі жылдары әлемнің екі экономикалық державасы – АҚШ пен Қытайдың қатынастары нашарлап барады. Олардың арасындағы тайталасты "қырғи-қабақ соғыс" жылдарындағы жағдайға теңейтіндер бар.
Әсіресе, Трамп билігінің соңғы жылында Вашингтон Қытайға жиі шабуылдарымен ерекшеленді. Тараптар Бейжіңнің пандемиямен күресі, Гонконгтағы бостандықтың нашарлауы, Оңтүстік-Қытай теңізіндегі территориялық проблемалар жөнінде көп дауласты.
Байден командасында әйелдер мен өзге нәсілділер бар
Трамп сайлаудың нәтижесіне күмән келтіріп, дауыстарды қайта санатып, бюллетень ұрланды деп соттасып жатқанда, Байден өз командасын жинап үлгерді. Оның сөзінше, бұл ұжым Трамп әкімшілігімен ұлттық қауіпсіздік, коронавирус пандемиясы, вакцина тарату мәселелері бойынша ынтымақтастық орната бастады. Себебі Трамп дүйсенбі күні билікті тапсыруға келісім беріп, жеңілгенін мойындауға сыңай танытты.
Сыншылардың ойынша, Ақ үй басшысының сайлау қорытындысын қабылдамауы жаңа әкімшіліктің өршіп келе жатқан пандемиямен күресіне кедергі жасап отыр. АҚШ-та "ковид" кесірінен 260 мыңға жуық адам қайтыс болып, миллиондаған америкалық жұмыстан айрылды.
Трамп кабинетінде негізінен ер адам және ақ нәсілділер қызмет етсе, Байденнің командасында бірнеше әйел мен қара нәсілділер бар. Ал, болашақ мемлекеттік хатшы Блинкен сайланған президентпен 20 жылдай байланыста болған.
Заңгер Алехандро Майоркас ішкі істер министрлігін басқаруы мүмкін. Ардагер дипломат Линда Томас-Гринфильд болса, АҚШ-тың БҰҰ-дағы елшісі қызметіне ұсынылып отыр.
Барак Обама әкімшілігінде жұмыс істеген Джейк Салливан ұлттық қауіпсіздік кеңесшілігіне, Орталық барлау басқармасы директорының бұрынғы орынбасары Аврил Хейнс Ұлттық барлау агенттігінің директорлығына, бұрынғы мемлекеттік хатшы Джон Керри климаттың өзгеруі жөніндегі арнайы елші қызметіне тағайындалмақ. Керри мен Салливанның лауазымдары Сенаттың растауын қажет етпейді.
Дегенмен, Арканзастан сайланған республикалық сенатор Том Коттонның ойынша, Байден өз айналасына Қытайға позициясы жұмсақтау адамдарды жинап жатыр.
Сенат демекші, оның қай партияның қарамағына өтетіні қаңтардың 5-інде Джорджия штатында өтетін дауыс беру процедуралары нәтижесінде белгілі болады. Ал, Конгрестің төменгі палатасы қарашаның 3-інде демократтардың қарамағына өткені белгілі.
Айта кетсек, соңғы екі штат – Пенсильвания мен Невадада Байденнің жеңіске жеткені сейсенбі күні расталды. Оларды бюллетеньдерді қайта санауға мәжбүр еткен Трамп 2024 жылы президенттік сайлауға кандидат ретінда қатысу мәселесін талқылауға кірісті. Ол "Алғыс айту" күні қарсаңында күрке тауыққа рақымшылық жариялай отырып, АҚШ-ты "Ең алдымен Америка" саясатынан бас тартпауға шақырды.
Арыс Әділбекұлы
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!